Мұнай өндіру – күрделі әрі сан қырлы үдеріс және мұнайдың әрбір өндіріп алынған тоннасының артында ең соңғы үлгідегі технологиялар мен заманауи жабдықтар ғана емес, сонымен бірге, ең алдымен, білімі, кәсіпқойлығы, тәжірибесі және жанкешті еңбегі саланың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін адамдар тұр.
Осы мақалада күн сайын мұнай өндірудің алдыңғы саптарында тұратын адамдармен танысамыз, олардың жұмысының ерекшелігі, күнделікті қандай мәселелерді шешетіні, қандай қиындықтарға тап болатыны және таңдап алған мамандығының несімен тартатыны туралы сенімді дереккөзден біле аламыз.
Олардың оқиғалары – жұмыс күндері туралы жай әңгіме емес, бұл өз ісіне адалдық, технологиялық үдерістерді терең түсіну және ең күрделі мәселелерді шешуге дайындық туралы бейнелі айғақ.
Сонымен қатар, бұл – Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамының абырой-беделін арттыруға деген ерекше көңіл бөлу. Ендеше, еліміздегі мұнай саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, ірі кәсіпорын «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының жұмысшы мамандарын сөйлетіп көрейік.
Нұрбол Қындыбайұлы Балғабаев,қабат қысымын сақтау жөніндегі 5-разрядты оператор.Компаниядағы жұмыс өтілі – 21 жыл, кен орны – Құмкөл.

«МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫ – НАҒЫЗ ЕРЛЕРДІҢ МАМАНДЫҒЫ»
— Осы мамандыққа қалай келгеніңізді айтып беріңізші? Неге дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
— Бұл мамандықты саналы түрде таңдадым. Біздің кезімізде мұнай-газ саласы ең перспективалы және сұранысы мол салалардың бірі болып саналған. Жастардың көбі дәл осы салада техникалық білім алуға ұмтылды, себебі осы саланың болашағы бар әрі тұрақты екендігін түсінген.
Мен мұнай факультетіне оқуға түстім, ол оқуым менің осы мамандыққа деген қызығушылығымды арттыра түсті. Сол кездің өзінде мұнай-газ саласының жай жұмыс емес, бар күш-жігеріңді беруді талап ететін өмір салты екенін түсінетінмін. Осылайша мен осы мамандыққа келдім және оған еш өкінген емеспін.
— Кен орнындағы алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қандай эмоцияны бастан кешірдіңіз?
— Иә, Құмкөлдегі алғашқы жұмыс күнім әлі көз алдымда, ол менің ресми түрде мұнай және газ өндіру (МГӨ) операторы лауазымына кіріскен 2002 жылдың 21 қарашасы еді.
Вахтаға бозала таңда жол тарттық. Кен орнына жетеміз дегенше кеудем үмітке толы толқуда болдым – бәрін алғаш көруім, айнала адамдар, құрал-жабдықтар, жұмыс режимі. Жеткен соң өндірістік нысандардың ауқымына таң қалдым. Жұмыс барысында үнемі әріптестерімнің қолдауын сезініп жүрдім, осының өзі істің мәнісін тезірек түсінуге көмектесті.
— Осы жерде жұмыс істеген жылдардың ішінде салада қандай да бір өзгерісті байқадыңыз ба?
— Осы жылдардың ішінде мен алуан түрлі технологиялық тұрғыдан да, ұйымдастыру тұрғысынан да өзгерістердің куәсі болдым. Біріншіден, өндірістік үдерістерді автоматтандыру және цифрландыру деңгейі айтарлықтай жоғарылады. Егер бұрын істің көбі қолмен жасалған және оператордың өз орнында үздіксіз болуын талап ететін болса, қазір мониторинг, қашықтан басқарудың және жабдықтарды диагностикалаудың заманауи жүйелері енгізілген. Бұл жұмыстың тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыра түсті. Екіншіден, еңбекті қорғауға және экологияға қойылатын талаптар өзгерді. Стандарттар анағұрлым қатаңдатылды және «ПетроҚазақстан» бұған көп көңіл бөлуде. Зиянды шығарындыларды азайтатын технологиялар мен ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша іс-шаралар енгізілуде.
Мұнайдың жай-күйі туралы айтар болсақ, Құмкөлде жыл өткен сайын флюдтің сипаттамасы да өзгерді. Мұнай анағұрлым сұйыды, газ факторы артты. Бұл – кен орнын ұзақ пайдалану кезінде болатын табиғи өзгеріс. Осыған байланысты компания өнімдерді дайындау үшін өндіруді қарқындатудың, қабаттық қысымды сақтап тұрудың жаңа әдістерін, сондай-ақ анағұрлым күрделі технологиялық шешімдерді қолданады.
Дегенмен де, осы өзгерістерге қарамастан, «ПетроҚазақстан» өндіруді тұрақты жүргізіп, өндірісті жаңартып келе жатыр. Жинақталған тәжірбиенің, жаңа технологияларды енгізудің және сауатты басқарудың арқасында компания жаңа жағдайларға сәтті бейімделіп, өңір мен мемлекеттің экономикасына өз үлесін қосуды жалғастырып келеді.
— Сіздің мамандығыңызда ең күрделісі және ең қызықтысы не?
— МГӨ мамандығында ең күрделісі және маңыздысы – бұл жауапкершілік дәрежесі. Біз қауіпті заттармен, қысым астында, болмашы қатенің өзі ауыр салдарға алып келуі мүмкін жағдайларда жұмыс істейміз. Біз үнемі жинақы болуға, технологиялық үдерістерді мұқият бақылап жүруге, жабдықтарды білуге, қалыптан тыс жағдайларда тез шешім қабылдай алуға тиіспіз. Одан басқа, вахталық әдіспен, отбасыдан алшақ жерде және қаһарлы климаттық жағдайларда жұмыс істеу моральдық және физикалық тұрақтылықты талап етеді.
Бірақ дәл осы тұсы бұл мамандықты қызықты етіп отыр. Әр күні алдыңғы күніне мүлдем ұқсамайды. Бұл жерде үнемі үйреніп жүру, біліктілікті арттыру, жаңа технологиялардан хабардар болу керек. Әсіресе, бүтіндей өндіру жүйесінің – ұңғымадан бастап мұнайды дайындау қондырғысына дейін қалай жұмыс істейтінін бақылап тұру қызықты. Өзіңді оның үйлесімді жұмысына бүкіл компанияның нәтижесі байланысты алып бір механизмнің бір бөлігі секілді сезінесің.
Сонымен қатар ең құндысы – бұл адамдар. Ауысымдардан, жөндеу жұмыстарынан, аяз бен аптаптан бірге өтетін ұжымың екінші отбасыңа айналады. Бұл – тәртіп, істі білуің және өзара көмек көрсету жоғары бағаланатын нағыз ерлердің мамандығы.
— Өз мансабыңызда ең бірінші нені мақтан тұтасыз?
— Нағыз адал еңбек жолын таңдап, одан бұрылып кетпегенімді мақтан тұтамын. Компанияға келген күннен-ақ бұл жұмыстың күш-жігерді, төзімділікті, шыдамдылықты және тәртіпті талап ететінін түсіндім. Және мен соған дайын болдым. МГӨ операторының жұмысы – бұл оңай жерде жұмыс істеу деген сөз емес. Бұл – аяз, аптап, түнгі ауысымдар, вахталық режим, үнемі күш жұмсау және ұсақ-түйектің бәріне зейін салу. Мен әрдайым өз жұмысыма бар күшімді салып, ұжымның және компанияның алдындағы жауапкершілігімді түсініп жүрдім.
Мен жұмысымның әрдайым тұрақты болғанына және лайықты ақы төленгеніне қуанамын, компания осы жағын үнемі қамтамасыз етіп отырды, жұмыс істеуге және демалуға жағдай жасап, қызметкерлерге қолдау көрсетті.
— Жұмыс атқарған жылдарыңыздың ішінде қолданып жүрген технологиялар, жабдықтар қалай өзгерді?
— Мен 2004 жылы «ПетроҚазақстанда» жұмыс істеуді бастаған кезде технологиялар мен жабдықтар айтарлықтай ескі болатын, айталық, шығын өлшеуіштер үнемі калибрлеуді қажеті ететін. Жүйелер соншалықты анық болмай, өлшемдердің дәлдігіне аздаған ауытқулармен келетін жағдайларына да тап болып жүрдік, оларды қолмен тексеріп, түзетуге мәжбүр болған кездеріміз болды.
Алайда уақыт өте келе, әсіресе 2010 жылдан анағұрлым заманауи технологияларға ауқымды көшу басталды. Цифрлық шығын өлшеуіштер стандартқа айналды, жабдықтар айтарлықтай сенімді әрі анық бола бастады. Біз халықаралық цифрлық стандарттарға сай келетін заманауи өлшеуіштер мен мониторинг жүйелерін қолдана бастадық. Бұл қателіктерді азайтуға, өлшеулердің дәлдігін жақсартуға және бақылау үдерісін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Бүгінде компания инфрақұрылымын жаңартуын, жаңа технологияларды енгізуін жалғастырып, экологиялық бастамалармен белсенді жұмыс атқаруда. Мысалы, 2009 жылдан бастап ілеспе газдың 95%-дан астам бөлігі пайдаланылып келеді, бұл шығарындыларды азайтып, энергия тиімділігін арттырады, ал 2024 жылы қуаттылығы 400 МВт құрайтын жел электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылды.
Одан басқа, құрал-жабдықтар белсенді түрде жаңартылып, цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізіліп жатыр, бұл өндірудің тиімділігін айтарлықтай арттырып отыр. Бұл компанияға бұрынғыдан да анық және шығынды барынша азайтып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Бұл жерде сен қосып жатқан үлесіңнің бағаланып жатқанын шын сезінесің.
— Қабаттық қысымды ұстап тұру дегенді қарапайым сөзбен түсіндіріп бере аласыз ба және бұл неліктен маңызды?
— Мұнай өндіруді бастаған кезімізде, ол өздігінен шыға бермейді. Мұнай орналасқан қабаттың ішінде қысым бар. Мысал үшін бір бөтелке газдалған суды алайық, оны ашқан кезде газ көпіршіктері жоғары көтеріле бастайды. Сол сияқты қысым да мұнайға жоғары көтерілуге көмектеседі.
Алайда қазған сайын қысым біртіндеп төмендей бастайды, мұнай оңай шыға алмайды. Бұған жол бермеу үшін біз қабаттағы қысымды ұстап тұрамыз. Ол үшін қабаттың ішіне қыртыс «үрленіп кетпеу» үшін су немесе газ айдалады және бұл мұнайды жоғарыға итеріп шығаруға көмектеседі.
Бұл не үшін керек? Егер біз қысымды ұстап тұрмасақ, мұнай бара-бара баяу шыға бастайды, ал белгілі бір уақыт өткеннен кейін мүлдем шықпай қалады. Қабаттық қысымды ұстап тұру өндірудің тұрақты деңгейін сақтап тұруға және оны өсіруге мүмкіндік береді. Сол сияқты егер қабаттағы қысым қатты төмендеп кетсе, бұл жабдықтың бұзылуына алып келуі мүмкін.
— Кәсіби дәстүрлеріңіз немесе ырымдарыңыз бар ма?
— Ырымдарға сенбеймін. Ауысым алдында иықтан түкіретіндер, сағат алдында «ағат сөйлеу» туралы қалжыңды да естігенмін. Алайда жылдар өткен сайын ұңғыманы ырымдардың айдамайтынын және қысымды ауаның ұстап тұрмайтынын түсінесің. Бұл жерде бәрін дәлме-дәл есеп, сенімді құрал және бригаданың жүйелі жұмысы шешеді. Мен тәртіпке, тәжірибеге және жауапкершіліктің ырым емес, өзің көтеретініңе сенемін.
Тоқтар Серікұлы Бердібеков, ұңғымаларды химиялық өңдеу жөніндегі
4-разрядты оператор. Компаниядағы жұмыс өтілі – 12 жыл, кен орны – Құмкөл.

«БАСТЫ ҚАҒИДАМ – ЖҰМЫСТЫ УАҚЫТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ ОРЫНДАУ»
— Осы мамандыққа қалай келгеніңізді айтып беріңізші? Неге дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
— 2010 жылы «Сибу» бұрғылау компаниясында жұмыс істеп жүріп, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-на түйіндемемді жібердім. Біраз уақыттан кейін мені тестілеуден өтуге шақырды. Бірінші рет тапсырғанда тестілеуден өте алмай қалдым, бірақ екінші рет тапсыруға жақсылап дайындалып, тестілеуден сәтті өткен соң, жұмысқа қабылдандым.
«ПетроҚазақстан» менің арманым болатын, 2009 жылы студент кезімде осы жерде тәжірибеден өттім. Сол кезде компанияда заманауи технологиялардың және мұнай өндіру әдістерінің қалай қолданылып жүргенін көріп, қайран қалдым.
— Кен орнындағы алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қандай эмоцияны бастан кешірдіңіз?
— Құмкөл кен орнына алғаш рет келгенімде, оның мұншалықты алып және ұңғымалар санының тым көп екенін күтпедім. Менде күмән әрі қорқыныш көп болды: қолымнан келе ме, тез үйренемін бе, өзіме қандай жауапкершілік алып отырмын деген сұрақтар мазалай берді. Алайда ынтымақты ұйымның арқасында тез бейімделіп кеттім. Қазір осы ұжымым мен үшін екінші отбасыма айналды деп айта аламын.
— Осы жерде жұмыс істеген жылдардың ішінде салада қандай да бір өзгерісті байқадыңыз ба?
— Біздің компаниямыз мұнайды тұрақты және үздіксіз өндіреді. Айтарлықтай өзгерістерді байқаған жоқпын. Осы тұрақтылықтың арқасында мен болашағыма сеніммен қараймын, өзімнің кәсіби дағдыларымды жетілдіріп, мақсатыма апаратын жоспарларымды құрып жүрмін.
— Сіздің мамандығыңызда ең күрделісі және ең маңыздысы не?
— Басты қиындық – бұл вахталық кестенің себебінен отбасымнан, балаларымнан алыс жүруге мәжбүр болатыным. Ал қызығушылығым – жұмыстың өзінің ерекшелігінде. МГӨЦ операторларына қарағанда біз ұңғымаларда химиялық өңдеулер жүргізу үшін басқа кен орындарына да барамыз. Бұл жұмысымызды алуан түрлі етеді.
— Көбіне қандай өңдеу түрлерін жүргізесіз және химиялық реагенттермен жұмыс істеген кезде қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етесіз? Қалыптан тыс жағдайлар болды ма?
— Біз көбіне реагенттердің мынадай түрлерін пайдаланамыз:
* тұз шөгінділеріне қарсы реагенттер;
* металл коррозиясы ингибиторлары;
* аэробтық және аэробтық емес бактерияларға қарсы реагенттер;
* мұнай және су эмульсияларын бұзуға арналған реагенттер.
Ұңғымаларды химиялық өңдеу барысында біз міндетті түрде барлық жеке қорғану құралдарын пайдаланамыз. Одан басқа, желдің бағыты, техниканың дұрыс орналасуы және әріптестердің жұмысты бастауға дайындығы тексеріледі.
Кен орны үлкен болғандықтан, қалыптан тыс жағдайлар да болып жатады. Мұндай жағдайларда мен өз тәжірибеме сүйене отырып, мәселені тез әрі тиімді шешуге тырысамын.
— Өз мансабыңызда ең бірінші нені мақтан етесіз?
— Біздің компаниямыз мұнай өндіру бойынша үздік ондыққа және өңірдегі экологиялық тазалық бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді. Мұны біз мақтан етеміз. Бірақ, ең алдымен, мен 12 жыл бойы бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестерімді мақтан тұтамын.
— Кәсіби дәстүрлеріңіз немесе ырымдарыңыз бар ма?
— Мен ырымдарға сенбеймін. Менің басты қағидам – жұмысты уақытылы әрі сапалы орындау, сондай-ақ жұмыс орнында да, қоршаған ортада да тазалық сақтау.
Суретті түсірген Андрей Тайгунов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!