Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау ауылдық округіне газ қосу рәсіміне қатысты. Жыл қорытындыланатын кезде көл-көсір қуанышқа кенелген ауыл тұрғындарын құттықтап, өңір инфрақұрылымын өркендетуде табысты іске асқан жобалар туралы айтты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Облыстың газдандырылған елді мекендерінің аумағы ұлғайып келеді. Қазір барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 24 елді мекен табиғи газ пайдаланады. Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізілуде. Күні кеше Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы 5 елді мекенге қосылды. Мамыр айында Қызылорда қаласының Ақсуат ауылдық округі газдандырылды. Ал, бүгіннен бастап Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көрмек. Келер жылға қаралған 4 млрд теңгеге тағы 12 елді мекенді газбен қамтамасыз етеміз. 2024 жылдың соңында газдандыру деңгейі 78 пайызға жетеді. «Көгілдір отынның» келуімен ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіндегі кейбір қиындықтар артта қалады деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындарын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен Қосшыңырау ауылдық округінің ардагері Әлихан Смайлов құттықтады.
Іс-шара қонақтары Берік Әбуовтің үйіне табиғи газ қосу сәтіне куә болды. Айта кетейік, осы ауылдық округті газдандыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 662,7 млнтеңге бөлінді, мердігер мекеме – «РемСтрой» ЖШС.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!