Бүгін Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебайдың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде екі мәселе талқыланды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен 2024 жылдың қорытындысымен қала бюджетінің игерілуі, салық базасының ұлғайтылуы және макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы талданып, негізгі бағыттар бойынша есептер нақтыланды.
Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова мәлімдегендей, қала бюджеті жыл басында 58,2 млрд теңгемен бекітіліп, жыл аяғында 112,7 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға өскенін білдіреді.
Ел Президентінің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауының арқасында өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі – 108,9 пайызға, инвестициялар тарту – 119,0 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 159,7 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі – 115,4 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 101,3 пайызға, сауда көлемі 105,7 пайызға артты.
– Биыл да барлық көрсеткішімізді жоспарланған межеден асырып орындауға мүмкіндігіміз мол. Сондықтан салық төлемдерін аз төлеу немесе төлемдерден жалтару фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Өйткені, салық базасын ұлғайту экономикамыз үшін аса маңызды. Әсіресе, қала аумағында орналасса да салығын басқа өңірлерге төлеп отырған кәсіпкерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Ғалымжан Бақтығалиұлы
Жиында көтерілген жекелеген мәселелер бойынша талқылау өтіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!