Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан бюджетінің кірістері ұлғайтылды

30.07.2024, 14:55 222

HALYQLINE.KZ

Жыл басында Қазалы ауданының бюджеті 10 млрд 503,2 млн теңгеге бекітілген болатын. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХІV сессиясында бұл көрсеткіш 16 млрд 100,8 млн теңгеге нақтыланып, өз кірістеріміз жыл басынан бері 565 млн теңгеге ұлғайтылып, 3 млрд 045,0 млн теңгені құрады. Сессияға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен әкімдіктің дербес бөлімдер басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әлмәмбетұлы төрағалық етті. Сессияның күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.

Аудандық бюджетке енгізілген өзгерістер бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бахытжан Жарылқап хабарлама жасап, жоғары тұрған бюджеттерден бөлінген нысаналы трансферттерді депутаттар назарына жеткізді.

Республикалық, облыстық бюджеттен Қазалы қаласы мен Мұратбаев, Басықара, Пірімов, Жалаңтөс батыр дәрігерлік амбулаториясын газдандыруға барлығы 205118,0 мың теңге, Қазалы аграрлы-техникалық колледжін газдандыруға 12764,0 мың теңге, Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының II-ғимаратының жылу қазандығын қайта жаңғыртуға 94575,0 мың теңге, Абай елді мекенінде орамішілік газ желілерінің құрылысына 281056,0 мың теңге, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салуға 1235202,0 мың теңге, Ақтан батыр елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысына 325929,0 мың теңге бөлінді. Әйтеке би кентінен «Руханият» орталығы құрылысын салуға 876754,5 мың теңге (50 пайыз қаржысы), Әйтеке би кентінен прокуратура ғимаратын салуға 100000,0 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттің өз кірістерін ұлғайту есебінен 466772,0 мың теңге бөлініп, қала кент, ауылдық округ әкімдері мен әкімдіктің дербес бөлімдерінің сұраныстарына бағытталды.

Сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш табиғи газға қосылған Қазалы қаласы, Мұратбаев, Басықара, Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарындағы білім беру ұйымдары мен мәдени ошақтарды газдандыру жұмыстарына жеделдетуді, Әйтеке би кентіндегі Қ.Досмамбетов, Ақтан батыр, Бейбітшілік көшелерін асфальттауды, Әйтеке би кентін абаттандыруға бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуын, сатып алынатын құрылғылардың сапалы болуын жеткізді. Аудандық мәслихаттың депутаттары Әбдуәли Рахметов Әйтеке би кентіндегі №226, №234 мектеп алдына автотұрақ салу, Е.Көшербаев көшесіне (Қ.Пірімов-Үмбет би аралығы) жаяу жүргінші жолын салу, Әйтеке би кентіндегі Жәнібек батыр көшесін, спорттық ойын алаңдарын жөндеу, Эльмира Нұрмағанбетова Әйтеке би кентіндегі №170 мектеп жанындағы арықты қоршау, К.Көшімов көшесінен салынған спорттық ойын алаң жанында қорым болғандықтан ойын алаңның темір қоршауларын биіктету, Әйтеке би кентінен сайланған аудандық мәслихат депутаттарының сайлау учаскелері бойынша көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстарына байланысты бекітілген кезектілікке сәйкес жұмыстар жүргізу, Әділбек Сарабеков Пірімов көшесіндегі Жалаңтөс батыр кесенесіне жөндеу жүргізіп, ішіне жылу орнату, Нұркен Ботабаев 5-ші кварталдағы Жетес би-Ы.Алтынсарин көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату, Я.Михайлик көшесінің аяғынан бастап Қ.Ерімбет көшесіне дейін жаңадан жол салу, Есет Табынбаев Әйтеке би кентіндегі Әбілхайыр хан көшесін жөндеу жұмыстарын жеделдету туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Сессияның күн тәртібіне ұсынылған басқа да мәселелер бойынша тиісті атқарушы орган басшылары хабарлама жасап, депутаттардың дауысқа салу нәтижесімен тиісті шешімдер қабылданды.

Сессия соңында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйлеп, сессияда бөлінген қаржылардың барлығын жыл аяғына дейін игеріп, жоспарлы орындау қажеттігін айтты. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы төрт жолақты жол құрылысының қаржысы шешіліп, тамыз айында жұмыстар басталатынын, жаңадан бой көтерген «Руханият» орталығының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын, Жанқожа батыр көшесін абаттандыруға қосымша 40 млн теңге бөлінгенін, (Бөріқұлақов көшесінен жаңа мәдениет орталығына дейін), «Жеңіс» саябағын абаттандыруға 50 млн теңге бөлінгенін, көлік кептелісін азайту мақсатындағы Жанқожа батыр-Бөріқұлақов көшелерінің қиылысына қосымша жол айрығын салу, жаңа бағдаршам орнату, теміржол вокзалын абаттандыру, алдағы уақытта халық жиналатын орындарға абаттандыру жұмыстары жүргізуге көңіл бөлетінін жеткізді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: