Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшы: Тұрақты дамудың тура жолы

23.07.2025, 9:00 160

HALYQLINE.KZ

Дүйсенбі күні Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек өңірлік коммуникациялар қызметінің орталық алаңында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг берді. Онда аудан көлемінде атқарылған істер мен жасалған һәм жоспарланған жұмыстар жөнінде кеңінен атап өтті.

Қармақшы – тамыры тереңде жатқан тарихи аудан. Ұлттық руханият пен мәдениеттің ордасы саналатын Қармақшы ауданы бүгінде Мемлекет басшысының жүйелі бастамалары, Үкімет пен облыс басшылығының қолдауы нәтижесінде тұрақты даму жолында келеді.

Ауданда әлеуметтік-экономикалық өсім, инфрақұрылымдарды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша мән беріліп келеді.

Аудан бюджеті – 21 млрд 115 млн теңге

– 2025 жылы аудан бюджеті бастапқыда 12 млрд 176 млн теңге көлемінде бекітілді. I жартыжылдық ішінде екі мәрте нақтылау жүргізіліп, нәтижесінде бюджетіміз  21 млрд 115 млн теңгеге ұлғайды. Бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мен қосымша қаржы көздерін тарту нәтижесінде 8,9 млрд теңгеге немесе 73,4 пайызға ұлғайды. Биылғы жылы ауданның өз кірістері 2 млрд 283 млн теңге болып бекітіліп, 6 ай қорытындысымен 411,8 млн теңгеге ұлғайтылып, 2 млрд 694,8 млн теңгеге жетті. Аудан көлемінде макроэкономикалық көрсеткіштерінің барлығында оң көрсеткіш қалыптасып отыр, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек өз сөзінде.

Расымен Қармақшы ауданы жыраулық өнер мен спорттың туын тіккен жер ғана емес, барлық сала бойынша да аймақ көлемінде үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 118,7 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 118,6 пайызды, ауыл шаруашылығы өнім көлемі 101,8 пайызды, негізгі қорға салынған инвестиция 103,1 пайызды, құрылыс жұмыстары 109,1 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру 119 пайызды, бөлшек сауда көлемі 102,3 пайызды құрады. Макроэкономикалық көрсеткіштерінің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге байланысты екені белгілі. Биыл ауданда 25 654 гектар жерге егіс дақылы егіліп, 13 097 гектар күріш, 1000 гектар жаздық бидай, 1200 гектар мақсары, 2 гектар күнбағыс, 8950 гектар жоңышқа, 39 гектар сүрлем жүгері, 56 гектар судан шөбі, 1180 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылды.

Экономикалық даму деңгейі

– Егіншілікті қажетті сумен қамтамасыз ету және жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 27 млн теңге қаржы қаралып, Қуаңдария ауылдық округі аумағында орналасқан «Таңатар» каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ мал шаруашылығы да жергілікті тұрғындардың кәсіп көзіне айналып отыр. 2025 жылдың жарты жылдығында 37 725 бас мүйізді ірі қара, 65 548 бас қой, ешкі, 19 339 бас жылқы, 4 587 бас түйе, 23 137 бас құс тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 132,2 пайызға, қой, ешкі 108,4 пайызға, жылқы 106,6 пайызға, түйе 101,5 пайызға, үй құстары 111 пайызға көбейген.

Ауыл шаруашылығымен қатар, ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда. Қармақшы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріліп отыр. 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін ауданда 3205 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 жоба қаржылай қолдауға ие болды. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды дамыту үшін әлеуметтік осал топтар арасынан Байқоңыр қаласынан 11, Қармақшы ауданынан 37 адамға қайтарымсыз грант беру мақұлданды, – деді Жандос Еркінбекұлы.

Сыр өңірі бойынша соңғы жылдары білім бәйгелерінде қармақшылық оқушылар озық көрініп жүр. Ол – ең бірінші ұлағатты ұстаздардың еңбегінің жемісі. Мектеп мерейін өсіріп, ата-ана абыройын арттырған жеткіншектер – келешек ел ертеңінің жарқын тұлғалары. Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі – білім беру саласы.

2024-2025 оқу жылында 14 928 оқушы білім алып, 766 мектеп бітірушінің 694-і, яғни 90,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде 54 түлек «Алтын белгі» және 48 түлек «Үздік аттестат» иегері атанғаны аудан абыройы саналады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандардың ішінде 147 оқушы жүз және жүзден жоғары балл жинаған. Нәтижесінде облыс көлемінде аудандар арасында алдыңғы орынға шықты.

– Жалпы аудан бойынша 47 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оларда 3 929 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 25 мемлекеттік, 21 жекеменшік, 1 шағын орталық бар. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2-6 жас аралығындағы балалардың 91 пайызы, 3-6 аралығындағы балалардың 100 пайызы қамтылған. Қармақшы ауданында жалпы білім беретін 30 мектеп, 2 мектептен тыс мекеме бар. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне 46 оқушы қатысып, 22 оқушы жүлдегер атанды. Сонымен қатар, 2025 жылы білім саласында 3 орта мектеп, 1 бөбекжай-бақшада және 5 мектеп жанындағы спорт алаңдарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен барлығы 216,9 млн теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан басшысы.

Әлеуметтік саланың әлеуеті

«Дені саудың – жаны сау» деген нақыл сөз бар. Расымен әр жұмыр басты пенде үшін денсаулықтың маңызы ерекше. Бас ауырып, балтырың сыздаса да, медицина саласы мамандарының қызметіне жүгінеміз.

Бүгінде аталмыш аудан тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған құрылғылар алынып, жергілікті тұрғындардың қалаға барып, сағаттап кезек күтетіні өткен күндер еншісінде қалды. Аудан әкімінің қолдауымен аудандық аурухана жұмысы жүйелі түрде даму динамикасы артып келеді. Қазіргі уақытта алты ай көлемінде 300 нәресте дүниеге келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда сәби өлімі айтарлықтай азайған. 1-5 жас аралығында бала өлімі тіркелмегені белгілі болып отыр.  

Аудан әкімінің айтуынша, Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасына 10 науқас мониторы, 10 дефибрилляторы, 2 дана анестетикалық тыныс алу аппараты, 2 дана көпфункциялы төсек және 5 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Сонымен қатар, аурухана компьютерлік томография және маммография аппараттарымен қамтамасыз  етілді. Осылайша пациенттер үшін қолайлы жағдай жасалды.

Әлеуметтік салаға келсек, халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндет. Жұмыс іздеуші ретінде «Мансап орталығына» хабарласқан 3131 адамның 389-ы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Биыл 2667 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, бүгінгі күнгі 1006 жаңа жұмыс орны ашылды, яғни межелі міндет 37,7 пайызға орындалып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы жұмыссыз 11 азаматтың 4-еуі тұрақты жұмыспен, 7-еуі қоғамдық жұмыспен қамтылған.

Ел болашағы жастардың қолында деп қарасақ, ауданда жастарға жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау үдесі айтарлықтай артқан. Жастар тәжірибесімен 50 адам 32 мекемеге жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына 32 адам 21 мекемеге орналастырылған. Сондай-ақ, қоғамдық жұмысқа 655 адам 188 мекемеге жұмысқа алынған. Аудан бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Спорт саласында да серпіліс байқалады. Қолдаудың арқасында жергілікті спортшылар жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданда алғашқы рет демеушілер есебінен «Ақтөбе и К» ЖШС-нің қолдауымен Ақтөбе ауылында жалпы құны 80 млн теңге болатын «Ипподром» құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары күз айында аяқталады деп күтілуде.

– Ауданда елді мекендерді газдандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында 86,9 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 3 газ реттегіш шкафты пункт орнатылады. Сонымен қатар, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бүгінде аудан халқының 78 пайызы табиғи газды тұтынып отыр. Жобалар толық іске асқанда, бұл көрсеткіш еселене түспек. Алдағы кезеңдерде Президент Жолдауын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыра беретін боламыз, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: