Бүгін Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәду бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы кент көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Кенттегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне электр желісі тартылып, Әбдіқадыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолы түсті. Бірқазан елді мекені, Бірлік, Путейцева, К.Әбдіқадыров-4 және К.Әбдіқадыров-6 көшелері жарықтандырылып, Бірлік көшесіне, Бірқазан елді мекеніне балалар ойын алаңы салынды. Кентті абаттандыру бағытында Орталық, Бірлік көшелеріне түнгі жарықшамдары және К.Әбдіқадыров көшесіне 3 дана аялдама, кіру қақпасы орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Тұрғындардың сұранысына сәйкес кенттегі 12 көшеге электр желісін тартуды жоспарлап отырмыз. Қазір жоба бюджетке қаржыландыруға ұсынылды, – деді кент әкімі Жасұлан Хабидуллаұлы.
Кентте 464 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Жыл көлемінде жаңадан 126 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 141 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламаның қайтарымсыз қаражаты есебінен 8 тұрғын грант иегері атанды. Кәсіпкерлікті дамытудың түрлі мемлекеттік бағдарламалары аясында ұсынылған 25 жоба мақұлданып, 2 521 млн теңгеге қаржыландырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!