Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нақты нәтиже мен ілкімді іс

16.01.2023, 17:30 304

HALYQLINE.KZ

«…Аймақтың экономикалық һәм экологиялық дамуында ілгерілеу бар. Қызылорда қаласы дамудың даңғыл жолына түсті. 2022 жылы мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асып, тың бастамалар сәтті орындалды…» Бұл – өткен аптаның жұмасында қала әкімі Асылбек Шәменовтың өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында  сөйлеген сөзінен үзінді. Иә, барыс жылында қос ғасырлық тарихы бар қаланың дамуы адымдап алға басты. Кәсіпкерлерді қолдаудың арқасында бірқатар жұмыс оң нәтижесін берді. Брифингте шаһар басшысы атқарылған жұмыстарға ғана тоқталып қоймай, осы жылы қандай жұмыстарды басты назарға алатынын мәлімдеді.

Былтырғы жыл еліміз үшін үлкен өзгерістерге толы болды. Тарих сахнамыз біршама жаңашылдықпен толықты. 27 жылдан кейінгі екінші референдум, Президент сайлауы, «Қаңтар оқиғасы», Үкімет құрамының жаңаруы, т.т. осындай сындарлы сәтте шаһар өз алдына қойған міндеттерді орындауға барынша тырысты және жоспарға сай әрекет етті. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалардың игілігі – «Нұрлы жер» арқылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы №2 шағын ауданында құны 301 миллиард теңге тұратын 10 көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Бұл тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса, жеке инвесторлар есебінен 9,9 миллиард теңгеге 509 пәтерлі 18 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мұнан бөлек, ауқымды жобаның бірі – «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы тұрғын сектордың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы. Оның ішінде «ұңғымалар бұрғылаумен су жинағыш құрылысын салу» жобасы бар. Айта кету керек, экс-әкімдер бәйтеректіктерді әбден шаршатқан болатын. «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп тайып кеткендері бар. Ал, Асылбек Шәменов бұл мөлтек аудан тұрғындарының мұңына құлақ асқан сыңайлы.

Республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 195 миллион теңгеге қуаттылығы 7200 текше метр болатын 7 дана ұңғыма, 3 дана резервуардың құрылысы жүруде. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы «Бәйтерек» және қосымша Шанхай, КБИ шағын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл туралы шаһар басшысының баяндамасынан естідік.

Қала көлемінде газ желісі тартылмаған елді мекендердің бірі Ақсуат ауылдық округі болатын. Бұл ауылдық округке 2022 жылы республикалық бюджеттен 4,4 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Аталған жобаны аяқтауға биыл 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Осылайша, біз тағы бір елді мекенімізді «көгілдір отынға» қосатын боламыз. Ашығын айтуымыз керек, газға қосылмаған тағы бірнеше ауылымыз бар. Оларға да нақтылы жобалар әзірленді. Биыл газдандыру жобасына Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай, Досан елді мекендері енді. Оған Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен  662,7 миллион теңге бөлінді. Игілікті іс ақпан-наурыз айларында басталады. Одан бөлек, саяжайлар да назарымыздан тыс қалған емес. Өткен жылы «Болашақ» бау-бақша серіктестігі, «Еңбек» аумағындағы жеке тұрғын үйлер секторы, «Эдельвейс», «Орбита» аумақтарындағы ауызсу желілерінің құрылысына 509,8 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Оны аяқтауға осы жылға облыстық бюджеттен 58,9 миллион теңге бөлініп, көзделген жұмыстар толығымен бітетін болады, – деді қала әкімі.

 Аймақтың басты мәселесінің бірі қоғамдық көлік болатын. Осы түйткілдің түйіні өткен жылы тарқатылып, «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 миллиард 430 миллион теңге бөлінді. Соның аясында, 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Ал қалған автобустар алдағы ақпан айында жеткізілетінін айтты қала әкімі. Дегенмен, бұл тұрғындардың өтінішін толық қанағаттандырады деу қиын. Сондықтан, биыл тағы 150 автобус алуға облыс әкімі қолдау білдіріп, қазынадан 1 миллиард 430 миллион теңге бөлді. Шаһар басшысы қоғамдық көлік мәселесінің өткір екенін білетінін және осы мәселені өзі қадағалайтынын жеткізді. БАҚ өкілдерінің басым бөлігінің сауалы автобустардың жұмысына қатысты болды.

Меценаттар мен демеушілер де ел үшін аянып жатқан жоқ. Өткен «Балалар жылы» аясында облыс әкімінің бастамасымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен қала және оған қарасты кент, ауылдық округтерге барлығы 50 ойын-спорттық алаңы салынды. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үй аулаларына бюджет есебінен 3 спорттық ойын алаңын салуға 52,5 миллион теңге бөлініп, пайдалануға берілген болатын.

Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы облыс орталығында құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын Неке сарайы және құны 3,7 миллиард теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы және Сол жағалаудағы құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысы басталды. Биыл аталған нысандардың құрылысын жалғастыруға республикалық және облыстық бюджеттен 5 миллиард 536 миллион теңге бөлінген.

Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының іргетасы қаланды. Бұл ғимарат биылғы жылы халық игілігіне пайдалануға беріледі.

Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 миллиард теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды. «Қазгермұнай» Ұлттық компаниясы басшылығының қолдауымен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы бастау алып, «Саутс Ойл» компаниясы 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионын салуға ниет білдірді.

Өткен жылы қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ете аламыз, – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Қала әкімі осы жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға, ескі көпқабатты үйлердің қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге, жаяу жүргіншілер жолын жаңалауға және тағы да басқа атқарылатын жұмыстарға республикалық, облыстық бюджеттен 48 миллиард теңге бөлініп, алдағы жылы құрылыс нысандарының саны артатынын және оған көптеген жұмысшы тартылатынын жеткізді.

Шаһарымыздың инфрақұрылымын дамытуға арналған қосымша жобаларымыз да бар. Ол үшін тиісті министрліктерге құны 17 миллиард 522 миллион теңгеге 51 жобаны ұсынып отырмыз. Аталған жобалар мақұлданса, тұрғындар көкейінде жүрген бірқатар мәселе шешімін табатын болады, – деп қорытынды сөзін айтты қала әкімі.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері қаламыздағы жарық, ауызсу, жол, жоғарыда айтып өткен қоғамдық көлікке қатысты сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде резонанс тудырған «Мейірім Қызылорда» қоғамдық қорының директоры қызметінде 1,5 ай жұмыс істеген азаматтың өңіріміздің белгілі тұлғаларына дәлелсіз айып тағылған видеосына қатысты сұрақ қойылды. Себебі оның қатарында Асылбек Шәменов та бар. Осы тұста шаһар басшысынан өз ақиқатын естуді жөн көрдік. «Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. «Не болды, не қылды?», іс толық аяқталмайынша, бізге де ешнәрсе айтылмайды. Ал, видеода айтыландай, тікелей жұмыс істеп, оған тапсырма беріп жүргеніміз жоқ» деп ашығын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: