Сиыр жылының алғашқы айын да аяқтадық. Әр жылдан үміт күту, жақсы жаңалықтар күту – адамзатқа ортақ сезім. Өткен жылдың өзіне тән ерекшелігі, тіпті, қиындығы да болды. Жұмыр әлем пандемия дертімен алысып, әбігерге түсті. Қазақ елі де бұл сынақтан сырт қалмады. Әр адамның тағдыры, денсаулығы мен өмірі бәрінен де қымбат екені белгілі. Осы ұстаныммен елімізде жедел қолға алынған сақтық шаралары өз нәтижесін берді.
«Қоғамның басты байлығы – адам» қағидасы қашанда өзектілігімен назарда тұр. Соған орай мақаламыздың кіріспесін Қазалы ауданындағы медицина саласы туралы қысқаша мәліметтен бастасақ.
2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде Өркендеу ауылдық дәрігерлік амбулаториясы салынды. Ал алдағы уақытта Бозкөл, Қызылқұм елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория салу жоспарланса, Водокачка, Тасөткел, Ажар елді мекендерінде медициналық бекеттер салуға ұсыныс берілді. Өткен жылдың соңында Қазалы ауданаралық ауруханасынан демеушіліктің есебінен оттегі станциясы ашылды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған станция Қазалы ауданымен қатар, көршілес Арал, Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласын оттегімен қамтамасыз етуге қауқарлы дейді ел ағалары.
«Ауданда жыл көлемінде ана өлімі бойынша 3 жағдай тіркелген. Туу көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда 196 жағдайға көбейді. Сондай-ақ, өткен жылы «Болат жолы» дәрігерлік амбулаториясына жаңадан флюроқондырғы алынып, іске қосылды. 2020 жылы профилактикалық флюробайқаудан өтуге тиісті халықтың 92,7 пайызы өткізілді» дейді біздегі мәліметте.
Қолдағы дерекке сүйенсек, аудандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты. 2020 жылға 11 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі аурулар бойынша диагностикалық тексерулер жүргізуге бюджеттен 127,6 млн теңге қаржы бөлініпті. Бекітілген жоспарға сәйкес вакциналар мен ветпрепараттар уақытында жеткізіліп, тиісті жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, өткен жылға энзоотиялық ауруларға қарсы іс-шаралар жүргізуге 8,9 млн теңге қаржы қаралып, толық игеріліпті.
Аудан бойынша бүгінгі күнге типтік жобадағы 8 мал қорымы бар. Барлық мал қорымдары облыстық ветеринария басқармасының теңгеріміне өткізілген. Ауру жануарларды санитарлық союды ұйымдастыруға 1,5 млн теңге бөлініп, анықталған 27 бас уақ мал сойылып, иелеріне өтемақылары төленген. Құтыру, лейшманиоз, эхинококкоз, т.б. аурулардың жұқтыру көзі болып табылатын қаңғыбас иесіз иттер мен мысықтарды аулап, жоюға облыстық бюджеттен 3,4 млн теңге қаржы қаралып, 2085 бас ит, 229 бас мысық ауланып, жойылыпты .
2021 жылға аудан бойынша 11 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі аурулар бойынша диагностикалық тексерулер жүргізуге бюджеттен 165,3 млн теңге қаржы қаралған. Қазіргі күні ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары жасалып бекітілді. Осы жылға энзоотиялық ауруларға қарсы іс-шаралар жүргізуге 9,6 млн теңге қаржы қаралыпты.
«Үйің болмай, күйің болмас…». Бұл тұрғыда Қазалыда бірқатар игі істер жүзеге асқан. Өткен жылы ауданда 51 119 шаршы метр тұрғын үй құрылысы (272 үй) салынған. Яғни, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,8%-ға орындалды.
Бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж 1359 адам кезекте тұр. Олардың ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 190 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 688 халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, 262 көпбалалы отбасылар, 218 бюджеттік сала қызметкерлері бар.
– Тұрғын үй мәселесін шешуге байланысты жұмыстар жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінің 5-ші квартал аумағында 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысы аяқталып, қабылданды. Жоба құны – 382 млн теңге. Ендігі кезекте 10 жалдамалы тұрғын үйді инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу процедуралары жүргізілуде.
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсынылды. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінен және Қазалы қаласынан 2 пәтерлі 20 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салу жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 30,6 млн теңге қаржы бөлініп, жоба әзірленді. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйді сатып алуға республикалық бюджеттен 294,0 млн теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін 35 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда, – дейді Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев.
Ел азаматтарымен тілдесу барысында ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 17 685 гектарға орналастыру межеленгенін естідік. Таратыңқырап айтсақ, дәнді дақылдар 7232 га, малазықтық дақылдар 8073 га, картоп, көкөніс, бақша 2250 га, майлы дақылдар 125 га, басты дақыл күріш егісінің көлемі 6637 гектарды құрайды. «Сыр маржаны» ЖШС 200 гектар жерге күріш дақылының жергілікті «Сыр сұлуы» сортын егуді жоспарлап, егіске қажетті 54 тонна тұқым сатып алу жөнінде Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен келісім жасау үстінде екен.
«Елде болса, ерінге тиеді» деген. Реті келгенде қазалылық ағайындардың жанкешті еңбегіне тоқтала кетсек. Көктемі шұбалыңқы, жазы аптап келетін аталмыш ауданда диқандар қауымының татар бейнеті аз емес. Оған су тапшылығын қосыңыз. Анау-мынау жан болса, қолын бір сілтері даусыз. Алайда жастайынан еңбек қазанында пісіп-жетілген дала перзенттері жаз бойғы төккен терінің өтеуін өнімнен күтеді. Ерте көктемнен сарыала күз аралығына дейін үмітін үзбейді. Әрі бұл жыл сайын қайталанады.
2020 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы саласына 906,3 млн теңгенің инвестициясы тартылған. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Польша, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттеріне 3051,5 тонна ақталған күріш және күріш ұнтағы экспортталды. Мұнан бөлек, өткен жылы 1062,8 тонна балық өнімдері Ресей Федерациясы, Дания, Германия, Грузия, Қытай мемлекеттеріне экспортқа шығарылыпты.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!