Коронавирус індетінің кері әсері Қазақстан экономикасын айналып өткен жоқ. Ауыз толтырып айтарлықтай өсу қарқыны бар елдің экономикасын қос бүйірден қысып-ақ тұр. Қысқа мерзім ішінде инфляция өсіп, энергетика, тау-кен және металлургия компанияларының кірістері түсіп үлгерді. Халықтың біраз бөлігінің әлеуметтік ахуалы нашарлады. Қала кезген «дала тұрғындары» жалдамалы жұмысы мен жалдамалы пәтерін тастап, ауылға қайтуға мәжбүр болды. Осылайша, «COVID-19» пандемиясы бүкіл әлемге экономикалық «апат» әкелді десек те қате болмас еді. Өйткені, коронавирустың алғашқы «жемтігі» – адам (мемлекет үшін ең басты капитал – адам – ред.) болса, одан кейінгісі – экономика.
Халықаралық еңбек ұйымы ең көп зардап шеккен кейбір салаларға назар аударып, дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған тәжірибелік қадамдар ұсынды. Болжам бойынша 2020 жылдың екінші тоқсанында «COVID-19» пандемиясымен байланысты дағдарыс әлемдік жұмыс уақытының 6,7 пайызға қысқаруына әкеледі, бұл өз кезегінде 195 миллион жұмысшының толық жұмыс уақытына тең. Бүгінде Араб елдерінде толық уақытпен жұмыс істейтіндер 5 млн, Еуропада 12 млн және Азия-Тынық мұхиты аймағында 125 млн адамды құрайды. Табысы жоғары елдерде карантинге байланысты шығын да көп болуы мүмкін. Өйткені халықаралық сарапшылар коронавирустан кейін болатын дағдарыс сілкінісі 2008-09 жылдардағы қаржылық дағдарыстың салдарларынан әлдеқайда жоғары болатынына сеніп отыр. «2020 жылы әлемдік жұмыссыздық деңгейі іс-шаралар мен саясаттың одан әрі дамуына тікелей байланысты. Жыл аяғында бұл көрсеткіш халықаралық қаржы ұйымы болжаған 25 миллионнан да жоғары болуы мүмкін» делінген ХЕҰ-ның ресми парақшасында.
Пандемия таралғалы әлемдік экономиканың табысы да күрт төмендеді. Дүниежүзіндегі 3,3 миллиард адамның 81 пайызы, яғни әрбір бесінші тұрғын табысынан айырылған.
– Дамыған және дамушы елдерде жұмысшылар мен кәсіпорындар табыс апатына ұшырайды. Біз тез шешім қабылдап, бірге әрекет етуіміз керек. Жаңа зерттеулерге сәйкес, жұмыстан босатылғандар санының күрт өсу қаупі бар салаларда, жалақы аз және жұмыс уақыты қысқарған кезде 1,25 млрд адам жұмыс істейді. Олардың көпшілігі ақы аз төленетін, біліксіз жұмыспен айналысады және олар үшін кенеттен табыс жоғалтуы да ықтимал. Халықаралық ынтымақтастық 75 жылдан астам уақыт ішінде ең ауыр сынақтан өтуде, – дейді Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Гай Райдер.
Ал Қазақстан жаһанды жайлаған пандемиядан кейінгі еңбек нарығын қалай жандандырмақ? Жаппай тараған індеттің экономиканың сегментті салаларының алдына кесе-көлденең тұра қалғаны анық. Бұл үшін қандай шаралар қабылдануда? Жаһандық жаңа өзгерістердің алдында тұрғанымызды және елде дағдарыс салдарымен күресуге мүмкіндік те, қор да бар екенін президенттің өзі айтты.
– Салықтық преференциялар мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есепке алмағанда дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 4,4 трлн теңгені немесе 10 млрд долларды құрайды. Бұл қаражатты дұрыс жұмсау арқылы біз дағдарысты жеңетініміз сөзсіз. Дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, әлбетте, бұл – қауіп, екіншісі – мүмкіндік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу, – деген еді Ақордада Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ел президенті.
Айта кетейік, өткен жылдың соңғы тоқсанында елімізде 441,4 мың жұмыссыз тіркелген. 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар саны 81,1 мың адамға жеткен. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі өткен жылы 4,3%-ды көрсеткен. Күнделікті көріп отырғанымыздай, барлық өңірдегі ауыл халқының әлеуметтік ахуалы қандай да бір төтенше жағдай мен әлеуметтік жеткіліксіздік жағдайына әзір емес. Ауылдық деңгейдегі жұмыстар басқару, медицина, білім және ауыл шаруашылығы салаларынан аса алмай отырғаны анық. Мұны ресми статистикалық мәлімет те растап отыр. Сондай-ақ, қалалық жерде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2,7% болса, ауылдық жерде бұл сан 6,6%-ды құрайды. Айырмашылық жер мен көктей екенін өзіңіз-ақ есептеп көрсеңіз болады. Осыдан келіп кедейлік мәселесі ушығады. Ауылдық елді мекендердегі бұл көрсеткіш қалаға қарағанда 2,5 есеге жоғары. Төтенше жағдай режимі жарияланған мерзім аралығында бұл сандардың тағы ұлғайғаны анық. Одан қалды табысынан айрылу жағдайына байланысты әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 42500 теңге әлеуметтік төлем алу үшін 18 млн 670 мың халықтың 8 миллион 23 мыңы өтініш берген. Кірісін жоғалтқаны анықталған 4 млн 250 мыңнан астам адамға тағайындалып, 3 млн 672 мың өтінімге бас тартылған. Ең көп өтініш берушілер де – халқының саны көп Алматы мен Түркістан облыстарының тұрғындары.
Мемлекет қабылдаған ұзақ мерзімді перспективада ел экономикасы біршама оңалғанның өзінде құрылымдық өзгерістерге тап болатыны анық. Сөйтіп, Қазақстан өзінің экономикалық дамуының параметрлерін түзету үшін жаңа қадам басуға мәжбүр. Әлбетте, соңғы рет 2008-2009 жылдары ел экономикасы күйреу мен дағдарысқа тап болды. Бірақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағыдай ұзақ жылдық жұтаңдыққа тап болған жоқпыз, әрине. Бетін аулақ қылсын! Десек те, дағдарысқа қарсы жол карталары әзірленіп, бағдарламалар бағытымен жұмыс істеді. Бұл жолы да солай болмақ. Дағдарыстың екінші мүмкіндігі елдегі білім, медицина салаларына түбегейлі өзгеріс енгізу қажеттігін көрсетіп берді.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!