Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қойнауы қазыналы, қадамы қарышты

14.09.2023, 11:00 570

HALYQLINE.KZ

Ауыл-аймақ

Халқымыздың әйгілі үш биінің бірі Әйтекені, Жалаңтөс Баһадүр мен Жанқожаны өмірге әкелген қасиетті топырақ Қазалы ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Сөзге шешен, шаруаға бекем жұрттың хал-ахуалын білмекке аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өңіріміздің бірнеше БАҚ өкілі арнайы сапарлап қайтты.

Қазалы ауданы облыстың батыс бөлігінде орналасқан. Мұнда егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы, сондай-ақ кәсіпкерлік бағыты жақсы дамыған. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ауданның макроэкономикалық көрсеткіші жақсы деңгейде келеді. Өндіріс көлемі 15,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 100,2 пайызға артқан. Ал, өңдеу өнеркәсібі 13,3 млрд теңгенің өнімін шығарып, өткен жылмен салыстырғанда 100,7 пайыздық көрсеткішті көрсетіп тұр. Кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік байқалады. Қазіргі кезде «екінші Түркістан» атанған ауданда 6762 кәсіпкер тіркелсе, соның 6512-сі тұрақты жұмыс істеп отыр. Яғни, олардың белсенділігі 95,6 пайыз шамасында.

Журналистер әуелі Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніне табан тигізді. Мұнда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бас мердігер «Аман-Құрылыс» ЖШС-ның қызметкері, амбулатория құрылысының басшысы Қуанышбек Мамановтың айтуынша, құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылған.     

Мұнда 15 адам жұмыс істеп жатырмыз. Бір жарым айдай уақыт болып қалды. Жұмысшылар – осы Абай ауылының тұрғындары. Жалақымызды уақытылы алып отырмыз. Қажетті материалмен толық қамтылған. Көріп тұрғаныңыздай, қыш өру жұмысы есік-терезелердің төбесіне келіп қалды. Құдай қаласа, белдігін (сисмапояс) құямыз да, плиталарын саламыз, – деді ол.

Ауыл тұрғындары мен емхана қызметкерлерінің жаңа амбулаторияның салынып жатқанына қуанып жүргенін байқамау мүмкін емес. Себебі, 15 жыл бұрын тұрғындардың араласуымен асарлатып салынған   емхана науқастармен жұмыс істеуге қолайсыз, әрі ескіріп келе жатыр. Аға мейіркеш Гүлнәр Орынбасарқызы «Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны «Абай» дәрігерлік амбулаториясының қазіргі жай-күйімен таныстырды.

– Қазір амбулаториямызда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі, 1 дәрігер, 1 фельдшер, 7 мейіркеш, 4 техникалық қызметкер  және балаларға екпе салу,  ем-шара жасау, әйелдер және дәрігердің қарау кабинеті бар. Әзірге маман тапшылығы сезілмейді. Емхананың тарлығына байланысты арнайы лабаратория кабинеті жоқ. Дегенмен, лаборантымыз бар. Жаңа емханада осы секілді кабинет жетіспеушілігі болмайды. Емдеу аппараттарымен жабдықталады деп естіп жатырмыз. Дәл қазіргі есеп бойынша ауылымызда 56 науқас тіркеуде тұр. Оның 7-еуі бала болса, 5 адам І топтағы мүгедектігі бойынша есепке алынған. Ашылғалы тұрған жаңа емдеу мекемесін ұзақ күттік. Ел ағаларына алғыс айтамыз, – дейді аға мейіркеш.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 25 орындық дәрігерлік амбулатория Абай ауылымен қатар Бозкөл және Кәукей ауылдарында да салынуда. Бұларға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар Кәукейде 100 орындық клуб салынуда. Ол қазан айында пайдалануға беріледі.

Сарыкөл ауылдық округінде (Абай және Жұбан елді мекенін қоса алғанда) 232 үй, 1415 тұрғын бар. Халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы мен бақша өнімдерін егу. Абай ауылына тіркелген «Әл-Тайыр» шаруа қожалығы «Боркөз» деп аталатын мекенге 40 гектар бақша өнімдерін егіп, қазір Арал ауданы мен Төретам кентіне өнімдерін сатуда. Олар қауын, қарбыз және картоп егеді. Аталған шаруаны бір ізге түсіріп, онымен тұрақты түрде айналысып келеді. Бұрын аудан орталығына қатынау үшін қалқымалы көпірмен жүретін тұрғындар айналма жолдың жөнделуіне байланысты күн райына қарай Әйтеке би кентіне еркін қатынай алады. Сондықтан, бақша өнімдерін саудаға шығару мен басқа да қажеттілік  жағы еш қиындық туғызбайды.

Ауылды абаттандыруға байланысты орталық саябақ салынып жатыр. Қазір оның сырты қоршалып, қақпасы орнатылуда. Ішіне түрлі іс-шара өткізетін сахна орналастырылады. Округ бойынша 58 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Олардың 32-сі шаруа қожалығы болса, қалғаны – жеке кәсіпкерлер. Кәсіпкерлер түрлі  мемлекеттік гранттық бағдарламаға қатысып, кейбірі 50-60 млн теңгеге дейін несие алып, жұмысын одан әрі жандандырады, – дейді Сарыкөл ауылдық окугінің бас маманы Алпысбай Қожахметов. 

Осы ауылдың байырғы тұрғыны Махмұд Сексенбай ақсақал оң өзгерістерге көңілі толатынын айты.

– Абайда 200-ге тарта үй, 600-дей халық, 250-ге жуық мектеп жасындағы бала бар. Асарлап салған емханамыз ескіріп еді, жаңасын салып жатыр. Саябаққа сән келтіруде. Газ да тартылып жатыр. Игі бастамаларды көріп, көңіліміздің марқайып жүрген жайы бар, – деді ол. 

2022 жылы Қазалы ауданы бойынша 3 елді мекен және Қазалы қаласы газ желісіне қосылған. Елді мекендерді газдандыру жобасына 343 млн теңге қаржы есептелген. Қазіргі кезде аталған қаржының 41,153 млн теңгесі бөлініп, газдандыру жобасы іске асырылып жатыр. 15 шақырымға жететін газ құбырының (жерге көметін полиэтилен құбыры) 6 шақырымы қазылып, газ құбыры төселуде. Қазалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев  ауылдағы барлық үй мен 8 әлеуметтік нысан жыл соңына дейін газдандырылатынын жеткізді. 

Газдандыру жобасына пайдаланатын материалдың 80 пайызын өз қаржымызға әкеліп қойдық. 2 жер қазатын техникамыз, 1 жүк тасушы манипуляторымыз және «УАЗ» көлігіміз бар. Дәл қазір 14 жұмысшы жұмыс істеуде. Ертең газ құбырын тастап болғаннан кейін бетон жұмысы басталады. Сол кезде  жұмыс күшін көбейтеміз. Жер сулы болғандықтан газ құбыры төселгеннен кейін оны геотекстильмен қаптаймыз. Оны су көтерлгенде газ желілері қимылдамай орнында жатып әрі құбыр ішіне ылғал өтпеу үшін қолданады. Осы жұмыстарға шамамен 35 мың квадрат геотекстиль кетеді, – дейді  «Рим-Строй» мекемесінің жауапты маманы Тұрмағамбет Бекмұратов.

– Қазалы ауданында 80 мыңға жуық халық тұрады.  Қазір осы халықтың 62 пайызы атап айтқанда, Әйтеке би кенті, Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдары және Қазалы қаласы «көгілдір отынмен» қамтылған.

Биыл Сарыкөл ауылдық округінің Абай елді мекеніне газ тартып жатырмыз. Келесі жылы Абайға «көгілдір отын» кіргіземіз деп отырмыз. Алдағы уақытта Ақтан батыр ауылына демеуші тарта отырып газдандыруды бастаймыз. Сонымен қатар, жерлесіміз, қазіргі Шымкент қаласының тұрғыны 5 ауылға магистральды газ құбырының сметалық жобасын жасап берді.  Құны – 3,8 млрд теңге, – дедіНұрбек Күзембаев 

Абай ауылының жері өте құнарлы дейді тұрғындар. Әр ауладан жеміс-жидектің бірнеше түрі өсіп тұрғанын байқадық. Мұндағы 15 отбасы ауылдан сыртқары шығып, бақша өнімдерін егумен тұрақты түрде айналысады екен. Біздің жолымыз Нұрлан Қоянбаевтың егістігіне түсті.

– Бес кісі бірігіп 4 гектар жерге қауын, қарбыз, асқабақ және картоп өнімдерін егеміз. Қауынның бірнеше түрі бар. «Ерінбеген етікші болады» дегендей, бау-бақша кәсібімен айналысып келе жатқанымызға 4-5 жыл болды. Бала-шағамызды осы кәсіппен асырап отырмыз. Өнімдеріміз дәрі қолданылмай, жердің күшімен шыққаннан кейін өтімі де жақсы. Мысалы, базардағы көлемі үлкен қарбызды жарып көрсең, еті (қызылы) тарам-тарам болып, арасында бос кеңістік тұрады. Ал, біздің қарбыздың көлемі шағындау. Есесіне еті тығыз орналасқан. Дәмі де тамаша.  Мұндай сапалы бақша өнімінің дәмін татқан да, татпаған да бар. Өнімдерімізді бақшаның басынан алып кетіп жатыр. Жерді 1 рет суғарғанда 100 литр солярка кетеді. Биылғы маусымда 12 рет суғарыппыз. Шығынсыз бақша егілмейді.  Жұмысымызды сәуір айында бастап, қазанда аяқтаймыз, – дейді бағбан.  

Қазалы ауданында атқарылып жатқан игі істер өте көп. Алайда, кейбір компаниялар жауапкершілікті сезіне алмай, салдары жергілікті әкімдікке тиіп кеткен жайлар да бар. Мысалы, Әйтеке би кентіндегі «SCS инжиниринг»  компаниясы салып жатқан 250 орындық мектептің құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде басталған. Компанияның жауапсыздығынан сағызша созылған мектептің құрылысы  әлі жүріп жатыр. Аталған компанияның өкілі білім ошағы қазан айында пайдалануға беріледі деп сендірді. Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев мектептің ендігі жұмысын түгел бақылауда ұстайтынын жеткізді.  

Жаңадан салынып жатқан 250 орындық мектептің орнында бұрын ескісі болған. Ол апатты жағдайда деп танылғаннан кейін 2013 жылдан бастап оқушылар кенттің ішіндегі 250 орындық  №170 мектеп пен №266 мектеп-лицейіне көшірілді. Осы уақыт аралығында халықтың мектепке сұранысы едәуір артты. Автобус қатынағанымен жолдың қашықтығы оқушыларға, әсіресе бастауыш сыныпта оқитындарға қиындық туғызып келді.  Кешігіп болса да осы сұранысты қанағаттандыруға жақындап қалдық. Мердігер компания қазан айының басында пайдалануға береміз деп  уәдесін берді.  Қазір ауданымызда бір ғана (1200 орындық №249 мектеп – авт.) екі ауысымды мектеп бар. Мектептің білім сапасына байланысты осындай жағдай туындады. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында  Жанқожа батыр ауылында 300 орындық бір мектеп, Әйтеке би кентінде 600 орындық бір мектеп салынады. Сөйтіп, екі ауысымды мектептен құтыламыз, – деді Жалғас Оңғарұлы.

Аудан әкімінің орынбасары Жанқожа батыр ауылындағы мектепті «Асар» ЖШС  құрылыс компаниясы салатынын жеткізді. Біздің «Асар» да «SCS инжиниринг» компаниясының ісін қайталап, мектепті кешіктірмей  ме?» деген сұрағымызға: «Асар» ЖШС – бұған дейін көптеген әлеуметтік нысан салып жүрген жауапкершілігі бар үлкен мекеме. Сондықтан, біз осындай жауапкершілігі жоғары компаниялармен жұмыс істегенді қалаймыз» деген жауап алдық.

Бір айта кетерлігі, заң бойынша тапсырысты орындаушы компания келесі тендерге қатысқанда алдыңғы жіберген кешігудің зардабын тартпайды. Яғни, тендер кезінде еліміздегі «SCS инжиниринг» секілді ондаған компанияның жұмысын дер шағында атқармаған кезі есепке алынбай,  техникалық әлеуеті ескеріледі екен. 

 Өңірде кәсіпкерлер саны жыл өткен сайын артып келеді. Қазіргі кезде күріш, балық өнімдерімен қатар қамыс та эспортқа шығарылуда. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Ирак, Тәжікстан, Монғолия мемлекеттеріне күріш экспортталса, Ресей мен Қытай балық өнімдерін импорттайды. Сондай-ақ, Еуропаға Сыр бойында көп өсетін жабайы өсімдік қамыс  жөнелтілуде. Қамысты кәсіп көзіне айналдырған Венера Таймақбаева бұл сала көзін тапқан адамға мол мүмкіндік береді дейді.

2021 жылы пандемия кезінде бастаған кәсібімізге 3 жылдай уақыт болды. Бізде негізінен маусымдық жұмысшылар жұмыс істейді. Қыстың күні жердің басында шөп шапса, жазда жиналған шөпті баулайды. Заңды түрде 10 жұмысшы тіркелді. Маусымдық жұмыс кезінде 300 адамға дейін жалдамалы жұмысшы тартылады.

Биылғы жылы Еуропаға жіберген қамыс 100 фурадан асты. Жылдың аяғына дейін 150-ге жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Әр фурадағы қамыстың салмағы 12 тоннаға дейін жетеді. Қамыстың сапасы өте жақсы. Түркия, Украина секілді елдердің қамысы біздікінен анағұрлым сапасыз. Еуропада біздің қамысты көбіне үйдің төбесін жабуға, үй салуға пайдаланады екен. Кезінде біздің аталарымыз да қамыстан (каркастан) үй салған. Біздің пайдаланып жүрген гипсакартон, левкас, эмульсиялар адам денсаулығына өте зиян. Еуропа соны түсініп, табиғи өнімдерді пайдалануға көшіп жатыр.

Қамыстан ДСП, фаннер, био отын, қағаз шығаруға болады. Био отыннан электр энергиясы мен жылу энергиясы өндіріледі. Сонда қарап отырсақ, қамыстан қалдықсыз өнім шығады екен. Мұндай өнімдерді шығару үшін менде жер болу керек. Әзірге маған үлкен көлемдегі жерді ешкім беріп жатқан жоқ. Сондықтан қамысты тұрғындардан сатып алып, баулатып, шетелге жөнелтіп отырмыз. Болашақта  шағын болса да Кәукейге энергия көзін беретін бір өндіріс орнын ашуды жоспарлап отырмын, – деді кәсіпкер.

Әйтеке би кентінде жол салу жұмысы қызу жүріп жатыр. Кенттің 14 көшесі асфальтталып, 24 көшесіне қиыршық тас төселуде. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен ауданда атқарылып жатқан өзге де жұмыстар туралы сұрадық.  

Өткен жылы ауданымыздағы жолдың қанағаттанарлық деңгейі 82,5 пайызды құраса, биыл соны 85 пайызға жеткізуге күш салып жатырмыз. Яғни, 3,1 млрд теңгеге 51 шақырым жол жөнделуде. Оның  ішінде 3 ірі жоба – аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу, бір жолды қайта жаңғыртудан өткізу және бір көпірде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, елді мекенішілік жолды жақсарту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентінен 14 көше асфальтталып, 24 көшеге қиыршық тас төселуде. Шалғайдағы Алға ауылдық окугінде 6 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр осы ауылға баратын 10 шақырым жол жөндеуден өтіп, қосымша «Шлюзарық» каналы тазаланып, оған қосымша қондырғылар қойылған болатын. Кешегі судың тапшылығында істелген жұмыс егіске көп септігін тигізді. Биыл мамыр айында аталған округте спорт кешені пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі.

Мұхтар Әуесұлы «Ауыл аманаты» аясындағы тың жобалар, өндіріс бағыты, кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру секілді атқарылған жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ, Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуының маңыздылығын, оның Сырдарияны жағалай қоныстанған елге тиімділігін айтты.

Қазір кәсіпкерлеріміз қолдан өнім шығаруға бейімделді. Жақында азаматтарымыз қайтарымсыз грант алып, сабын шығаруды қолға алды. Бұрын Қазалының кәмпиті бренд болса, енді оған Қазалының сабыны қосылды. Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің 242 жобасы қаржыландырылды. Қайтарымсыз грант есебінде  500,80 млн теңге несие алып, кәсіпкерлігін  жалғастырып жатыр. Құрылысқа 9,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның басым бөлігі – жеке қаражаттан. Бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді. Бірнеше әлеуметтік нысан бой көтеріп қалды, жыл соңына қарай пайдалануға беріледі. Оның ішінде Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп бар. Халықтың аузында жүрген 600 орындық мәдениет үйі биыл ашылады.  Бұлардан бөлек, мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының  қолдауымен  көпбалалы, тұрмыс жағдайы ауыр, кезекте тұрған 50 отбасыға пәтер салып жатырмыз.  Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Оған көбінесе жергілікті материал қолданылуда. Қазан айында аталған 50 отбасы қоныстойын тойлайды деп жоспарлап отырмыз.

Жылдың басында аймақ басшысы елді мекендерді тұрақты электрмен қамтамасыз етуге тапсырма берген болатын. Осы орайда біздің 319 млн теңгелік жобамыз республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Аудан орталығында 48 мың тұрғын бар. Сол себепті кешке қарай электр жарығы азайып кетеді. Қазір осы мәселені трансформаторлардың көмегі арқылы шешуді қарастырып жатырмыз.

Ауданымыздағы 40 елді мекеннің 4-еуі орталықтандырған су жүйесіне қосылмай, шалғайда қалып отыр. Былтыр Ақжона мен Түктібаев ауылына ауызсу апардық. Енді аталған 4 ауылға автаномды су сервисін қою мақсатында сметалық жобасын жасап,  келесі жылы бұл мәселені шешуге тырысамыз.

Ауданда жер кезегінде тұрған азаматтар өте көп. Соларға арнап Мұратбаев ауылынан республикалық бюджеттен  инфрақұрылым жасап жатырмыз. Яғни, көшелерге  газ, су, жол және электр жарығы тартылады. Жер көлемін қосымша 60 гектарға ұлғайттық. Алдағы уақытта бұл бағытта жер телімін табыстау үшін ауқымды жұмыс атқарылады. Қазір Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының ортасындағы аумақты игеру үшін 600 гектар жерге сметалық жоба құжатын ұсындық. Сонда келешекте 2700-ден астам жер телімі халыққа табысталады, – деді аудан әкімі.

Қазалы ауданындағы сапар барысында атқарылып жатқан жұмыстың көпшілігін көзбен көрдік. Тұрғындарды әңгімеге тартып, көрмегенді сұрап, көңілдері тоқ екенін білдік.

Жасұлан  АСҚАРҰЛЫ,

Қызылорда – Қазалы – Қызылорда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: