Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала көрікті кейіпке енеді

22.04.2021, 10:00 740

«Екі қолға бір күрек табылар». Жайшылықта осы сөйлемді көбіміз айтамыз. Шынын айтсақ, жұмыс та көп, жұмыссыздар да көп. Бұл не деген кері кеткен түсінік еді? Тіпті, қара­ма-қайшылық дерсіз. «Жата бермей бірдеңе істеу керек еді» деп жүргендер дәл бүгіннен бірдеңені бастауы керек. Әйтпесе, кеш болуы мүмкін. Бүгінгі мақаламызда біз Қызылорда қаласында атқарылып жатқан жұмыс­тардың бір парасына тоқталып, аз-маз  сандарды  сөйлеткелі  тұрмыз.

Бүгінгі күні Қызылорда қаласында сол жағалаудағы үйлерді қоса алғанда 815 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Оның 426-сы жөндеуді қажет етеді. Былай қарасаң, қорқынышты цифр. Десе де, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында шаһардағы 134 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізі­ліп, меншік иелеріне пайдалануға берілді. Бұл – өте ауқымды  жұмыс. Иә, өйткені мұны көзбен көріп те, құлақпен ес­тіп те жүрміз.

Бағдарламаның  талаптарына  сәйкес ең алдымен тұрғындардың 3/2 бөлігінің келісімі, яғни 70%-ының қолы қойылып, жоба-сметалық құжаттары әзірленеді. Бұл ЖСҚ әзірленгеннен кейін облыстық немесе республикалық бюджеттік бағдарламаларға ұсынылып, қолдау тапқаннан соң тұрғындар тарапынан құрылыс монтаж жұмыстарын істеуге мердігер мекемелер таңдалады. Сонымен қатар, тұрғындар арасынан белсенді топ мүшелері сайланады. Сайланған белсенді топ мүшелері істеліп жатқан жұмыстың барысын қадағалайды, тұрғындар арасынан туындаған сын-ескертпелерді мердігерге жеткізе отырып, орындалған жұмыстардың қабылдау актілеріне қол қояды.

Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында бүгінгі күні 32 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қала аумағындағы 26 үйді жаңғыртуға бюджеттік өтінім ұсынылды.

Иә, тұрғын үй таза болса, жаңа болса, көңілге бір медеу. Соңғы жылдары қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің түрлі-түсті кейіпке еніп, шаһарға көрік беріп тұрғаны рас. Ал, баланы қуанту, уақытын тиімді пайдалануға бейімдеу үшін тұрғын үй аулаларына ойын  алаңдары  ауадай  қажет.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» аясын­да қала аумағындағы көп­қабатты тұрғын үйлердің аулаларына 30 ойын алаңын салуға республи­калық бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша «СК Сапа кз» ЖШС (24 ойын алаңының  құрылысын  жүргізуді) және «Асанас-дар» ЖШС (6 ойын алаңының құрылысын жүргізуді) мердігер мекемелері жеңімпаз болып танылып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Жобаның авторы – «Ремпроек» ЖШС, 1 ойын алаңында футбол алаңы, тренажор және балалар ойын алаңы қаралған.

Сонымен қатар, 60-тан аса ойын алаңы күрделі жөндеуден өткі­зілді.

Жоғарыда аталған жол картасы негізінде қала аумағында 70 аял­дама салу жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша «Азамат» ЖШС мердігер болып анықталған. Жобаның техни­калық қадағалаушысы «Раян и К» ЖШС құрылыс жұмыстарының сапасын  бақылайды.

Тұрғын үйлерге жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, ойын алаңдарын салу, күрделі жөндеуден өткізу, аял­дама салу, т.с.с. жұмыстар көптеген тұрғындардың уақытша және тұрақты жұмыс істеуіне жол ашты. Ол өз кезе­гінде әлеуметтік жағдайдың сәл де болса жақсаруына өз ықпалын тигізері  анық.

2020 жылы 2 көшені (Сағым­баев, Әбдіразақов) жарықтандыру үшін қала­лық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұдан бөлек 8 көшеде жыл соңына дейін жарық бағаналары орнатылады. Көшенің жап-жарық болуы қылмыстың алдын алады, тұрғындардың емін-еркін жүруіне де жағдай жа­самақ.

Қызылорда қаласындағы 19 көшеге тасжол төсеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қалалық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігер мекемелермен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда, құрылыс-монтаж жұмыс­тары жүргізілуде. Ұзындығы 685 метр болатын Қызылжарма-54  көшесіне  тасжол төсеу жұмыстары   да  жалғасып  жатыр.  Мердігер  мекеме – «РеалСтрой-Снаб» ЖШС, техника­лық қадағалаушы мекеме – «Асқар Тау – 2016» ЖШС. Ұзындығы 490 метр болатын Рүстембеков кө­шесіне Рүстем­беков көшесінен Титов-1 кө­ше­сіне  дейін тасжол төсеу жұмыс­тары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «РеалСтрой-Снаб» ЖШС, техникалық қадағалаушы мекеме – «Асқар Тау – 2016» ЖШС.

Әлгінде айтқанымыздай, бұл атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Тұрғындарды жол, жарық, ауыз­су, аяқсу мәселесі, интернет жылдамды­ғы, т.б. мәселелер қатты мазалайды. Жұмыспен қамту мақсатында былтырғы пандемия жағдайында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылғаны мәлім. Ер-азаматтардың қаланың көркеюіне ат­салысып, маусымдық жұмыстарға тартылғанынан  да  хабардармыз.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: