Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшы: өркендеу жолындағы өрелі істер

03.02.2025, 15:10 45

HALYQLINE.KZ

Қармақшы ауданы соңғы жылдары дамудың жаңа белесіне көтеріліп, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алды. Ауызсу жүйесінің кеңеюі, электр желілерін жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік нысандар құрылысы – мұның бәрі ауданның қарқынды даму көрсеткіштерінің айқын дәлелі. Өңірдің өсімі жайлы аудан әкімі Жандос Еркінбек өңірлік коммуникациялар қызметінде толығырақ тарқатты.

Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің ерекше қолдауының арқасында 2024 жылдың қорытындысымен аудан бюджеті 18 млрд 533 млн теңгені құрап, 2023 жылы бекітілген қаражатқа қарағанда 6 млрд 541 млн теңгеге, пайызға шақсақ, 54,5 пайызға артып отыр.

Сапалы ауызсу – тұрғындар игілігі. Ауданда таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда тұр. Биылғы жылы Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздік» шағын ауданында жаңа су құбырлары желісін тарту бойынша жоба-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан сәтті өтті. Құны 2,5 млрд теңге болатын жобаның жүзеге асуы тұрғындардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартады. Сондай-ақ, Ақжар, Ақтөбе және Қуандария елді мекендерінде су жүйесін қайта жаңғыртуға байланысты жұмыстар жүргізіліп, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім жолданды.

Атап айту керек, ауданда электр желілерін жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Қармақшы ауданында электр желілерінің тозуы – шешуді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай, бірнеше елді мекенде желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе және Т.Көмекбаев ауылдарында бұл жұмыстар аяқталса, Иіркөлде құрылыс-монтаждау ісі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен бөлінген 388,6 млн теңгенің есебінен Дүр Оңғар ауылында электр жүйесін жаңарту басталды. Алдағы уақытта Қуандария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай Ахун және Қармақшы ауылдарының электр инфрақұрылысын жаңарту жоспарланған.

Жосалы кентінде тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірі – Мырзағалиева көшесіндегі теміржол өткелінің жай-күйі. Қазіргі таңда осы өткелдің құрылысын салуға қатысты жоба-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қажетті қаражат бөлудің тетіктері қарастырылуда. Құны 5,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба аудан үшін аса маңызды көлік инфрақұрылымының біріне айналмақ.

Қармақшы ауданында кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін аудан бойынша 3 372 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 3 160-ы тұрақты жұмыс істеуде. Өңірлік және мемлекеттік бағдарламалар аясында 134 жобаға жалпы көлемі 2,4 млрд теңгеден астам несие берілді.

Өнеркәсіп саласында да серпінді жобалар жүзеге асуда.

Жосалы кентінде «АНК-Даулет» ЖШС-ның газоблоктар өндіретін шағын зауыты, Жаңажол ауылдық округінде кондитерлік цехы және Төретам кентінде «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылды. Қызмет көрсету және сауда саласында құны 95 млн теңге болатын 2 жоба жүзеге асырылуда, – деді аудан басшысы.

Соңғы жылдары Қармақшы ауданы құрылыс алаңына айналды деуге толық негіз бар. Әлеуметтік осал топтар мен кезекте тұрған азаматтар үшін өткен жылы 156 пәтер сатып алынды. Спорттық инфрақұрылымды дамыту аясында Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Ал Ақай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы биыл аяқталмақ.

2024 жылы балалар мен жастар үшін 5 жаңа спорт және ойын алаңын салуға 105,4 млн теңге бөлінді. Соңғы екі жыл ішінде аудан бойынша 17 балалар және спорттық алаң пайдалануға берілді.

Медицина саласы да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басында Дауылкөл, Ақжар және Жаңажол ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Жыл соңына дейін Қуаңдария мен Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер пайдалануға берілмек.

Ауданымызда «Руханият жылы» аясында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі аудан орталығымыздағы «Руханият орталығы» бой көтеріп, құрылысы аяқталды. Жалпы жоба құны 1,7 млрд теңге. №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты спорт залының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі өз кезегінде.

Қармақшы ауданы бүгінде дамудың жаңа сатысына қадам басып, әр салада ілгерілеу байқалуда. Ауызсу, электр жүйесі, жол және кәсіпкерлік бағытындағы тың жобалар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қармақшының қарқынды дамуы өңір экономикасының тұрақты өсімі мен халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына негіз болары анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: