2025 жылы Қармақшы ауданының экономикалық дамуында айтарлықтай оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім байқалады. Айта кететін болсақ, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, білім, инфрақұрылым салаларында тұрақты даму қарқыны сақталып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде аудан экономикасы нығайып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарған. Бұл туралы Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндады.
Брифинг барысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және әлеуметтік саладағы нәтижелер кеңінен қамтылды.
Аудан әкімі Мемлекет басшысының өңірлерге, соның ішінде Қармақшы ауданына көрсетіп отырған қолдауы мен сенімін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына берген жоғары бағасы – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл Қармақшы ауданының да даму қарқыны дұрыс бағытта екенін көрсетеді, — деді Жандос Еркінбек.
Әкімнің айтуынша, бүгінде аудан тұрақты даму жолына түскен. Мемлекеттік бағдарламалар мен Үкімет, облыс басшылығының қолдауының арқасында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда.
– Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Осы бағытта барлық салада жүйелі жұмыстар жүргізілуде, — деді аудан басшысы.
Аудан бюджетінің өсімі – соның нақты дәлелі. Жыл қорытындысымен аудан бюджеті 22 млрд теңгеге жетіп, өз кірістері 500 млн теңгеден астам қаржыға артқан.
– Бюджеттің ұлғаюы экономиканың жанданып келе жатқанын білдіреді. Бұл бізге әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды кеңінен іске асыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті әкім.
Қармақшы ауданы үшін ауыл шаруашылығы – негізгі салалардың бірі. 2025 жылы 25 мың гектардан астам жерге егін егіліп, оның ішінде күріш дақылы басымдық алған. Орташа өнімділік гектарына 54,7 центнерді құрап, 71 мың тоннадан астам астық жиналды.
– Ауыл шаруашылығындағы жетістіктер – аудан экономикасының тірегі. Су үнемдеу, каналдарды тазалау, егістікті сумен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деді ол.
Мал шаруашылығы саласында да өсім байқалып, аудан облыс көлемінде «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» атанды. Бұл көрсеткіш шаруалардың еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін әкім ерекше атап өтті.
Кәсіпкерлік саласын дамыту да – басты назарда. Қазіргі уақытта ауданда 3 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың басым бөлігі белсенді жұмыс істеп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ондаған жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
– Кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы дамытудың негізгі тетігі. Әрбір жаңа жоба – жаңа жұмыс орны, тұрақты табыс көзі. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны 3065 бірлікті құрап, бұл 5 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, аудан бойынша жаңа бизнес-идеяларды дамыту мақсатында өз кәсіптерін бастау үшін әлеуметтік осал топтарға жататын 118 азаматқа жалпы көлемі 185,6 млн теңге болатын қайтарымсыз грант берілді, — деді аудан басшысы.
Әлеуметтік салада да нақты нәтижелер бар. Білім беру саласында ҰБТ қорытындысы бойынша аудан облыс көлемінде алдыңғы орындардан көрінді. Мектептер мен балабақшалар жөнделіп, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Денсаулық сақтау саласында аудандық және қалалық ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Жұмыспен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мыңдаған адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылып, әлеуметтік осал топтарға жан-жақты қолдау көрсетілді.
– Халықты жұмыспен қамту – біздің басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды, — деді әкім.
Инфрақұрылымды дамыту, жол, газ, су, электр желілерін жаңғырту мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде аудан халқының 75 пайыздан астамы табиғи газдың игілігін көріп отыр, барлық елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Жол жөндеу мен абаттандыру жұмыстары тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Брифинг соңында аудан әкімі алдағы міндеттерге тоқталып, тұрғындар мен қоғам өкілдерінің ұсыныс-пікірлеріне ашық екенін жеткізді.
– Алдымызда тұрған міндеттер айқын. Ең бастысы, ел сенімін ақтап, Қармақшының дамуы үшін бірлесе жұмыс істеу, — деп қорытындылады аудан басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!