Кеше аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және қала әкімі Асылбек Шаменов шаһарда салынып жатқан бірқатар құрылыс нысанын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Жауапты тұлғалар мен мердігерлерге әрбір жобаға мұқият болуды ескертті.
Жалпы, биыл облыс орталығы ерекше реңге бөленбек. Бұл бағытта өңірде бірқатар жоба қолға алынып, жүзеге асуда.
Солардың бірі – 1000 орынға арналған Өнер орталығы. Жоба құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Аталмыш орталық осы жылы ел игілігіне берілетін болады. Сондай-ақ, шаңырақ көтеруге ниеттенген азаматтар үшін құны 1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы салынуда. Мердігер мекеменің айтуынша, осы жылдың қыркүйек айында құрылыс жұмыстары толық аяқталады.
Сонымен қатар, кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынып жатқан «Аналар үйі» орталығының құрылыс жұмыстарымен де танысты. Аталған жобаның құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Айта кетейік, орталық мамыр айында ел игілігіне берілмек.
Бұған қоса, облыс әкімінің орынбасары сол жағалаудағы ипотекалық 10 тұрғын үйдің құрылысын көріп, сапасына мән беруді тапсырды. Бұл ауқымды жоба да осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мұнан өзге, өткен жылы қолға алынған қан орталығының да жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған нысанда қанмен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші 500-10000-ға дейін артатын болады.
Құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімнің орынбасары Нұрымбет Аманұлы мекемелер мен басшыларға қыс мезгілінде нысандардың сапасына мән беруді, жұмысшылардың жалақысының ұдайы берілуін және ғимараттарды уақытылы тапсыруды айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!