Сырдария ауданында жыл басынан бері құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл ауданда жол саласына қатысты 5 жобаға қаржы бөлінсе, ауданға қарасты бірнеше елді мекеннің электр желілері қайта жаңармақ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев айтты.
– Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – әрқашан күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде аудан тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Алайда, ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендеріне 4 су мұнарасы жаңадан орнатылуда. Сонымен бірге, ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 35 пайызды құрайды.
Биыл С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жұмыстары толық аяқталса, Шаған мен Н.Ілиясов елді мекендерінде жұмыстар басталуда. Одан бөлек, Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен қиыршық тас және газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Айта кету керек, Мемлекет басшысының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, Тереңөзек кентінде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау полигоны салынуда. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!