Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

О.Сәбден: Қазақстанды басқару жүйесін 5 аймақ құру арқылы ғана жетілдіруге болады

21.10.2025, 8:40 129

HALYQLINE.KZ

«Бұрын экс-президент Назарбаевтың тұсында басқару жүйесі жоғарыдан төмен қарай болды. Ол кезде автократиялық, бюрократиялық жүйені ұстандық. Жоғары не айтса, сол болатын. Абай айтпақшы, «болды көндім, басты изедім» болып келді. Қазір бізге осыны өзгерту керек. Ол үшін басқару жүйесін 20-30 пайызға дейін қысқарту қажет. Ескі жүйенің азаматтарынан арылу керек. Жастарды көбірек тарту қажет. Қазір бізге түбегейлі өзгерістерге бару керек. Өткенде, өз жолдауында президент Тоқаев Парламенттің тек бірпалата болатынын, Сенаттың тарқайтынын айтты. Мен осы ұсынысты осыдан бірнеше жыл бұрын айтқанмын. Қазір жүзеге асып жатса да кеш емес. Осыны тез арада қолға алу керек. Президент Сенатты таратуды 2027 жылға қалдырды ғой. Менің ойымша, жылдар бойы тосып қажет емес, биыл көктемде Парламентті таратып, жаңадан сайлау өткізіп, осы өзгерісті жасау керек. Қазір халық көп депутаттарды танымайды. Өз округінен сайланған депутаттарды білмейтін елдің қарасы көп. Осындай жағдай болмауы үшін бірпалаталы парламенттегі депутаттардың 50 пайызын халық өзі сайлауы қажет. Осылайша, Назарбаевтың бюрократиялық басқару жүйесінен кету керек те, қаржыны жоғарыдан сыбайластықпен беруді қою қажет. Мысалы, қазір бізді үш-ақ өңір асырап отыр. Олар – Алматы, Астана, Атырау. Қалған 17 облыстың барлығы дотацияда. Мұнайдан, газдан және басқалардан түскен қаражаттың барлығы бюджетке жиналып, сол қалған облыстарға беріледі. 30 жылдан астам уақыт болды, осылай отырмыз. Осы уақытқа дейін бірде-бір аймақтың әкімі, бірде-бір министр немесе премьер-министр бюджетке масыл болып отырған облыстарды дамыту туралы бағдарлама ұсынған жоқ. Бюджеттен дотация алып отырған облыстарды «былай жетілдірейік» деген ұтымды ұсыныстар айтқан шенеуніктер болған емес. Осы арада мен айтар едім, Қазақстанды басқару жүйесін 5 аймақ құру арқылы ғана жетілдіруге болады. Ол аймақтар – Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан делік. Бұдан соң ол 5 аймаққа 5 әкімді бекітіп, ол әкімдерге үкімет басшысының орынбасары деген статусты қоса беру қажет. Міне, осы сәтте ол 5 әкім үлкен экономикалық мәселелермен айналыса алатын болады. Министрлерге сөздері өтімді болады. Өндірісті өндіру, инвестиция тарту, халықтың экономикасын көтеруге мемлекеттік деңгейде бағдарламалар жасай алады. Ал қазіргі әкімдер не инвестиция тарта алмайды, не берілген қаражатты дұрыс бөле алмайды. Олардың қазір атқарып жүрген шаруасы – бітпейтін тендер өткізеді, одан қаржы жымқырады. Сөйтіп, бюджеттен бөлінген қаржыны кеміріп отырады.

Экономика ғылымдарының докторы Оразәлі СӘБДЕННІҢ

«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: