Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан Ресейді айналып өтетін дәлізбен мұнай экспорттау үшін танкерлер сатып алған

02.09.2023, 11:00 175

HALYQLINE.KZ

Bloomberg ақпарат агенттігінің жазуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий және Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін танкерлер сатып алып жатыр, бұл Қазақстан Ресей аумағымен өтетін негізгі экспорт бағытына балама іздеп, мұнай жеткізу жолдарын әртараптандырып жатқанын көрсетеді.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің ақпарат агенттігіне айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий теңізі арқылы мұнай жеткізу үшін екі танкер сатып алған, бұл танкердің әрқайсысы ең көп дегенде 8 мың тонна жүк алып жүре алады (8 мың тонна дедвейт). Ал Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін әрқайсысы 80 мың тонна жүк таси алатын (80 мың тонна дедвейт) екі танкер сатып алуды жоспарлап отыр.

Ақкенженовтің айтуына қарағанда, Ресей аумағы арқылы өтетін «Каспий құбыр консорциумы» − мұнай жеткізетін ең тиімді дәліз, бірақ Қазақстан соған қарамастан балама дәліздерді зерттеп жатыр.

Қазақстан былтыр экспортқа шығарған мұнайдың 80 пайызын Ресей аумағымен өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттаған. Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийск қаласы түбіндегі Қара теңіздегі терминалына жеткізіледі.

Былтыр көктем мен жазда «Каспий құбыр консорциумының» жұмысы төрт мәрте ішінара немесе толық тоқтатылып, Қазақстан мұнайының экспорты уақытша шектелді. «Каспий құбыр консорциумындағы» ақаулардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына мұнайды Транскаспий дәлізімен (Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Грузия, Түркия мен Еуропа елдеріне апаратын дәліз) экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Ақкенженовтің Bloomberg-ке айтуынша, Қазақстан биыл Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы 300 мың тонна мұнай экспорттаған. Бұл үшін танкерлерге тиелген мұнай Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы Бакуден 40 шақырым жердегі Санғашал терминалына жеткізіледі. Келесі жылы бұл бағыт бойынша 1,5 миллион тонна мұнай экспорттау жоспарланып отыр. Алайда бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы жеткізілетін мұнай көлемімен салыстыруға келмейді. Жыл басынан 18 тамызға дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы 40,5 миллион тонна тасымалданған, оның басым бөлігі − қазақ мұнайы.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: