Бейсенбі күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы 20,5%-ға жеткенін хабарлады. Өткен айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 0,8%-ды құрады. Атап айтқанда, жұмыртқа 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға қымбаттады. Сонымен қатар бір апта ішінде сәбіз (0,8%), картоп (0,6%), қант және қырыққабат (0,1%) құны төмендеген.
Азық-түлік өнімдерінің көлеміне бағаны тұрақтандыру үшін астықты, жем-шөп базасын және күнбағыс майын арзандату мәселесі жоспарлануда. Оның айтуынша, бұл ретте жұмыртқа, өсімдік майы, күріш сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша нарық субъектілерінің жосықсыз әрекеттері байқалады.
«Абай облысына барған кезде Семейден 200 шақырым жерде орналасқан құс фабрикалары жұмыртқаны ондығына 360-380 теңгеден сатқан, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгені анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілердің алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мәлімдемелері жариялануда. Бұл ретте тиісті түрде әрекет ету қажет», – деді Арман Шаққалиев.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызанақ, қияр және жұмыртқа бағасының өсу себептерін талдау қорытындылары, сондай-ақ олардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі ықтимал шаралар туралы баяндады. Ол кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын атап өтті.
«Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс», – деді Әлихан Смайылов.
Монополияға қарсы ден қою шаралары бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов сөз сөйледі. Өңірлердегі ахуал жайлы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндады.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты маңызды мәселелер бар екенін атап өтті.
«Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар, қаржы құралдары, бақылау функциялары бар, бірақ бағаның өсу серпіні жоғары», – деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, ол бұған дейін «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу тапсырылғанын, алайда алты өңір – Алматы, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстары осы уақытқа дейін оны іске асырмағанын атап өтті.
Оның айтуынша, қызметін қайта форматтау тапсырылған баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысынан әлі де нәтиже жоқ және көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіру жүргізілмеген.
«Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі. Өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр Сауда және интеграция министрлігіне осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізуді, сондай-ақ Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырды.
Қорытындылай келе, ол қияр, қызанақ және жұмыртқа сияқты бағаның ең көп өсуі байқалатын тауарлық позициялар бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
«Негізгі жеткізушілердің кім екенін, бағаның неге өсіп жатқанын анықтау керек. Егер олар өз маржаларын бағаны көтерудің есебінен алса, онда нарықтық ортада жұмыс істесін, ал біз субсидияларды басқа бағыттарға жұмсаймыз. Бұл ретте өңірлерде рұқсат етілген сауда үстемесіне және арнайы комиссиялардың жұмысына мониторингті жүйелі жолға қою қажет. Әріптестер, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді сұраймын. Құралдардың бәрі бар», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!