Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылыс қарқынды жүріп жатыр

05.02.2024, 10:25 254

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетовтің ұсынған жобалары талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен аймақ басшысы өткен жылдың қорытындысына тоқталды, жұмыс қарқынына, салалардың беталысына баға берді.

«Жаңақорған ауданының өсу динамикасы тұрақты сақталып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 60,5 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатының 98,9%-ы игерілген, 261,1 млн теңге мемлекеттік сатып алудан үнемделген. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд теңге болса, 2023 жылы 3,8 млрд теңгеге өскен. Бұл көрсеткіш алда әлі де ауқымды жұмыстар бар екенін байқатады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жаңақорған ауданының 2024 жылғы бюджеті 16,1 млрд теңге болып бекітілді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен – 5,4 млрд., облыстық бюджеттен – 1,2 млрд., субвенция – 4,9 млрд., ауданның өз кірісі – 3,8 млрд. теңге.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдараламасы аясында 884 млн теңгеге 2 жоба жоспарланған. Олар – Келінтөбе ауылдық округіндегі спорт кешені және Екпінді ауылдық округіндегі 100 орындық клуб құрылысы. Мұнан бөлек, 1,7 млрд теңгеге «Руханият орталығын» салу жоспарланған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес Әбдіғаппар және Бесарық ауылдарында дәрігерлік амбулатория бой көтереді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық және Жаңарық елді мекеніндегі 300 орындық мектептер жыл аяғына дейін табысталады. Байкенже ауылында құны 842,7 млн теңге болатын 150 орындық мектеп биыл пайдалануға берілмек. Кентте 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде.

Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсектік ауылдық аурухана құрылысы салынуда. Республикалық бюджеттен бөлінген 216,1 млн теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтарына 17 пәтер сатып алынатын болады.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшыларының жобалар, олардың тиімділігі, қажеттілігі туралы ой-пікірлері тыңдалды. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартатын жобаларға қатысты айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, алдағы жұмыс бағытын белгілеуге негіз болмақ.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы аудандағы коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту және қоғамдық көліктерді көбейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін ескертті. Жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу үшін түнгі рейдтерді күшейтіп, ата-аналарға заң аясында түсіндірме жүргізу тапсырылды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: