Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Инвестиция тарту мәселесі қаралды

06.03.2024, 8:15 193

HALYQLINE.KZ

Кеше ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестицияларды қолдау және ынталандыру іс-шараларының тиімділігі, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру мәселелері қаралды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, күн тәртібінен тыс Алматы қаласындағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қабылданған шаралар туралы баяндады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкіметтің алдына инвестиция тарту бойынша ауқымды міндеттер қойылғанын баса айтты. Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы аясында биыл республикада 2,3 трлн теңгенің 234 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

Мәжілістен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы бағыттағы жұмыстарды нақтылады.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастауды тапсырған болатын. Осыған байланысты, өңірдегі іске асырылу сатысындағы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды сүйемелдеп, туындаған мәселелерді шешу, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Биыл облысқа 517,5 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілді. Қаңтар айының қорытындысымен қаржыландырудың барлық көздерінен 40,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 32,4%-ға өсті», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, өңірде аумағы 525 гектар 6 индустриялық аймақ құрылып, оған 9,7 млрд теңгеге инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылған. Бүгінде осы аймақтарда 30 жоба іске асуда. Бұдан бөлек, 22 жобаның құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, 4 жоба уақытша тоқтаған, 5 жобаның жер телімдерін қайтару қажет. Ал, индустриялық аймақтар бойынша табысталған 525 гектар жердің қазір 206 гектары ғана игерілген. Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылап, әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береді. Нұрлыбек Машбекұлы осы салаға жауапты орынбасары Ардақ Зебешевке инвесторлар жобаларына заң аясында барынша қолдау көрсетуді, нақты нәтиже беретін жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: