Облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 420 шақырымды құрайды. Оның 1016 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1849 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болып табылады. Жалпы, жыл басынан бері ұзындығы 275 шақырымды құрайтын көше мен жол желілері жөндеуден өтті. Ал қазіргі таңда ұзындығы 372 шақырымдық автомобиль жолдары мен көпір өткелдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерқыран Жалғасбаев хабарлады.
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында автожол құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігі айтылды. Осыған сәйкес, 2025 жылға дейін облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі индикаторлық көрсеткішін 95 пайызға жеткізу міндеттелді. Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 188 шақырым жол салынды. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 63 шақырым көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық деңгейін 82 пайызға жеткізу жоспарлануда. Аймақта жолаушылар тасымалы саласында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, облыс аумағындағы 212 елді мекенді, ауданды және облыс орталығымен байланыстыратын 205 қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар «Korkyt Ata» әуежайында демеушілік есебінен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысының орынбасары Ерқыран Ертілеуұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!