Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылорда-Жезқазған» жолы: Сырбойылықтардың Сарыарқаға баруы барынша жеңілдейді

07.11.2024, 11:20 179

«Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолы. «Жол қадірін жүрген біледі» десек, дәл осы жолды басып өтуге мәжбүр болғандардың мұң-қайғысын, шер-нала­сын тізбектеуге көп уақыт кетері сөзсіз. Жол деуге келмейтін, селк-селк, селт-селт етіп, бүйрек пен ұнжырғаны түсіретін, отыз жылдан бері жыр болып келе жатқан нысанның бүгінгі жай-күйі қалай? Бұл сұраққа ҚР Көлік министр­лігінің бастамасымен Автомобиль жолдары комитеті мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандары және «ҚазАвтоЖол» компаниясы бірлесіп ұйымдастырған «Сапа керуені» баспасөз турында жауап алдық. Иә, сүйіншілеуге  әлі  ерте.  Осы  күні  Қызылорда  облысы  аумағында  5 учаскеде 5 мердігер  жұмысын  жүргізуде, оның  бірі – қызылордалық «Қыран» ЖШС.

Қызылорда аумағындағы жол құрылысы 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.  Ал, Ұлытау облысы жобаны келесі  жылы  бастайды. Соны­мен  30 жыл жыр болған жол жайы шешімін табуы мүмкін. Жалпы көлемі 400 ша­қырымды құрайтын «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының аяқталу мерзімі 2027 жыл деп көрсетілген. Сол кезде ғана қуануға болады. Жауапты мекем­елер жол сапасына қатты мән беретінін, әйтпесе 5 жылға дейін жолдан ақау анықталса, мердігер мекеме өз қаржысынан жөндеп беретінін айтады. Әрі қазіргі  күні жол сапасын тексеретін мекеме де, жаңа технология да көп.

«Мердігерлер белгіленген мерзімде толық аяқтауға тырысады» дейді жауаптылар. Сондай-ақ, жол ашылса, барлық саланың дамуына мұрындық  болатынын  жеткізді.

ҚР Көлік министрлігі Авто­мобильдер жолдары комитеті Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов БАҚ өкілдерінің бірнеше сұрағына жауап берді.

– Осы күні «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының Қызыл­орда облысы бойынша 192 шақырымы реконс­трукциядан өтуде. Жылдың соңына дейін 140 шақырымында жол қозғалысын ашатын боламыз. Жалпы, жобаның аяқталу маусымы Қызыл­орда облысында 2025 жыл деп жоспарланған. Сонымен қатар, осы жобада мердігер компаниялар жолды абаттандыру, асфальт төсеу, т.б. жұмыстарын да жүргізеді. Құрылыс жұмыстарына 700-ден аса адам, 400-дей техника жұмылдырылған. Жобаны Қызыл­орда облысы бо­йынша толық аяқтаймыз. Ары қарайғы бөлігі, яғни «Қызыл­орда-Жезқазған» авто­мобиль жолы жобасының 208 шақырымы Ұлытау облы­сы бойынша реконструкциясы келесі жылы басталатын болады. Қазіргі кезде мердігер мекемелер анықталып, 8 учаскеге бөлініп, дайындық жұмыстарын бастады. Әсіресе, топырақ карьерлерін анықтау, айналма жолдардың құрылысы, құжаттарды рәсімдеу сияқты мердігерлердің жолға дайындығы  жүргізілуде, – дейді  ол.

Қызылорда облысы бойынша 5 мердігер мекеме жол жұмысына атсалы­сып жатыр. Күрежол да тиісінше 5 учаскеге бөлінген. Қазір соның үшеуінде негізгі жұмыстар аяқталған. Мердігерлердің 4-еуі – қытайлық компания, біреуі – жергілікті  «Қыран»  ЖШС.

«Қыран» ЖШС – жол құрылысы саласында тәжірибесі жеткілікті, мердігерлердің ішіндегі жалғыз қазақ­стандық, керек десеңіз жергі­лікті  компания.

– Бізге тиесілі жол ұзындығы – 29 шақырым. 2022 жылы сәуір айында жұмыс басталды. Қазіргі күні үш қабатты асфальт толық төселді. Жол белгілерін қою, жолақтар сызу, жарықшамдар орнату жұмыстары аяқталды. Жолаушыларға арналған демалыс аймағы салынып жатыр. Жыл аяғына дейін толығымен пайдалануға береміз. Осы жұмысты атқаруға 150-ден астам жұмысшы, 90 техника тарттық, – дейді «Қыран»  ЖШС жоба жетекшісі Есентай Өмірзақов.

Қытайлық «Лонжиань» көпір және жол салу компаниясының қызмет­кері Маржан Канарова – жол саласындағы санаулы нәзікжан­дының бірі. Ол өз жұмысы жайлы былайша  ақпарат  берді.

– Мен қазақ және қытай әріп­тес­тердің арасында көпір ретінде аудармашы болып қызмет атқарамын. Бізде вахталық қалашық болмағандықтан, оны өзіміз жасадық. Біздің компания Қазақстанға алғаш рет келіп отыр, сондықтан қытай азаматтарына Қазақстанның мәдениетін, жол салу жұмысын түсіндіруге бейімделу өтті. Қазір біздің барлық қызметкеріміз жобаны жұмыла атқаруда. Әрине, жол саласында материалдарды тасу, болмаса ұйымдастыру жұмыстарында қиыншылықтар туындауы мүмкін, бірақ  мұны  артта  қалдырдық.

Жалпы, компанияда 160-қа жуық қызметкер жұмыс істеп жатыр, оның 25-і – Қытай азаматы, қалғаны – қазақтандықтар. Оның 80-85 пайы­зын  қызылордалықтар   құрайды, – деді  ол.

Облыс шекарасынан бастап Қызылорда бағытына қарай 90 шақырым тақтайдай тегіс жол көлік қозғалысы үшін ашылған. Қазір тек жол таңбаларын сызу мен белгілерін орнату жұмыстары қарқынды жүруде.

– Біздің  саладағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Сегіз жыл жабылып қалып, былтыр қайтадан ашылған жол құрылысы маманын еліміздегі 8 ғана  жоғары  оқу  орны  дайындап  жатыр. Осы мамандыққа 800 мемлекеттік білім гранты бөлінгенмен, небәрі 40 студент ғана құжат тапсырды. Бұл – төрт жылдан кейін 40 инженер ғана диплом алып шығады деген сөз. Біз қанша жерден жол салып, бітірсек те, оны арнайы мамансыз күтіп-ұстау мүмкін емес. Жастарды салаға тарту қиын болғандықтан, шетелден адам алдыруға мәжбүрміз. Жолшылардың жалақысы жоғары. Бірақ нега­тив пікір көп болғандықтан, ешкім келгісі келмейді, – деді министрлік  өкілі  Нұртілек  Хасенов.

Сондай-ақ, ол жол саласында тағы бір мәселенің шетін шығара кетті. Ол – жолаушыларда тазалық мәдениетінің қалыптаспауы. Яғни, жол жиегінен жылына емес, күніне қаншама тонналап қоқыс шығатынын  жеткізді.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолының сапалы салынуын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандары да  бақы­лау­да ұстайды. Мәселен, 2024 жылы жылжымалы зертханамен қайта жаңғыртудан  өтіп  жатқан жолға 1028 рет тексеру жүргізілген. Жол жа­бындысы мен құрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынып, соның 20 пайызы (857) зертханалық зерделеу барысында талапқа сай шықпаған. Анықталған олқылықтарды мердігерлер өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтіріп, 167,1 миллион теңгенің жұмы­сын  жүргізген.

– Бұл республикалық маңызы бар автожол – мемлекет басшысының тікелей назарында. ҚР Көлік министрі де үнемі бақылауында ұстап отыр. Қандай да бір ақау анықталса, мердігер компания дер кезінде кемшілікті жойып, талапқа сай жұмыс істейді. Ал қазір салынған 3 учаскедегі жолдың тегістігіне келетін болсақ, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Яғни, бұл – өте жақсы деген көрсеткіш. Және тағы бір айта кету керек, жолды салғаннан кейін де мердігерлерге 5 жылға де­йін кепілдік мерзімі қаралған. Демек, жолдың кейбір жері сыр беріп жатса, өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтіретін болады, – деді «Жол актвитері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Баспасөз туры барысында жолаушылардың да пікірін білдік. Аталған жолмен жиі-жиі қатынайтын көлік тізгіншісі жол сапасына дән риза. Алғысын қайта-қайта  жаудырумен  болды.

– Жезқазған жақтан келе жатып, Қызылорда аумағындағы жолмен жүрудегі айырмашылық аспан мен жердей болып тұр. Шыны керек, жолдың сапасы жақсы. Бұрын Астанадан Қызылордаға дейін жету мұң еді, жолдың қандай екенін осы аралықта жүргендердің бәрі біледі. Сондықтан, жолды салып жатқандарға да, бастамашы болған азаматтарға да алғыс айтамын, – дейді көлік жүргізу­шісі Серік Райымбеков.

Жалпы, жыл аяғына дейін «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 140 шақырымында көліктерге қозғалыс беріледі деп күтілуде. Осылайша, сағымға айналған Сыр өңірі мен Сары­арқаны байланыстыратын жолдың жайын бір бақылап, бағамдап қайттық. Әрине, жол толық біткен жоқ. Әлеуметтік желілерде сын да айтылуы, жазылуы бек мүмкін.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Суретті  түсірген 

Нұрболат  Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: