Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың сұрағанын жасаймыз, бірақ қажетіне пайдаланбайды

01.06.2023, 11:00 226

Нұрлыбек  НӘЛІБАЕВ:

Аймақ басшысы қиыр шығыстағы Оңтүстік Корея мемлекетін аралап, біршама келелі істің басын түртіп келді. Азиядағы озық мемлекеттен өңірімнің ахуалын ретке келтірем деп келген сыңайлы. Келгені кеше ғана болса да, міндетіне бірден кірісті. Ол Қызыл­орда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, көркейту және абаттандыру жұмыстары­мен та­нысты. Нұрлыбек Нәлібаев корейлердің еңбек­қорлығын, ұлтына деген жанашырлығын қызыл­ордалықтардың бойынан көргісі келді деп айта аламыз. Ашығын айту керек, кей жұмысқа облыс әкімінің көңілі толмай, мамандарды қамшылап алды. Ал, мінсіз басталған жұмыстарға қолдау көрсетіп, «комментарийді» жақсы берді. Ендеше, облыстың көркін келістіретін қандай орталықтар ашылмақ? Жалпы, қалада сырттан келген  қонаққа қай  жерді  көруге  ұсына  аламыз?

Шыны керек, қаламыздың тазалығымен мақтанбасақ, басқа ауыз толтырып, «мына жерді көрмей кетпесең болмайды» деп айтар жеріміз жоқ. Тазалықтың өзі кеше ғана жөнге қойылды. Жә, облыс басшысы қала әкімі Асылбек Шаменов­пен  бірге  қай  жақты  аралады?

Ең алдымен, аймақ басшысы «Қорқыт ата» әуе­жайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы бары­сын көрді. Бұл жобаның демеушісі – «Болат Өтемұратов» жеке қоры нысанды келесі жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлауда. Құрылыстың жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайды. Тапсырыс беруші және мердігер мекеме – «Accent Development Solutions» ЖШС. Жаңа құрылысқа  жауапты  мамандар  тиянақты  болып,  нысанды  мінсіз  аяқтайды  деп  сенейік.

Бұдан кейін, облыстың абыройын арқалаған әкім күн райының күрт өзгеруіне қарама­стан Сұлтан Бейбарыс көшесін жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс орталығын көркейту үшін тұрғындардың сұранысы бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесінің 1 шақырым бөлігі қайта жаңғыртылып, абаттандырылуда. Мердігер мекеме көшені 6 жолақты етіп кеңейтіп, субұрқақтар орнатады. Құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін жүзеге  асырылмақ.

Әрі  қарай  сол  көшенің бойындағы «Неке  сарайының» құрылыс алаңына барды. Жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жоба 2022 жылдың қыркүйек айында басталған. Биыл тамыз айында пайдалануға берілмек. Шынтуайтына келгенде, «Неке сара­йын» салу қажеттіліктен туындап отыр ма? Демек, халықта сұраныс болғаны ғой, әйтпесе бұл ғимарат салынбас еді. Сондай-ақ, аймақ  басшысы  келешекте «Неке сара­йында» отбасы құндылықтарын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар да тұрақты түрде өткізілетін болады деп айтқаны әлемжеліде бар екен. Бұлай әкімге уәде бергендер  өз  тірліктерін  атқарса  болғаны…

Енді үйлердің көркін қадағалау үшін «Сыр­дария» шағын ауданындағы №1, 2 үйлерге жол тарттық. Үйлердің қасбеттерін зама­науи панельмен қаптау жұмыстарын көрді. Еске салсақ, биыл облыс әкімінің бас­тамасымен аймақтың ірі кәсіпкерлері бір­қатар көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін абаттандыруға қаражат бөлді. Нәтижесінде қаланың орталық көшелері ажарланып, көркейе түспек. Нұрлыбек Нәлібаев  біраз  ескерту  де жасады. Қала әкімінен  бастап, нәтиже үшін бірінші кезек­те  атқарылатын  жұмыстардың  сапасына  назар  аударуды  тапсырды.

– Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек. Мейлі, ол ғимарат құрылысы, жол құрылысы болсын, су немесе газ жүргізсін, ең бастысы – сапа. Сондықтан жұмыс барысын күнделікті бақылау керек. Жобаны мақұлдау сатысынан бастап толық аяқталғанға дейін  жіті  қадағалаңыздар, – деді  ол.

Дәл  осындай  жұмыстар  Абай,  Н.Назар­баев  даңғылдары мен Ғ.Мұратбаев көшесінің бойындағы көпқабатты үйлерде де қолға  алынуда. Тұрғын үйлердің аулаларында жөндеу  жұмыстары жүргізіліп, балалар ойын  алаңдары  салынады.

Қызылорда қаласы және қалаға қарасты елді мекендердегі 256 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарына 2023 жылы республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен 14,136 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, 110 көше – асфальт, 146 көше – тас­жол құрылысы. Мәселен, Ә.Бөкейханов көше­сі 2008 жылы жасалған. Қазір орташа жөндеуді қажет етіп тұр. Жолға қатысты аймақ  басшысы пікірін білдірді. Оның айтуынша, халық көп жүретін, көп шоғырланған жерлерді бірінші кезекте жөндеу қажет. Қалған жолдарға уақытша тас төсеуге болады деп  жеткізді.

Бұған қоса, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Көпірдің ұзындығы – 55 метр. Нұрлыбек Машбекұлы әзірленген жобаның сапасына жоғары баға беріп, осы тұстағы көпір мәселесі өзекті екенін атап өтті. Бюджетті жоспарлау барысында алдымен халықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерге басымдық берілетінін қаперге салды. Аталған жоба бюджет қаражатын және уақыт үнемдеу мақсатында демеу­шілердің қаржысы есебінен жасалды. Нұрлыбек Машбекұлы жобаны әзірлеген  компания  өкілдеріне алғысын айтты. Және сол маңда жүрген тұрғын­дардың көпірге қатысты ұсыныстарын тыңдап, мамандармен ақылдасты. Дегенмен, облыс әкімі «халықтың сұрағанын жасаймыз, бірақ қажетіне пайдаланбайды» деп айтты. Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің 5-оқу ғимараты маңында жаяу жүргіншілер көпірі бар. Лифтіге де­йін қойылды. Халық онымен көп жүрмейді. Жолды кесіп өтіп, өмірін қауіпке итермелейді. Темір тұлпарды тізгіндеушілерді сосын қалай кінә­лаймыз? Кінәні былай қойғанда,  жүргізуші де – адам. Оған да психологиялық  тұрғыда әрі қарай оңай  тимесі  анық. Сол себепті халық  үшін жасалған дүниені халық пайдаланса деген сарында сөзін  түйіндеді. Сонымен қатар, облыс әкімі­нің  жұмысына кедергі жасап келген халықтың пікірін тыңдап, тиісті маман­дарға  жүктеді.

Кез келген істің нәти­жесін көргенде қанша жас­тағы адамның жобасы екенін аңғаруға болады. Жаңа ауыз толтырып айтып жатқан Қожа Ахмет Яс­сауи көшесіндегі төрт жолақтан бастап, ойын алаңдары замануи үлгіде жасалмақ. Бұл істің басы-қасында жүрген жас басшы – облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансыз­байұлы. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында былай жазба қалдырыпты. «Жуық арада қала­мыздағы бас­ты көшелердің бірі Қожа Ахмет Яссауидің бір бөлігінде қайта жаңғыр­ту жұмыс­тары жүргізілетін болады. Қызыл­ордаға қызметке келгелі ойға алып жүрген істің бірі бюджетке салмақ салмай және қысқа мерзімде аталмыш көшенің жобасын жасау болатын. Жоба-­сметалық құжат­тамасы демеушілік қара­жат  есебінен тегін  жасалды.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына жобаны таныстырдық. Негізгі мақсатымыз – тұрғындарымыздың ыңғайлы өмір салтын дамытуды қолға алып, соған сай дүние­лер салу. Олардың қатарында жарықшамдар, балалар ойын алаңшасы, бастырмалар, субұрқақтар, спорт алаңы, жүгіру жолы, жаяу жүргіншілер көпірі, жаяу жүргіншілер жолы мен веложол бар. Жалпы айтқанда, көшенің екі жиегінде желілік саябақ пайда болады.

Сонымен қатар, қаланың бас жоспарына сәйкес екі  жолақты  жолды  төрт  жолақты ету жұмысы жүргізіледі. Бұйырса, құрылыс жұмыстары  басталса, келер  жылға  өтпелі  болуы ықтимал. Жоба  аяқталып, халық  игілігіне берілсе, қаламыздың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындарға да пайдалы болады  деп  сенеміз»  деп  ағынан  жарылған.

Істің берекесін облыс әкімі де сезді ме, келесі жылдың наурыз айына дейін аяқтауды тапсырды.

БАҚ өкілдері мен облыс әкімінің соңғы бағыты сол жағалаудағы құрылыс нысан­дары болды. Мұнда өткен жылы тамыз айын­да облыстық қан орталығының құрылысы басталған болатын. Келер жылы наурыз айын­да 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана ашылады.

Қаланы  көркейту бағытында бірқатар жұмыс  істелініп  келеді.  Оған  аймақ  басшысының  үлесі  зор. Дегенмен, оның міндеті – айту мен қадағалау. Ал, оны екі қолмен жүзеге асырып жатқан мамандар барынша күш-жігерін жұмсап, елге болсын деген ние­ті керек. Сол кезде ғана ақша желге ұшпайды. Қарапайым халықтың бірінің болмаса, бірінің пайдасына жарайды. Әрбір істің қайыр­лысы болады. Сондықтан ғимараттың бір кірпішін қаласа да, абыроймен істеп  жатқан, облыс әкімі айтпақшы, нәтиже үшін  24  сағат жұмыс істеп  жатқан мамандарға  сәттілік  тілейміз!

Азамат  АБИМОЛДА.

Суреттерді  түсірген  Бағдат  Есжанов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: