Арал ауданы – бүгінде өзгеріс пен өркендеудің жаңа белесіне қадам басып келе жатқан аймақ. Бұған Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Арал ауданы әкімінің жартыжылдық есеп беруінде толыққанды куә болдық. Ел назарындағы экологиялық ауыртпалықтармен ұзақ уақыт күресіп келген өлкеде инвестициялық серпін, өндірістік жобалар мен әлеуметтік салаларды жаңғырту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әкім Аманжол Сақыпұлы аудан көлеміндегі бірнеше өзекті бағыт бойынша нақты нәтижелер мен алдағы жоспарларды таныстырды. Аудан әкімінің өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесуінде шаруашылықтың сан саласы қамтылды.
Аралда инвестиция көлемі 1,8 есеге артқан
Арал ауданында ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық өсім тіркелді. Спикердің сөзінше, жыл басынан бері Арал ауданына тартылған инвестиция көлемі 16,5 миллиард теңгеден асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге көбейген (2024 жылы – 9,4 млрд теңге).
Жарты жылда аудан бюджетінің кірісі 7,6 миллиард теңгеге жетіп, жоспар 102 пайызға орындалған. Оның ішінде өз кірісі 2,6 миллиард теңгені құрап, жоспар 114,4 пайызға артық орындалды. Бұл көрсеткіштер Аралдағы қаржылық басқарудың тиімділігін аңғартады.
Өңірде өнеркәсіп кәсіпорындары жалпы 18,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Оның 70 пайызы өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Бұл салада 11,6 миллиард теңгенің өнімі шығарылған. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін жалпы құны 13,1 миллиард теңгеге бағаланған 6 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Мамыр айында іске қосылған алғашқы жоба – «Ase Invest» ЖШС-нің тұрмыстық қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру өндірісі. Жоба құны – 300 миллион теңге. Нәтижесінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі
Аралдағы тіршіліктің тамыры – ауыл шаруашылығы десек, артық айтқандық емес. Сонау кеңес дәуірінен бері тірек сала саналып келген бұл бағыт бүгінгі таңда да аудан экономикасының арқауын ұстап тұр. Әсіресе биылғы жылы агроөнеркәсіп кешені бойынша нақты көрсеткіштер мен жоспарлы жобалар назар аударуға тұрарлық.
Мәселен, 2025 жылдың 1 шілдесіне дейінгі есеп бойынша, аудан бойынша 8 580,4 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі 7 582,1 млн теңге болса, өсімдік шаруашылығы 856,7 млн теңгені құрап отыр. Бұл – өңірде ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыс қарқыны сақталып, тіпті кей салада жаңа бағыттарға бет бұрудың айғағы.
Биылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 1 425 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруаларға қажетті мөлшерде таратылды. Сондай-ақ, мал азығы қоры да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда 161,7 мың тонна шөп, 1 825 тонна жем дайындалып, қыстық науқанына алдын ала қам жасалып отыр. Бұл – өңірлік деңгейде мал шаруашылығын тұрақты ұстауға бағытталған ауқымды жұмыс.
Тағы бір ерекше тоқталар жайт – биыл аудан аумағында алғаш рет 3 гектарға қант құмайы егілді. Ылғал сүйгіш, қоректік қасиеті жоғары бұл дақыл өңірдің табиғи жағдайына бейімделіп, балама жем көзі ретінде өсірілуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Қазіргі таңда 2 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көздері қарастырылуда. Егер бұл жоба жүзеге асса, сүт өндірісімен қатар өңірдегі кәсіпкерлік пен қосалқы жұмыс орындарының көбеюіне де ықпал етпек.
Ауызсу мен тұрғын үй мәселесі. Халық қалауы нақты шешімге айналуда
Арал ауданы тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бұл бағытта алдағы жылы жалпы құны 8,3 млрд теңге болатын жобалар іске асырылады (кей деректе – 12,8 млрд теңге деп көрсетіледі). Қаржыға сәйкес, барлығы 318 шақырым ауызсу желісі тартылмақ.
– Қазіргі таңда Ақбасты елді мекені толықтай орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. 125 шақырымға созылған жобаға 2,4 млрд теңге жұмсалды. Ал Тоқабай мен Абай ауылдарына су жеткізу жұмыстары кестеге сай жалғасуда. Бұл екі ауылда 138,6 шақырым ауызсу желісі тартылып жатыр. Жоба құны – 8,0 млрд теңге, – дейді Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Бұдан бөлек, Ерімбетжаға (23,7 шақырым) мен Тастүбек (30,7 шақырым) ауылдарына су тарту мақсатында 2,2 млрд теңге бөлініп, құрылыс жүріп жатыр. Айтуынша, қолға алынған осы жобалар нәтижесінде аудан халқының 95,9 пайызы таза ауызсумен қамтылмақ.
Атап айтқанда, Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырының бірінші желісі бүгінде 80 пайызға тозған. Сол себепті, биылдан бастап екінші желіні тарту жұмыстары басталды. Бұл жобаға 43,7 млрд теңге қаралған.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету де – аудан әкімдігінің негізгі жұмыстарының бірі. Аманжол Сақыпұлының сөзінше, соңғы үш жылда ауданда 3,6 млрд теңгеге 286 пәтер салынып, пайдалануға берілген.
– 2024 жылдың басында мемлекеттік бюджеттен бөлінген 2,2 млрд теңге есебінен салынған 150 пәтерге тұрғындар қоныстанды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. 100 пәтерді сатып алуға 1,5 млрд теңге қаржы қарастырылды, – дейді ол.
Инфрақұрылым – даму іргетасы
Арал ауданында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл 4,2 млрд теңге бөлініп, бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – мамыр айында пайдалануға берілген теміржол үстінен өтетін аспалы көпір. Жалпы құны 2 млрд 887 млн теңгені құрайтын нысан – халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және күнделікті өмірді жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында «Самара–Шымкент–Шөміш–Аралқұм» бағытындағы жол құрылысы жоспарға енсе, «Арал–Жалаңаш», «Самара–Шымкент–Бекбауыл» сынды жол учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Арал қаласының өз ішінде де жол инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр басталған Бақтыбай батыр көшесінің автожолын қайта жаңғырту жобасына биыл 976,1 млн теңге бөлінді. Бұған қоса, жеті көшенің автомобиль жолдарын салу жұмыстары жалғасуда.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің жолдары жөнделіп жатса, Қаратерең, Қосжар және Сексеуіл ауылдарында да көше жолдары жаңартылуда.
– Бұл жұмыстар тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау арқылы ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді аудан әкімі.

Сөз түйіні
Жоғарыда аталған жобалардан бөлек, ауданда әлеуеті зор өзге де бағыттар назардан тыс қалмаған. Бүгінде денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары да жаңғыру үстінде. Биылдың өзінде Арал қаласынан 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталса, Қамыстыбас ауылында да жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтермек. Бұл – шалғай елді мекендерге алғашқы медициналық көмекті жақындатудың нақты қадамы.
Білім беру саласы да іркіліссіз ілгерілеуде. Сексеуіл кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, ал Қызылжар елді мекенінде осындай қуаттағы білім ордасы биыл қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұған қоса, үш мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, балалардың заманауи әрі қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасалып жатыр.
Ал жастар мен бұқаралық спортты дамыту бағытында екі спорт кешенінің құрылысы қолға алынды. Бұл – спорттық инфрақұрылымды дамытуға, ел болашағы саналатын жас буынның бос уақытын тиімді өткізуіне жасалған инвестиция.
Аралдың мәдени тынысы да жаңғыруда. Жақында жөндеуден өткен Жақсықылыш мәдениет үйі мен жаңа кітапхана халық игілігіне пайдалануға берілмек.
Қорыта айтқанда, Аралдағы әр бастама – әр тұрғынның әл-ауқаты мен болашағына бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі. Инфрақұрылым жаңарған сайын, елді мекендердің тынысы ашылып, өңірдің өмір сүру сапасы артып келеді. Куә болғандай, Аманжол Сақыпұлының бастамасымен Арал ауданы көпшілік ойлайтындай экологиялық аймақ емес, экономикалық әл-ауқаты орнықты, Шижаға елді мекені секілді туристік аймақтарға бай өңірге айналғандай.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!