Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дән себілді

03.05.2023, 15:25 346

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының диқандары күріш егуді бастады. Күн жылынғаннан жер тырмалап, соқа-кетпенін сайлаған шаруалар биыл 6993 гектар жерге күріш дақылын егуді жоспарлап отыр. Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Алға ауылдық округіне қарасты «Ақмаржан» шаруа қожалығының егіс алқабында өткен «Дала күні» іс-шарасына қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ең алдымен аудан басшысы аудандық мәслихат төрағасы, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, шаруашылық құрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері және еңбек ардагерлерімен бірге алқапқа алғашқы дән сеуіп, диқандарға сәттілік тіледі.

– «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қағиданы берік ұстанған аудан диқандары дала қостарына ерте шығып, күріш егісінің дайындығына кірісіп кетті. Сәл кешіксе болғаны, еңбегі еш кететінін қаперден шығармайтын диқандар тамшылата тер төгіп, егіс алқаптарында таң сәріден, кеш батқанша дейін аянбай еңбек етуде. «Не ексең, соны орасың» демекші, көктемгі тынымсыз еңбектің нәтижесін күзде, жиын-терін кезінде көретініміз анық. Бүгінгі дән себу іс-шарасы баршамызға құтты болсын. Егініміз бітік, қанбамыз дәнге толсын! – деді аудан әкімі.

Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен семинар-кеңес өз жұмысын бастады. Онда аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов көктемгі егіске дайындық барысы туралы баяндады. Ал «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Нұрлан Әбілдаев аудан шаруашылықтарын сумен қамтамасыз ету мәселелері жайлы сөз қозғаса, «Ақмаржан» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Тәжімұратов шаруашылықтағы дайындық барысы туралы хабарлама жасады.

Аудан басшысы диқандарға күріш егу науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау үшін ұйымдастыру іс-шараларына аса мән беріп, барлық агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, диқандардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, іс-шара барысында бірқатар еңбек адамы облыс әкімі мен аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: