Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент Агенттік жұмысына қойылатын талапты күшейтті

28.01.2026, 14:25 42

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік қызметкерлерімен өткен жиында қаржылық қауіпсіздік пен заңсыз капитал айналымына қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, сала мамандарының тиімді әрі алаңсыз қызмет атқаруы үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын айтты.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Агенттіктің кадрлық әлеуеті айтарлықтай күшейтілген. Материалдық-техникалық база жаңартылып, қызметкерлердің жалақысы өскен, баспана мәселесі шешілген, әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде енгізілген.

– Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент нақты нәтижелерге де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халықаралық қаржылық қауіпсіздік жүйесіне сенімді түрде кірігіп келеді. Ел Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтіп, 2023 жылдан бері Эгмонт тобы аясында Еуразия аймағының мүддесін қорғап отыр. Қазіргі таңда 20 ірі криптобиржамен сындарлы әріптестік орнатылған.

Мемлекет басшысы елімізде блокчейн-технологияларын талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесінің құрылғанын атап өтті. Бұл – Орталық Азия аумағында ашылған алғашқы осындай бөлімше. Оның жұмысы цифрлық активтер арқылы жасалатын заңсыз операциялардың алдын алуға бағытталған.

Президенттің мәліметінше, өткен жылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 200-ге жуық жалған компания әшкереленіп, олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асқан. Сонымен қатар 80-нен астам қылмыстық топ құрықталып, 100-ден астам қаржы пирамидасының жолы кесілген.

– Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз, – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алдағы кезеңде де қаржылық мониторинг пен экономикалық қауіпсіздік саласындағы жұмысты күшейтіп, заңсыз капитал қозғалысына қарсы күресті жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: