Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы қарқынды қимыл

15.09.2022, 10:50 376

HALYQLINE.KZ

Облыстың оңтүстігінде орналасқан Қазалы ауданын жұрт «Екінші Түркістан» деп танып, онда сауда-саттық, кәсіпкерлік жақсы дамығанын біледі. Өңірде соңғы жылдары құрылыс саласы да қарқын алып келеді. Әсіресе, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасында салынып жатқан нысандарды көрсеңіз, осы сөзге анық көз жеткізесіз. Бүгінде ауыл-аумақта да көз қуантатын тірлік болып жатыр.

Жақында Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда спорт кешенінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда жаңа нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кеше  аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Алға ауылдық округіне арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев спорт кешенінің құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы тиісті сала басшыларына спорт кешенінің құрылысын сапалы жасап, күнделікті қадағалауды тапсырды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ү.Түктібаев ауылына сапары кезінде Майдакөлмен екі аралықтағы жолды жөндеу жұмыстарын да көрді. Мердігер мекеменің жауапты өкілі Орақ Оразалиев бүгінгі таңда 2 шақырымға жуық жолға асфальт қабаты төселгенін тілге тиек етті.

Ал, Аранды ауылында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес қазалылық кәсіпкер Темірхан Кенжебаевтың демеушілігімен балалар ойын алаңы мен спорт алаңы салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «ҚазалыСтройСервис» ЖШС қарқынды жүргізуде.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Аранды ауылына да арнайы барып, балалар ойын алаңының құрылысын көрді. Аранды ауылдық округінің әкімі Әбілғазы Томаев балалар ойын алаңының жалпы аумағы 70х40 метрді құрайтынын жеткізді. Алаң ішінде жаздық сахна мен тұрғындар отыратын орындар, балалар мен ересектер үшін тренажерлық құрылғылар орнатылады деп жоспарлануда.

Бүгінгі күні спорт алаңының жерін көтеріп, сыртын қоршау жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте алаңның жиектері биіктетіліп, жасанды төсеніштері төселетін болады.

Аудан басшысы сол күні Аранды мен Қожабақы елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Мұхтар Әуесұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, күн суытып жатқанына байланысты қысқы жылу беру маусымына дайындықты осы кезден бастау қажеттігін айтты. Ауылдық округ әкімі Әбілғазы Томаевқа халықпен бірлесіп, жақын арада барлық тұрғындардың қыстық отынмен қамтамасыз етілуін тапсырды. Басқосуда тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын аудан басшысының назарына ұсынып, ой-пікірлерін білдірді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арандылықтардың тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Ал, Қожабақы ауылына сапары кезінде «Айгүл» балабақшасына барып, апаттық жағдайдағы ғимаратты аралап көрді. Сонымен қатар, бу қазандығын жөндеу жұмыстарымен де танысты. Балабақша ғимараты 1965 жылы салынған. Қазіргі таңда мұнда 90 бала тәрбиеленіп жатыр.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларына жаңадан салынатын ғимараттың жоба-сметалық құжаттарын дайындап, облыста салынатын нысандардың тізіміне енгізуді тапсырды.

Қазалы ауданындағы үлкен жобалардың бірі – Сырдария өзенінің «Қарлаң» учаскесіндегі темір-бетон көпірінің құрылысы екені жасырын емес.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаевпен бірге «Қарлаң» темір-бетон көпіріне арнайы барып, құрылыс жұмыстарын көрді.

Құрылыс жұмыстарының барысымен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықов таныстырды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сырдария өзенінің арғы бетіндегі тұрғындар үшін көпірдің маңыздылығы жоғары екенін тілге тиек етіп, құрылысшыларға ең бірінші кезекте құрылыстың сапасына аса қатты мән беру қажеттігін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: