Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үнді туфлиінің астындағы қазақ жүрегі

22.08.2023, 14:55 257

HALYQLINE.KZ

2006 жылдан бері Қазақстандағы комбинатында 100 адам қаза тапқан АрселорМитталдың Франциядағы өндірісі электронды ковшты іске қосты. Ол ауаға таралатын зиянды заттарды едәуір қысқартуы тиіс. Ал 2025 жылы Лакшми Митталдың Франциядағы зауыты толық декарбондалуы қажет. Экологиялық қатаң норма солай бекітілген. Яғни, 2 жылдан кейін одан бір де бір түтін шықпауы керек. Және Лакшми Миттал осы талапты алақанын ысқылап, қуана орындап жатыр.

Түтін үшін тергей алатын Францияда адам өлімі тіптен нонсенс болар еді. Ондай жағдай орын алса, Митталдың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол Лондоннан шыға алмай қалатыны анық.

Ал біз түтін емес, Митталдан адам өлмесінші деп жалынумен келеміз. АрселорМиттал Теміртау кешенінде жыл сайын орта есеппен 5,8 адам көз жұмады. Үшінші әлем елдерін еш аямайтын жыртқыш капиталист Лакшми Миттал Қазақстан үшін шынымен де проблемаға айналды.

Митталсыз Қазақстан

Лакшми Миттал біздегі металлургия комбинатын нарықтық бағасымен сатпақ. Және ол кем дегенде 3 миллиард доллардан төмен болмауы тиіс. Мордашевтың Северсталі санкция астында жатқандықтан ол бізге жарамайды. Болат өндірісі бойынша әлемдегі ең ірі алпауыт China Baowu Steel Group-тың Қытайдағы өндірістік базасы жетерлік. Сондықтан оларға біздің кәсіпорын керек емес.

Үкімет Митталдан құтылғысы келсе, тек бір шешім ғана бар: «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамын «ТemirtauSteel» ұлттық компаниясына айналдырып, оны «Самұрық-Қазына» қорына тапсыру.      Артынан Халықтық IPO өткізіп, акцияларының 49 пайызын ел тұрғындарына сату керек. Сонда 3 миллиард долларды ақтап алады және Теміртаудың жақсы жұмыс істеуіне бүкіл халық мүдделі болады. Болатты әлемдік Stemcor сынды трейдерлер арқылы споттық нарықта сатуға мүмкіндік бар.

Лакшми Миттал 2021 жылы Қазақстаннан 214 миллиард теңге, ал 2022 жылы болжамды есеп бойынша (аудиттелген есеп әлі шықпады) 230 миллиард теңгеден кем емес таза кіріс алған. Яғни, екі жылда 1 миллиард доллардың басы құралады.

Бір қызығы, кезінде Лакшми Миттал Теміртаудағы комбинатты 200 миллион долларға рассрочкаға алды. Ол 1996 жылы өз қалтасынан 135 миллион доллар төлеген. Ал 1997 жылы комбинат қоймасындағы металлды сатып, Үкіметке содан 22,5 миллион доллар берді. Қалған 40 миллион долларды 1999 жылы комбинаттың өзі тапқан табыстан бөле салды да, қарыздан құтылды. 135 миллион доллар шығындап, Лакшми Миттал 26 жылда Қазақстаннан 26 миллиард доллар таза кіріс алды. Енді кемінде 3 миллиард долларға қайта сататын болады. Осы үшін оны Лондонда «капитализм акуласы» деп атайды және бәрі құрметтейді.

Ия, Миттал қазақ елін лимонша сорып алды да, қоқысқа тастай салды. Бірақ бізге басымызды көтеріп, қайта орнымыздан тұру керек. Жаңа ғана Ханойдан бері ұшқан Airbus 330 бортында да осы ойлардың қалқып жүргені сөзсіз. Ойлардан іс туады. Істен нәтиже келеді.

Айбар Олжай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: