Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаржы парадигмасы немесе жаңа мүмкіндіктерге жол

23.10.2025, 15:10 212

HALYQLINE.KZ

Бүгінде ел азаматтарының барлығына қаржылық сауаттылық керек. Әйтпеген күнде қаржылық шешімдерінің оңтайын келтіре алмай, басын құраған ақшаңыз инфляцияның жеміне айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, ақшаны табу ғана емес, оны дұрыс пайдалану мен сақтау да өте маңызды.

Жуырда Роберт Кийосаки деген қаржы сарапшысы доллардың «құлдырауы» туралы ескертпе мақала жариялады. Онда жасыл қағаздың «тарихи құрдымға» ұшырайтынын болжауы, «біздің еліміздің экономикалық шындығымен өзекті ме?» деген ой келеді. Өйткені, доллар – жаһандық ақша айналымындағы негізгі валюта. Ал оның құлдырауы Қазақстан экономикасына да қоса әсер ететіні сөзсіз. Өз тарапымыздан мақаланы сараптай келе, ескертулердің елімізге тигізер экономикалық өзгерістеріне талдау жасап, оқырмандар мен тиісті институттарға ұсыныс беруді жөн көрдік.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің биылғы жылғы деректеріне, OECD-тің (Organisation for Economic Co-operation and Development — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) экономикалық есептеріне, Қазақстан Ұлттық банкінің болжамдарына және Кийосакидің соңғы мәлімдемелерін негізге ала отырып жазылған зерттеу мақаланың мақсаты қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидаларына жататын диверсификация, инфляциядан қорғану және ұзақмерзімді жоспарлау жағын қамтыдық.

Инфляцияның  «ұрлығы»

Кийосакидің «Savers are losers» (Ақшаны сақтап отырған адам ұтылады) қағидасы доллар сияқты фиат валюталарды сақтаудың қауіптілігін ескертеді. Ол инфляцияны «үкіметтің ақша басып шығаруы арқылы жүргізетін ұрлығы» деп атайды, өйткені бұл процесс қарапайым адамдардың айналыста жоқ жинақтарын құнсыздандырмақ. Кийосаки «Доллардың ең үлкен крашы 2025 жылы болады, өйткені АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі ақша басып шығаруды тоқтата алмайды» деп жазады. Бұл айтылған ескерту әлемдік тенденциялармен үндеседі. Өйткені, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 35 трлн доллардан асып кетті, ал инфляция 2025 жылдың басында 3-4% аралығында тұрақтады, бірақ жаһандық тұрақсыздық (геосаяси қақтығыстар мен энергия дағдарысы) оны әлде де өсіруі мүмкін.

Ал біздің елде ше, бізде бұл ой одан да өзекті. Ұлттық банктің 2025 жылғы болжамына сәйкес, инфляция 7-9% аралығында болады. Теңгенің долларға қатысты құнсыздануы турболентті жағдайда жалғасуда.

Кийосакидің инфляцияны «ақшаның құнын жейтін ұры» дегені өте орынды сөз. Мысалы, егер сіз 1 млн теңгені қолда ұстасаңыз, бірер жылда ол сол сомада қалғанымен, соған сатып алуға болатын заттардың құны өсіп кетеді. Депозитке салғанның өзінде әрі кетсе жылдығы – 20%. Сондықтан, ақшаны жай сақтамай, оны айналдырып, жұмыс істете білу керек. Бұл – инфляциядан қорғанудың бір тәсілі.

ҚНРДА-ның биылғы жылғы зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық индексі 40,5%-ды құраған, бұл 2024 жылғы 40,3%-дан сәл жоғары. Нәтижесінде, қазақстандықтардың 30%-ы қарызға батқан, ал жинақтардың 50%-ы теңгеде сақталады, бұл инфляцияның «ұрлығына» ұшыратады. Ауылдық жерлерде сауаттылық 45% төмен, ал қалалықтарда 30%, бұл экономикалық теңсіздікті күшейтеді делінеді.

Халықаралық тәжірибеге зер салсақ, Германияда қаржылық сауаттылық 66%, ал инфляциядан қорғану үшін алтынға салынған инвестиция 40%-ға жетеді. Биылғы жылы алтын неше есеге көтерілгенін халық біледі. Сондықтан, инфляцияға қарсы стратегияларды (диверсификация) мектептен бастап үйрету қажет.

Алтын  мен  күміс  –  қаржылық  тұрақтылықтың  кепілі

Кийосаки мақаласында алтын мен күмісті «Құдайдың ақшасы» деп атайды. Өйткені оларды басып шығару мүмкін емес және инфляциядан қорғайтын құйма. Осы жылдың қазан айында алтынның бағасы 1 унциясы 4000 доллардан асты, бұл Кийосакидің болжамын растайды.

Ал еліміз алтын өндіруден әлемдік көшбасшылардың бірі (жылына 80-90 тонна) болса да, халықтың 10%-ы ғана алтынды инвестициялайды екен. ҚНРДА деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың 45%-ы қаржылық өнімдерден хабарсыз, сондықтан алтын сияқты активтерді пайдаланбайды. Жыл басында алтын бағасының өсуі (2500 доллардан жоғары) отандық инвесторлардың қызығушылығын арттырған болатын, бірақ сауаттылықтың төмендігінен алаяқтық схемаларда өрбіген. Егер адамдар қаржылық сауаттырақ болса, бұл көрсеткіш жоғары болар еді.

Сауаттылық деңгейі 70%-ға жеткен Жапонияда алтынға инвестиция салғандар 50%-ға жетеді. Бүгінде Ұлттық банкімізде алтын инвестициясына арналған кампаниялар жүргізуді қолға алуда.

Криптовалюта  –  жаңа  заманның  ақшасы

Кийосаки Bitcoin-ді «адамдардың ақшасы» деп атайды, өйткені ол децентрализацияланған және үкіметтің бақылауынан тыс. Ол мемлекетке тәуелді емес және бүкіл әлемде қолдануға болады. Кеше ғана Bitcoin 126000 долларға жетті, яғни пайдада. Ethereum болса смарт-контракттар арқылы қаржылық жүйелерді өзгертуші болмақ.

Бізде криптовалюта 2024 жылы заңдастырылды, бірақ халықтың 20%-ға жуығы ғана оны түсінеді. ҚНРДА-ның 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, крипто инвестициясы 15%-дан аспаған, оған қоса алаяқтықта 15% өскен. Ауылдық жерлерде қаржылық сауаттылықтың төмендігінен криптоға деген сұраныс тұрмақ, сауал да жоқ.

Халықаралық тәжірибеде ресейлік «Финансовая грамотность» бағдарламасы халықтың крипто сауаттылығын 5%-ға арттырған. Ал көршілес Өзбекстанда крипто экспорты 460 млн долларға жетіпті. Біздің елдегі жағдайда крипто туралы түсінікті мектеп бағдарламасына енгізу ғана қалып отыр. Оған қоса инвестиция пәнін де енгізуді қолға алу керек. Сондай-ақ, ҚНРДА-ның «ФинIQ» тесті сияқты акцияларды кеңейту, бюджет және крипто оқыту қосымшаларын ендірсе. Өйткені, дамыған елдерде мектеп кезінен бастап қаржылық сауат пен цифрлық ақшаны түсіндіреді.

Роберт Кийосакидің ескертулері – қаржылық апаттан құтқарушы сигнал. Доллардың құлдырауы және криптоның өсуі ел азаматтарын сауаттылыққа шақырады. ҚНРДА деректері көрсеткендей, сауаттылықты 50%-ға жеткізу экономиканы 5-10%-ға өсіруі мүмкін. Халық банктің журналистерге арнап әрбір облыста өткізген семинар-тренингтері осы тақырыпты талқылауға мүмкіндік берді. Әр азамат өзінен бастап, қаржылық білімді арттырса, Қазақстанның болашағы тұрақты және гүлденген болар еді. Бұл – қаржылық еркіндікке апаратын тікелей жол.

Диверсификация  –  дағдарыстан  қорғану  қалқаны

Кийосаки «Барлық жұмыртқаны бір себетке салма» деп кеңес береді. Бұл – қаржы әлеміндегі басты ереже. Яғни, қаржыны тек теңгеде сақтасақ, инфляция оны жеп қояды. Егер бәрін тек долларға салсақ, құлдырау кезінде жоғалтамыз. Қазір ел тұрғындарының 50%-ы жинағын теңгеде ұстайды, ал инвестициялық белсенділік – небәрі 20%. Бұл көрсеткіш дамыған елдерден әлдеқайда төмен. Сондықтан ақшаны әртүрлі валюта мен активтерде сақтау, жинақ шот ашу, алтын мен криптовалюта сияқты құралдарды үйрену маңызды. Мысалы, менің жақын танысым табысын үш бөлікке бөліп отыр. Бірі күнделікті қажеттілікке, екіншісін доллар мен теңгеге бөліп, депозитке, үшіншісі алтын сатып алуға. Бұл оған күтпеген жағдайлардан қорғануға сеп болады, дейді.

Кийосакидің ескертуі – қорқыныш емес, мүмкіндік. Доллардың әлсіреуі әлемдік қаржы жүйесінің қайта құрылуына жол ашуы да мүмкін. Еліміздің Ұлттық банкі бұндай сценарий бола қалған жағдайда, тиімді пайдалана алатынына сенімдімін. Өйткені, білікті экономистер шоғырланған мықты команда жақсы жұмыс істеп жатыр.

Бұрындары қаржылық сауаттылық дегеніміз несие ала бермеу, деп түсінетінбіз. Ал, қарапайым шындығы «Ақша таппайтын еркек жоқ, басын құрай алмайтын еркек бар» деген ұғымға келіп тұр. Өйткені, тапқан ақшаны сақтау емес, басқару маңызды. Егер біз әрқайсысымыз өз қаржылық сауатымызды арттырып, табысымызды басқара білсек, еліміздің экономикалық болашағы еркіндік пен тұрақтылықтың кілті бола алады.

Сондықтан, мектептерде қаржылық сауат пәнін енгізу, ауыл-аймақтарда түсіндіру жұмыстары мен тегін курстар өткізу, әйелдер мен жастарға арналған бағдарламаларды одан әрі жандандыра берсек, дегенімізге жетеміз.

Кийосакидің доллар туралы ескертуінен түйгеніміз, инфляция өсіп жатқан заманда қаражатты дұрыс басқару отбасылық бюджет пен ел экономикасын тұрақтандырып, табыс артады. Сондықтан, болашағыңызға сенімді болғыңыз келсе, қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

Тоқ етері, бүгінгі әлемде қаржылық сауаттылық – жай ғана білім емес, еркіндіктің кілті. Доллардың құлдырауы қорқыныш емес, ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Криптовалюта, алтын мен түрлі активтер табысқа жетудің балама жолдары бола алады. Бірақ бұл құралдарды тиімді пайдалану үшін ең әуелі білім керек, сауат керек.

Қаржылық сауат – бұл байлыққа жетудің ең қысқа жолы емес, қауіпсіз әрі сенімді жолы. Сондықтан, мектеп бағдарламасына қаржылық сауат пәнін енгізу, ауылдық жерлерде тегін қаржылық сауат курстарын ашу, әйелдер мен жастарға арналған инвестициялық бағдарламаларды кеңейту, мемлекеттік деңгейде крипто және алтын нарығына ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Азаматтар ақша басқару мәдениетін меңгерсе, әрбір қаржылық қадам ертеңгі қаржылық еркіндікке апарар баспалдақ болмақ.

Қазіргі замандағы қаржы парадигмасы – халықтың өз қаржысын басқаруы. Бұрынғыдай депозит пен валютаға сенуді, мемлекет өзі реттейді ғой, деген ескі ойдан арылу қажет. Яғни, кім қаржылық тұрғыдан жаңа парадигмаға бейімделсе, сол адам экономикалық еркіндікке жетеді.

Қорытындылай келе, доллардың тағдыры не болса да, ең маңыздысы сіздің қаржылық шешімдеріңіз шешуші рөл атқарады. Өзіңіздің болашағыңызға жауапкершілік артып, сауаттылығыңызды арттырыңыз. Сол кезде ғана ешқандай дағдарыс сіздің отбасыңызға қауіп төндірмейді.

Нұрбек  Дәуренбеков,

Қызылорда  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: