Жылу беру маусымына небәрі санаулы күндер ғана қалды. Аймақ тұрғындары күздің ызғары аяққа сезілетін уақытта, қытымыр қыста да жылудан қиындық көрмеуі тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарда коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау аса маңызды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері және сала басшыларымен бірге жылу беру маусымына дайындық мәселелерін пысықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов алдағы дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына әзірлігі 100 пайызға жетіп қалған. Ал, алдағы жылу беру маусымына жоспар бойынша облысқа жалпы 176,1 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындарға 142,5 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 33,6 мың тонна керек.
Аймақ басшысы алдағы жылу беру маусымы іркіліссіз жүруі керек екендігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, әкімдер уақыт оздырмай, көмірдің 3 айлық қорын алдын ала жасап алуы тиіс деді. Ал, жанар-жағармайдың тиісті көлемде жеткізіліп, бекітілген бағада босатылуын бақылауға алу міндеттеді.
«Жыл сайын ауарайы суытқан кезде облыс орталығындағы көмір қоймаларында қатты отынға сұраныс артып, халық арасында ажиотаж туындап, тұрғындардың шағымы көбейді. Мұны болдырмауымыз керек. Себебі, қалаға жақын орналасқан Сырдария, Жалағаш, Шиелі аудандары өздеріне қажетті көмірді қаладан тасымалдайды. Биыл да осы көрініс қайталануы мүмкін, өйткені аудандарда отын қоры әлі де аз. Осы мәселеге жете көңіл бөліңіздер!», – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі көмір қорын жеткізуде Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарының көрсеткіші көңіл көншітпейтінін алға тартып, әкімдерге 1 қазанға дейін жұмысты үйлестіруді қатаң тапсырды.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы қала, аудандардағы көмір қорына деген қажеттілік пен нақты жұмыстарды тізбелеп, қатты отынды тасымалдау мәселесіне тоқталды.
Жиында коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердегі қарыз берешегі мәселесі ашық талқыланды. Аймақ басшысы жұмысты тиімді ұйымдастыра алмай отырған сала басшыларын сынға алып, төлем түсіру мәселесіне жеткілікті деңгейде мән беріп, жұмысты жандандыру қажет деді. Сондай-ақ, білім, мәдениет, денсаулық салаларындағы нысандардың жылумен қамту процесінде ақау туындамауы керек екенін ескертті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!