Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көшелер жөнделіп жатыр

22.09.2020, 8:45 838

«Арал» десе көз алдымызға балығы тулап, толқыны жағаны ұрған теңіз елестейтіні белгілі. Олай болуы заңдылық та. Қарт теңіздің өзегі талған талайға пана болғаны да тарих парағында өшпестей жазулы түр. Мәселен, Кеңес өкіметі тұсында аштықтан зардап шеккен Поволжье өлкесінің халқын ажалдан арашалап қалған Арал өңірінен жеткен 14 вагон балық екенін кім білмейді?! Ал бүгінгідей әлемді дағдарыс салқыны шарпып, індет белең алған кешегі күндердегі шектеу шаралары ойға алған жоба-жоспарлардың жүзеге асуын тежегені баршаға аян. Алайда мұндай мәжбүрліктен туындаған шаралар көпшіліктің ертеңгі күнге деген үкілі үмітін үзген жоқ. Оны айтасыз, ауыл арасында жүзеге асқан бірқатар игілікті істер тұрғындардың сенімін нығайтып, ризашылығын туындатуда. Мұны күнделікті өмірде көріп-біліп жүрміз. Сондай ел-жұрттың көкейінен табылған толымды тірліктерді Арал ауданынан да көре аласыз.

Ағымдығы жылы Арал қаласындағы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Арал қаласы көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеуге облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Жалпы ұзындығы 22,32 шақырымды құрайтын 33 көшенің 28-іне асфальт жабындысы, қалған 5 көшеге қиыршық тас (ГПС) төселмекші. Бұл әрі жалаң сөз емес, нақты қолға алынуда. Өзіміз тілдескендерден нақты кезеңде Арал қаласындағы Ғ.Мұратбаев, М.Өтемісұлы, Т.Тоқтаров, Жылқаман батыр, Сартай батыр, Достық, Т.Нұржанов көшелерін асфальттау жұмыстары аяқталса, Т.Әубәкіров, Н.Балапанов, Ғ.Мұстафин, Б.Тәңірбергенов, Р.Тұрымбетов көшелеріне толықтай қиыршық тас төселіп біткендігін естігенде, біздің де кеудемізді қуаныш кернеді. Қалай десек те, небары бір жылдың ішінде 33 көшенің жөндеуден өтіп, асфальттануы оңай жұмыс емес.

– «Жол азабын жүрген біледі». Жол мәселесі ауданда күн тәртібінде тұрақты қойылған. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы көзі қарақтыларға мәлім. Жол сапасын жақсарту, жүргіншілердің діттеген жеріне қиындықсыз жетуі жіті назарға алынуы тиісті, – дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.

Арал қаласының көшелеріне жасалып жатқан жөндеу жұмыстары көпшіліктің көңілінен шығуда. Жаңауыл мөлтек ауданы, Махамбет Өтемісұлы көшесінің тұрғыны Жақсыбай Жұқабай қаладағы көптеген көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуі автокөліктер қозғалысы мен тұрғындардың қатынасы үшін өте қолайлы болатынын, бұған дейін өзі тұратын М.Өтемісұлы көшесінде күз, көктем мезгілдеріндегі жауын-шашында, еріген қар суының әсерінен топырақ иленіп, тұрғындардың қозғалысына көп кедергі жасап келгенін, асфальт төселгеннен бері тақтайдай тегіс жолмен көліктер еркін жүргенін айта келе, осындай игілікті іске бастамашы болған азаматтарға, жол құрылысын жүргізіп жатқан мекеме жұмысшыларына көше тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

Ал Ранай Сатаева: «Қалада жол салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, қалаға кіреберіс Абай көшесі абаттандырылуда, мұнан бөлек көптеген көшелерге тас төселіп, асфальтталды, асфальт жабындысы төселетін 28 көшенің ішінде біз тұратын І.Жансүгіров көшесінің де бар екендігі тұрғындар үшін ерекше жаңалық болды. Қазір көшеге қиыршық тас төгіліп, тегістелді. Енді асфальтталады деп күтілуде. Ол күн де алыс емес. Бізге жақын орналасқан көшелер кезегімен асфальтталды. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді. Бұрын жолдар ойдым-ойдым, көктем мезгілінде су жиналатындықтан біршама қиындық тударатын. Енді ол кезеңдердің барлығы артта қалатын болды», – деген пікірін жеткізді.

Осылайша Арал қаласының көшелерінде қызу жұмыс жүруде.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: