Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы көтерілді

07.02.2025, 18:50 170

HALYQLINE.KZ

Энергетика министрлігінің 2025 жылғы 29 қаңтардағы №45-н/қ бұйрығына сәйкес, республика бойынша сұйытылған мұнай газының (СМГ) бағасы көтерілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте айтты. Жиын барысында газ бағасының өсу себептері, өңірге бөлінген газ көлемі, жанар-жағармай қоры және бағаның тұрақтандырылуы бойынша атқарылып жатқан шаралар сөз болды.

Жаңа түзетулерге сәйкес, Қызылорда облысында газ бағасы 1 литр үшін 90 теңге, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 95 теңге болып белгіленді. Бұл өткен бағамен салыстырғанда 28%-ға өсуді білдіреді. Бағаның көтерілуінің негізгі себебі – жалпы республика бойынша сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемінің артуы. Егер 2022 жылы Қазақстанда 1,8 млн тонна газ пайдаланылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,4 млн тоннаға жетті. Қызылорда облысында да газбен жүретін автокөліктер саны күрт өсті. 2022 жылы 7 290 автокөлік тіркелсе, 2024 жылы олардың саны 35 690-ға дейін көбейген, яғни 5 есеге артқан.

Сонымен қатар, сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 63-65 мың теңгені құрайды. Ал өндіруші зауыттар үшін белгіленген шекті көтерме баға тоннасына 51 932 теңге деңгейінде қалып отыр. Бұл өндірушілерге жыл сайынғы жөндеу және жаңғырту жұмыстарына қажетті қаражат жинауға мүмкіндік бермейді, – дейді Ардақ Темірханұлы.

Әкімдік тарапынан қабылданған шаралар

Қызылорда облысы әкімдігі газ бағасының күрт өсуін тежеу мақсатында газ операторларымен бірнеше рет кездесулер өткізіп, қолайлы келісімге келгенін айтады. Қаңтар айында алынған газ қалдығы ескі бағамен сатылды, нәтижесінде газ құю бекеттерінде баға 65-75 теңге аралығында сақталды. Алайда, ақпан айының алғашқы күндерінен бастап республика бойынша газ жаңа бағамен сатылуда.

Осыған қарамастан, операторлар облыс орталығында газ бағасын 85 теңгеден, ал аудандарда 90 теңгеден сатуға ұсыныс білдірді. Ақпан айына Қызылорда облысына министрлік тарапынан 7 300 тонна газ бөлінді. Сонымен қатар, қосымша 2 000 тонна газ жеткізу жоспарда бар. Оның ішінде 1 008 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан, ал 1 000 тоннасы «Қазгермұнай» компаниясынан әкелінеді.

Жанар-жағармай нарығындағы жағдай

Жанар-жағармайдың сату бағасы мемлекеттік реттеуден шығарылғанымен, қазіргі таңда операторлар оны 2024 жылғы деңгейде ұстап отыр. АИ-92 бензині – 205 теңге, дизель отыны – 295 теңге. Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, ақпанның 15-інен бастап АИ-92 және дизель отынының бағасы 2-4 теңгеге өсуі мүмкін.

Қазіргі таңда облыста АИ-92 маркалы бензиннің 9 мың тоннаға жуық (35 күндік), АИ-95 бензинінің 1 000 тонна және дизель отынының 8 мың тоннаға жуық қоры (32 күндік) бар. Сондай-ақ, газ құю бекеттерінде 900 тонна сұйытылған мұнай газының қалдығы сақталған. Қосымша 648 тонна газ Атырау қаласынан жөнелтілуде, ал «Қазгермұнай» компаниясы операторларға күнделікті 200 тонна газ жеткізуде. Қызылорда облысы әкімі орынбасарының айтуынша, әкімдік бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және отынмен үздіксіз жабдықтау мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Газбен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып, өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жалғасуда.

Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Коллаж: arnapress.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: