Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысындағы қаржы жүйесінің нарықтық жағдайы

09.04.2026, 16:05 53

HALYQLINE.KZ

Тұтыну бағаларының индексі

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің ақпаратына сәйкес, 2026 жылдың ақпан айында республика бойынша инфляция 1,1%-ды (аймақ бойынша – 0,9%) құрады. Инфляция құрылымында азық-түлік тауарларының бағасы 1,3%-ға (аймақ бойынша – 1,1%), азық-түлік емес тауарларға – 0,9%-ға (аймақ бойынша – 1,0%) өсті, ал ақылы қызметтерге 1,0%-ды (аймақ бойынша – 0,5%) құрады.

Жылдық инфляция 11,7%-ды (аймақ бойынша – 11,8%) құрады. Инфляция құрылымында азық-түлік тауарларының бағасы 12,7%-ға (аймақ бойынша – 13,5%), азық-түлік емес тауарларға – 11,6%-ға (аймақ бойынша – 11,6%) және ақылы қызметтерге 10,8%-ға (аймақ бойынша – 9,8%) өсті.

Банк секторы

2026 жылдың 1 наурыз деңгейіне Қызылорда облысы аумағында 11 екінші деңгейлі банктің филиалдары және 1 «Қазпошта» АҚ филиалы, 2 уәкілетті ұйым, 5 микроқаржы ұйымы, 8 несие серіктестігі, 2 ломбард қызмет атқарды.

Айырбастау пункттердің жалпы саны – 50, оның 36-сы – екінші деңгейдегі банк филиалы, 12-сі – «Қазпошта» АҚ филиалының және 2 уәкілетті ұйымның айырбастау пункттері.

Банктегі депозиттер

2026 жылдың 1 наурыз деңгейіне облыстағы депозиттердің жалпы мөлшері (ағымдағы шоттарды қоспағанда) 2025 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға өсіп, 454,3 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың салымдары 28,4%-ға азайып, 81,0 млрд теңгені құрады. Жеке тұлғалардың салымдары 22,4%-ға өсіп, 373,3 млрд теңгені құрады.

Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 22,2%-ға өсіп, 410,7 млрд теңгені құраса, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2025 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,7%-ға азайып, 43,6 млрд теңгені құрады. Теңгедегі депозиттер үлесі – 90,4%, шетел валютасындағы депозиттер үлесі – 9,6%.

2026 жылдың ақпан айында ұлттық валютадағы депозиттердің сыйақы мөлшері – 12,7% (2025 ж. ақпан айында – 11,2%), ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1,1% (2025 ж. ақпан айында – 1,5%) құрады.

Банк секторының несиелері

2026 жылдың 1 наурыз деңгейіне банк секторының жалпы экономиканы несиелеу көлемі (жалпы қарыз) 891,1 млрд теңгені құрады (2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға өскен).

Жеке тұлғалардың несиелері бойынша қарыз 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға артып, 820,9 млрд теңгені құрады, заңды тұлғалардың несиелері 10,9%-ға өсіп, 70,2 млрд теңгені құрады.

Қысқамерзімді несиелердің көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға өсіп, 56,8 млрд теңгені құрады. Ұзақмерзімді несиелердің көлемі 11,7%-ға артып, 834,3 млрд теңгеге дейін өсті.

Банк секторының тұтынушылық мақсатындағы несиелері бойынша қарыз көлемі 15,4%-ға өсіп, 539,4 млрд теңгені (жалпы қарыздан үлес салмағы – 60,5%-ды) құрады.

Банк секторының ипотекалық несиелері бойынша қарыз 20,7%-ға өсіп, 100,4 млрд теңгені (жалпы қарыздан үлес салмағы – 11,3%-ды) құрады.

2026 жылдың қаңтар-ақпан айында банк секторының берілген несие көлемі 106,8 млрд теңгені құрады (2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға төмендеген).

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің несиелендіру бойынша қарызы 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,9%-ға өсіп, 208,0 млрд теңгені құрады. Жалпы қарыздан үлес салмағы – 23,3%.

2026 жылдың қаңтар-ақпан айында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер көлемі 28,5 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,9%-ға өскен.

Банк секторының несиелері бойынша мерзімі өткен берешектер 1,7 есеге өсіп, 52,0 млрд теңгені құрады. Жалпы қарыздан несиелер бойынша мерзімі өткен берешектердің үлесі 5,8%-ды құрады.

Тұтынушылық мақсатындағы несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер 39,2 млрд теңгені құрап, 1,8 есеге өскен. Мерзімі өткен ипотекалық берешектер 3,3%-ға азайып, 0,2 млрд теңгені құрады. Жалпы мерзімі өткен берешектерден ипотекалық мерзімі өткен берекшектердің үлес салмағы – 0,5%.

2026 жылдың ақпан айында берілген несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшері – 22,4%-ды (2025ж. ақпан – 20,3%), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие бойынша 26,6%-ды (26,3%), тұтынушылық мақсатында – 20,3%-ды (19,0%), ипотекалық несиеге 9,1%-ды (9,6%) құрады.

Нақты шетел валютасының нарығы

2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қызылорда облысы бойынша айырбастау пункттері қолма-қол 15,3 млн АҚШ долларын сатып, 4,8 млн АҚШ долларын сатып алды. 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда АҚШ долларын сату көлемі 11,5%-ға, АҚШ долларын сатып алу көлемі 6,7%-ға төмендеген.

АҚШ долларын сатудың/сатып алудың орташа бағамы 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында АҚШ доллары үшін 505,69/499,51 теңгені құрады (2025 жылдың сәйкес кезеңінде – 518,31/512,41 теңге).

2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда еуроны сату көлемі 48,2%-ға (398,6 мың еуроға дейін), сатып алу көлемі 5,3%-ға (165,3 мың еуроға дейін) төмендеді. Еуроны сатудың/сатып алудың орташа бағамы еуро үшін 595,88/588,48 теңгені құрады (2025 жылдың осы кезеңінде – 536,49/532,06 теңге).

Ресей рублін сату бойынша операциялар көлемі 0,2%-ға (33,0 млн рубльге дейін) төмендеп, ал сатып алу көлемі 1,1%-ға (67,0 млн рубльге дейін) өскен. Рубльді сатудың/сатып алудың орташа бағамы 6,64/6,08 теңгені құрады (2025 жылдың осы кезеңінде – 5,53/4,93 теңге).

Қытай юандарын сату көлемі 8,3%-ға (45,5 мың юаньға дейін) төмендеп, сатып алу көлемі 5,6 есеге (42,2 мың юаньға дейін) өскен. Юань сатудың/сатып алудың орташа бағамы 76,21/69,25 теңгені құрады (2025 жылдың осы кезеңінде – 74,46/67,17 теңге).

Төлем карточкалары

2026 жылдың 1 наурыз деңгейіне Қызылорда облысында айналымдағы төлем карточкалары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға өсіп, 3 272,9 мың бірлікті құрады.

Облыс бойынша төлем карточкаларына қызмет көрсету инфрақұрылымы жайлы жалпы көрініс: POS-терминалдар саны – 34 961,0 бірлік (-14,4%), банкоматтар – 422,0 бірлік (+7,4%), кәсіпкерлердің саны – 28 557,0 бірлік (+3,8%). Төлем жүргізу үшін карточкамен қабылдайтын сауда кәсіпорындарының саны 33 061,0 бірлікке дейін артты (-1,1%).

2026 жылдың қаңтар-ақпан айы бойынша төлем карточкаларын қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдер саны 56 050,9 мың транзакциялардың (2025 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға өскен) көлемі 507,7 млрд теңгені құрады (3,8%-ға өскен).

2026 жылдың қаңтар-ақпан айында Қызылорда облысы бойынша қолма-қол ақша алу операциялары 8,4%-ға азайып, 1 184,4 мың транзакцияның көлемін көрсетті. 7,4%-ға азайып, 100,5 млрд теңгені құрады.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: