Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Энергетика – экономиканың драйвері

22.07.2024, 9:40 198

HALYQLINE.KZ

Шаруашылықтың аса маңызды салаларының бірі – энергетика. Бұл сала өнеркәсіп пен қоғамның барлық өндіргіш күшінің аумақтық орналасуы мен дамуына әсер етеді. Сол себепті де, энергетика саласын республика шаруашылығының жетекші саласы деуге толық негіз бар. Қазіргі кезде ауылдық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету аса маңызды. Өткен жылдың қорытындысымен облыс аумағында 4 қала және 35 ауылдық елді мекен табиғи газға қосылып, тұрғындарды газдандыру үлесі 75 пайызды құрады. Ал биыл 4 ауылдық елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін тағы 7 ауылдық елді мекен газдандырылатын болады деп күтілуде. Салада атқарылған сан түрлі жұмысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин облыстың бас ақпарат алаңында тізбектеп берді.

– Ауызсумен қамту бойынша облыста 230 ауылдық елді мекеннің 204-і немесе халық санымен алғанда 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Қалған 26 ауылда 7 мыңнан аса адам немесе ауыл халқының 1,6 пайызы қоныстанған. 26 елді мекендегі халықты 100 пайыз ауы сумен қамту бойынша кезеңдік жоспар бекітіліп, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, барлық елді мекен 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады, – деді Медет Усаин.

Бүгінде облыс аумағында жалпы ұзындығы 10490 шақырым электр желісі және әртүрлі кернеуліктегі 2008 дана қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі 66 пайызды құрайды. Ал жауапты мамандар жыл соңына бұл көрсеткішті төмендетуге жұмыс жасамақ.

– 2024 жылы электр жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға тиісті қаржы қаралды. Бөлінген қаржы көлеміне 374,5 шақырым электр желісі мен 67 дана қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Нәтижесінде тозу деңгейі 66 пайыздан 64пайызға дейін төмендетіледі деп күтілуде, – деді Медет Усаин.

Бүгінде облыс аумағында 216 шақырым жылу желісі орналасқан. Олардың тозу деңгейі 44,6 пайызды құрайды. Жылу желілерін жаңғырту бойынша 6 жоба іске асырылмақ. Одан бөлек, 2025 жылдың тамыз айында жаңа жылу электр орталығы да іске қосылатын болады. – Облыс аумағында 1067 әлеуметтік нысан бар. Олардың қысқы маусымға дайындығы 65 пайызды құрайды. Яғни, білім беру нысандары 63 пайыз, денсаулық сақтау 67 пайыз, ал мәдениет және спорт нысандары 65 пайыз болып отыр. Одан бөлек, өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда қаламызда 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Инвесторы – «Акса Энерджи» компаниясы. Негізгі қондырғыларды дайындауға шетелдік компанияларға тапсырыс беріліп, тамыз айынан бастап құрылыс алаңына жеткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Ал, станция құрылысы 2025 жылдың тамыз айында аяқталып, іске қосылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: