Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда кедейлер көбейіп бара ма?

11.03.2021, 12:30 395

Коллаж  aikyn.kz  сайтынан  алынды.

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген атам қазақ данагөй ғой. Шыны керек, қазір әлем елдерінің ешқайсысы «бестік» баға алып отырған жоқ. Бірінің экономикасы құлдырап жатса, екіншісінде саяси ахуал күрделеніп, үшіншісінің алдынан трансшекаралық мәселе көлденең тұр, келесісінде әлеуметтік жағдай қиындап жатыр. Оның үстіне бір ғана «командамен» бүкіл елді «дірілдетіп» отырған коронавирус инфекциясы тағы бар. Сонымен айтайын дегеніміз, осындай қиын жағдайда тапқан-таянғанын талғажау етіп отырған әлеуметтік азшылық топтары көптеп саналатын елдердегі кедей халықтың жай-күйі. «UNISEF» дүниежүзілік қорының мәліметінше, «COVID-19» пандемиясына дейінгі талдау әлемде 356 миллионнан астам баланың кедейшілікте өмір сүріп жатқандығын көрсеткен. Яғни, бұл әрбір алтыншы бала осы күйде тірлік кешуге мәжбүр. Бір жылдан аса уақыттан бері бұл статистиканың өсуі әбден мүмкін, өйткені жұмыссыздық, халықтың денсаулық көрсеткішінің төмендеуі секілді әлеуметтік проблемалар әлі де есіктен сығалап тұр.

Осыдан бес жыл бұрын әлемдегі 736  миллион  кедей  халықтың  370  миллионға  жуығы – тек бес елдің азаматтары. Олар – Үндістан, Нигерия, Конго, Эфиопия және Бангладеш. Сондай-ақ, Оңтүстік Азия мен Сахараның оңтүстігіндегі Африканың ең көп шоғырланған елдері әлем кедейлерінің 85 пайызын құрайды екен. 2030 жылға қарай әлем елдері теңгеге шаққанда 798 теңгеден (1,90 доллар) төмен ақшаға өмір сүретін кедейшілікті азайтып, ғаламдық мақсатқа жету үшін ұмтылып жатыр. Ал 18 млн халқы  бар  Қазақстандағы  жағдай  қандай?

Қазақстанда кедейшілікті күнкөрістің ең төменгі деңгейі арқылы есептейді. Бұл сома  2021 жылы 34302 теңгені құрап отыр. Яғни, тапқан табысы сол шаманың 70 пайызынан төмен, яки табысы 24 мың 11 теңгеден төмен халық кедейлік кепшігін арқалағандар санатына жатады. ҚР Статистика комитетінің 2020 жылдың ІІІ тоқсанындағы мәліметінше, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың 11,2 пайызы Түркістан, 8,3 пайызы Солтүстік Қазақстан, 7,2 пайызы Жамбыл, 7 пайызы Қызылорда, 6,4 пайызы Шығыс Қазақстан облыстарында қоныстанған. Дүниежүзілік банктің ақпаратына сүйенсек,  2020 жылы кедейшілік шегінде өмір сүретін халық саны Қазақстанда  12,7 пайызға өсіп, кедейлер қатары 2 миллионнан асып жығылады.

Қосымша дереккөз болсын, бір одақтың астында отырған Ресей елінде күнкөрістің ең төменгі деңгейі теңгеге шаққанда 66 мың, ал бізде соның жартысы ғана десек қателеспейміз. Одан қалды пандемияға байланысты елдегі жұмыссыздар мен табысы тұрақсыз азаматтар қатары тағы да өсті. Оған шағын және орта кәсіптің уақытша тоқтап қалуын қосыңыз. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де растаған еді. Ресми статистика өткен жылдың басында 442,4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, жыл аяқталамын дегенше бұл көрсеткіш 453 мың адамға артқан. Бұл – ресми мәлімет. Дегенмен, Дүниежүзілік банк Қазақстанды төмен табысты емес, орташа табысты елдер қатарына қосқан. Өйткені, бізде  1,90 доллардан төмен табыс табатындар жоқтың қасы.

Әлемдік сарапшылардың жасаған болжамдарына сенсек, Үндістан мен Бангладештегі кедейлік 2030 жылға қарай жойылады. Ал Нигерия, Конго мен Эфиопияда мәселенің шешімі әзір тарқатылмайтынға ұқсайды.  «Global Finance» ақпарат агенттігінің 2020 жылы жасаған табысы төмен елдер рейтингінде Қазақстан 57-орында тұр.

Қазіргі нарық жағдайына байланысты азық-түліктің қымбаттауы, тұтыну көлемінің артуы, табыс деңгейінің жеткіліксіздігі мен өзге де әлеуметтік мәселелердің көбеюі халықты осы тығырыққа әкеліп тіреп тұрғаны анық. Бұл туралы әлеуметтанушы Ш.Солтанбекова «Корреспондент» басылымына берген сұхбатында да айтқан.

– Азық-түлік отбасы бюджетінің 70 пайызын алатын болса, оның да құны аспандап тұр. Айлық табыс пен азық-түлік бағасы бір-біріне сәйкес келмейді. Соның кесірінен тұрғындар тарта тамақтанып, дәруменге толы көкөніс пен жемісті сирек тұтынатын болған. Бұл халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Әрі қарай да осылай жалғаса берсе, елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы қысқаруы ғажап емес. Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесі еңбек табысын арттыру мен өзіне көмек көрсетуге жеткілікті бағытталмаған. Халыққа әлеуметтік көмек беру мәселесі бойынша түрлі мемлекеттік органдар жұмысы дұрыс үйлестірілмеген. Әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда органдар жоғарыға сандық көрсеткіштерге толтырып, әдемілеп есеп беруді ғана көздейді. Ал шын мәнінде адамдар өмірінің деңгейін жақсарту ешкімнің ойына кіріп шықпайды, – дейді әлеуметтанушы.

Өркениетке қадам басып, цифрлық дамуға ұмтылған Қазақстандағы ахуал туралы әлеуметтанушылар мен экономистер аз айтып жүрген жоқ. Әсіресе, қаладан жырақта жатқан елді мекендер мен ауылдық жерлердегі халық санаулы қызмет түрімен ғана қамтылып, қалған бөлігі жұмыссыздардың қатарын толықтырып  отыр. Бұл дегеніңіз – кедейшілікке апаратын жолдағы табыстың жоқтығы, әлеуметтік бөліністің бастауы, адами капиталдың құлдырауы. Ал адами құндылық дамымаған жерде өркениетке есік те жабық, бағыт та жоқ. Ресми мәліметтердегі кедейлік пен күнкөрістің төмен шегінде отырған халықтың саны жыл сайын өсіп отырғанын көріп, осылай ой түюге мәжбүр болдық.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Тақырыпқа  тұздық

Бірде Кедейлік пен Байлық бір кісіге келіп:

– Екеуміздің қайсысымыз тартымдымыз? – деп сұрапты.

Бұл сұрақтан әлгі кісі абыржып ойға шомса керек. «Кедейлікті тартым­дырақ десем, Байлық ашуланып маған қолын бір-ақ сіл­тейді, ал Байлықты тартымды дейін десем,  Кедейлікті  ренжітіп алам, ол сосын менің зығырымды шығарады  ғой» – деп аз-кем ойланып, былай  депті:

– Екеуің тап осылай қатарласып тік тұрғанда мен ештеңе айта алмаймын. Қане, жүріс-тұрыстарыңды көрейін, бір  айналып  өтіңдерші.

Кедейлік пен Байлық ерсілі-қарсылы жүре бастапты. Оларға қарап тұрып әлгі  кісі:

– Кедейлік сен кетіп бара жатқанда, ту сыртыңнан қарас­ам, қандай тамашасың. Ал Байлық, сен келгенде… өзіңнен асатын не бар!? – деген  екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: