ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасының 44-тармағының іске асырылуы жөніндегі Республикалық штаб отырысында 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге қатысты болды. Жауапты сала басшылары баяндама жасап, тиісті тапсырма алды.
Қызылорда облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткізген мәжілісте берілген тапсырмалардың өңірде орындалуы талқыланды. Аймақ басшысы Қызылорда облысында 2023-2029 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 5041,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланғанын атап өтті.
«Биылғы төрт айда аймақта 174,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,4%-ға тең. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл қаржыландырудың барлық көздерінен 692,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоспар жыл аяғына дейін толығымен орындалуы керек. Осы ретте, Ерлан Кәрімбекұлы, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жоспардың мерзімінде және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жылды қорытындылағанда бұл көрсеткіш артығымен орындалуы керек», – деді облыс әкімі.
Бюджет қаражатына салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің сапалы салынуы әрі уақытылы аяқталуы бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алынуы жоспарланған 1000 пәтер мерзімінде ел игілігіне берілуі керек.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге келсек, облыста инфляция деңгейі сәуір айында 103,7 пайызды құрағаны, ал республикада бұл көрсеткіш 104,2 пайыз екені атап өтілді.
Осы ретте, Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының сауда үстемесінің сақталуына мониторинг орнату, бақылау жүктелді. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері шекті сауда үстемесінің қатаң сақталуы туралы кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек. Оған қоса апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу міндеті қойылды. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, маусымаралық кезеңде тиімді тауар интервенцияларын жүргізу үшін тұрақтандыру қорының жүктемесін қамтамасыз етуі тиіс. Күріш өңдеуші кәсіпорындар өзге өңірлердегі сатып алушылармен делдалсыз келісім жасағаны маңызды. Ол үшін тиісті министрліктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік корпорациялары, бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-кездесу ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!