Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

iPhone-ға байлық салығы салына ма?

27.10.2023, 15:00 279

HALYQLINE.KZ

Ұлттық экономика министрі сенат кулуарында қымбат смартфондар, нақтырақ айтқанда, iPhone ұстайтындарға байлық салығы салына ма деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сайты ақпарат таратты.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қандай құны бар нысандарға байлық салығы салынатынын түсіндірді.

«Қазір бұл көрсеткішті талқылап жатырмыз, мысалы, 100 млн теңгеге жаңа автокөлік сатып алынды делік – көлік салығымен қатар, байлық салығын да төлеу керек болады. Қымбат жылжымайтын мүлік нысанын сатып алдың ба – жылына белгілі бір байлық салығын төлеуің керек. Жылжымайтын мүлікке тоқталсақ, мысалы тұрғынның әрқайсысы 10 млн теңге тұратын 5 пәтері болса, ол әрбірі үшін 10 мың теңге салық төлейді, ал енді 5 пәтер әрқайсысы жеке есептелмей, жалпы 50 млн теңге деп белгіленеді – сонда көрсеткіш басқа болады», – деп мәлімдеді министр.

Қуантыров iPhone байлық салығының нысаны болмайтынын айтты.

«iPhone ары кеткенде 1,5-2 мың доллар тұрады, оған тіпті қатысы жоқ. (…) Ал егер азамат 200-300 млн теңгеге көлік алса, байлық салығын төлеуі керек болады», – дейді Ұлттық экономика министрі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Ұлттық экономика министрі сенатта Қазақстанда байлық салығы аясында ұсынылып отырған жаңашылдықтар туралы айтып берген еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы халыққа Жолдауында елімізде орта тапқа әсер етпейтін байлық салығын енгізу керегін мәлімдеген.

Кейінірек қазақстандықтар болашақ байлық салығының жалған кестесін тарата бастады – онда 2 млн теңгеден бастап мүлікке салық салынатыны көрсетілген еді. Сол кезде Ұлттық экономика министрі Қазақстанда байлық салығы нақты қандай нысанға салынатынын түсіндірген. Оның айтуынша, бұл салық құны едәуір жоғары мүлікке салынады.

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: