Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев: Жоғарыдан келетін су көлемі тұрақты, күнделікті бақылауда болуы керек

26.03.2024, 15:00 183

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған мәселеге орай жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін алдағы 5 жылда 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауды биылдан бастауымыз керек. Ол үшін Үкімет мақұлдаған егін шаруашылығы индикаторлары бойынша биылға болжанған көлемді агротехникалық талаптарды сақтап, мерзімінде егу қажет. Жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым, қаржы және су ресурстарымен қамтамасыз ету басты назарға алынады. Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша «Шардарадан» жоғары орналасқан «Тоқтағұл», «Әндіжан», «Қайраққұм», «Шарбақ» су қоймаларындағы су көлемі 12,1 млрд текше метр, бұл өткен жылдағыдан 700 млн текше метрге кем. «Шардара» мен «Көксарайға» жиналған су көлемі 1 млрд текше метрге аз. Вегетациялық кезеңде «Шардара» су қоймасына жоғарыдан қосымша 3 млрд текше метр су берілмесе, қиындықтар туындайды. Сондықтан жоғарыдан келетін су көлемі тұрақты, күнделікті бақылауда болуы керек», – деді аймақ басшысы.

Жиында шаруашылықтардың «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала» бағдарламасымен 2,5 млрд теңге несие алуы, ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтау, су үнемдеу технологиясы қолданылатын егіс көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.

Мәжіліс қорытындысымен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына жанар-жағармайдың бекітілген кесте бойынша жеткізілуін қадағалау, қаржыландыруды ұйымдастыру, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, бақшалыққа қажетті судың берілуін үйлестіріп, көлемін арттыру тапсырылды. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы егіске қажетті суармалы судың лимитін сәуір айының 5-іне дейін нақтылауы тиіс. Ал, «Қазсушар» мекемесінің облыстық филиалы көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын (каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды, гидропостарды) жөндеуді толық аяқтауға жауапты. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне қажетті тыңайтқышпен, тұқыммен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындардың картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егетін қосымша жерін дайындауды 1 мамырға дейін аяқтау жөнінде тапсырма берілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: