Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Өткен 4 айда Қызылорда облысының өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,9%-ға артты. Бұл көрсеткіш бойынша бірнеше ай бойы өсім қалыптасып, өңір бірінші орынға тұрақтады. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері бөлінісінде де өңдеу өнеркәсібі көлемінің өсімі байқалады. Бұл – тынымсыз жұмыстың нәтижесі. Сондықтан осы қарқынды төмендетпеуіміз қажет. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін қала және аудан әкімдеріне осы бастан қосымша резерв іздестіруді тапсырамын. Инвестициялық жобалар бойынша туындаған мәселелерді шұғыл шешіп, инвесторға қолайлы ахуал қалыптастыру қажет. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, биылға жоспарланған жобалардың мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз етіңіздер. Өңірде жаңа өндірістерді құру бағытында тиісті жұмыс өз деңгейінде жүруі керек. Тоқтап тұрған жобаларға басқармамен бірге талдау жасап, тиімділігіне байланысты ұсыныс енгізуді тапсырамын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Биыл облыста өңдеу өнеркәсібіне бағытталған жалпы құны 13,8 млрд теңгені құрайтын 15 жоба жоспарланған. Бүгінгі күні оның 2-еуі іске қосылып, 1 жоба сынақ өнімін шығаруда.
Маусым айында шыны зауытының ішінен қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі жұмысын бастайды. Бүгінде қондырғыларды монтаждау толығымен аяқталды.
Жыл аяғына дейін әк және құрғақ құрылыс қоспасы, асфальтбетон, күріш ақтау өндірістері іске қосылуы жоспарланған. Оған қоса, қуаттылығы жылына 720 мың шаршы метр айна шығаратын зауыт құрылысы басталады. Қаржыландыру мәселесін Өнеркәсіпті дамыту қоры қарастыруда.
Түрік инвесторлары қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығын салуда. Ақпан айындағы Мемлекет басшысының Қатарға жасаған іссапары кезінде қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу-газ электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылды. Станцияны 2024-2029 жылдары Қызылорда облысында салу көзделген. Қазір жобаны орналастыру үшін 30 гектар жер учаскесі белгіленді. Сондай-ақ, қуаттылығы 50 МВт-тық жел және 40 МВт-тық күн электр станциялары салынады.
Шет елдермен инвестициялық әріптестікті дамыту мақсатында түрік компаниясымен тоқыма емес бұйымдар және тамшылатып суару қондырғылары өндірісін іске асыру межеленген. Сондай-ақ кореялық компаниямен қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жобасы келісілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!