Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Арал өңірінде биыл да қарқын алды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес, биыл егістік көлемін 1000 гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Оның 6,5 гектары – картоп, 58 гектары – көкөніс, 312,5 гектары – бақша, 237 гектары – жаңа жоңышқа және 386 гектары – ескі жоңышқа малазықтық дақылдары.
Аудан әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылы көктемгі дала жұмыстары бойынша Ақирек ауылдық округіндегі «Асхат-1», «Шеру» және «Дидар» шаруа қожалықтары және Аманөткел ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Е.Төреханов алғашқылардың бірі болып жер жырту жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күнге «Асхат-1» шаруа қожалығы бақшалық дақылдар үшін 4 гектар, «Шеру» шаруа қожалығы 3 гектар, «Дидар» шаруа қожалығы 4 гектар жерді, ал жеке кәсіпкер Е.Төреханов 8 гектар жер жыртып, егістік жердің қоршауларын толық жүргізуді қолға алуда.
Аталмыш «Асхат-1» шаруа қожалығы жыртылған жердің 3 гектарына, жеке кәсіпкер Е.Төреханов 8 гектар жерге су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, тамшылатып суару және подпленка әдісімен бақша егуді жоспарлап отыр.
Бұл бағыттағы тиімді әрі ерте басталатын жұмыстардың бірі – жылыжай кешенін іске қосу болатын. Өткен жылы Сексеуіл кентінің жеке кәсіпкері Ахметжан Боханов шағын жылыжай кешеніне көкөніс өнімдерін оның ішінде қияр, қызанақ егіп, өнімдерін аудан тұрғындарына нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылымға шығарған болатын.
Кент тұрғыны Ахметжан Боханов биыл да жылыжай кешеніне қиярдың «Авелла-1» сортының көшеттерін отырғыза бастады. Одан бөлек кенттің Құмсай өңірінен 7 гектар жерге бақшалық дақылдар егу үшін қарбыздың (ницца, атаман, холор, блэйд, китано) және қауынның (күләбі, әміре, красная москва, торпедо, сорттарын) сорттарын алып, екпе көшеттерін алдымен жылыжай кешеніне отырғызуды қолға алды.
Дәстүрлі дала жұмыстарын тоң түсе бастап, бейнеттің бел ортасына түсетін диқаншы қауымның тілегі бір. Ол – егіннің бітік шығуы. Лайым солай болсын!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!