«Әкім бай» деген түсінік халық арасында қалыптасқан. Расымен де солай. Мәселен, облыстың экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айлық жалақысы сол уақытта 1,8 миллион теңге болды. Мемлекет басшысының пәрменімен келер жылдан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңге болады. Ендеше, алғашқы әйел әкімнің уақытында ең төменгі айлық 60 мың теңге еді. Осы бойынша сараласақ, Гүлшара Әбдіқалықова 30 адамның жұмыс істеген ақшасын бір өзі алған екен. Иә, бүтін бір облысты басқару оңай емес. Сол себепті бұл жалақыны алуы да дұрыс шығар. Әкімдердің айналасында сын мен мін толып жүретіні жасырын емес. Тіпті ішінара әкімдікке әйелдерді араластырып көру керек деп кезінде айтылды. Бүгінде нәзікжандылардың көшін бастаған, «ханның қызы» ретінде танымал болған Гүлшара Наушақызы осы қызметке келгелі тәртіп орнап, іс жинақыланып, тірлік оңғарылды. Мемлекет пен Үкіметті басқарып, тарих сахнасында қалған Чиллер, Тэтчер, Бхутто мен Гандилердің ізін жалғаған қайсар қазақ қызы «қаңтар оқиғасында» ер-азаматтар істей алмағанды көрсетті. Тек біздің өңірде салмақты әкім халыққа жақпайды екен. Ал, Сырдың перзенті Нұрлыбек Нәлібаевқа деген халықтың құрметін аңғаруға болады. Өйткені ол өз арамыздан шыққан, елдің жайын ойлаған, Қызылорда қаласының әкімі ретінде әу бастан танымал еді. Дей тұрғанымен, оның өзгеден ерекшелеп тұратын қасиеті бар. Ол – табиғаттың тазалығын, экологиялық ахуалдың мұңын мұңдаған мемлекеттік қызметші. Облыс әкімі қызметіне келгенде сенбілікті тұрғындар арасында дағдыға айналдырып, қала мен облыстың көркін келістірді. Міне, өткен аптада аймақ басшысы Достық үйінде ұйымдастырылған «Birge: Taza Qazaqstan» республикалық эконауқанға белсенді түрде қатысқан азаматтарды марапаттап, бағалы сыйлықтарды үлестірді.
Ең алдымен, салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы президент сайлауы науқанында белсенділік танытқан жерлестеріне алғыс білдіріп, сырбойылықтардың ауызбіршілігі арқасында Қызылорда облысы үздіктер қатарынан көрінгенін атап өтті.
– 20 қараша күні жылдың ең ауқымды әрі ең маңызды саяси оқиғасының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан Сыр халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді. Мызғымас бірлігіміздің, тату-тәтті тірлігіміздің, қазақы болмысымыз бен жарқын болашаққа деген халықтың зор сенімінің арқасында сайлауға қатысушылардың саны 81,07 пайызды құрап, аймағымыз үздіктер қатарынан көрініп, республика бойынша екінші орынға тұрақтады.
Ел жаңғыруының бастамасы ретінде маусым айында Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткізілген республикалық референдумда да Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарынан көрінген болатын. Бұның барлығы да – аймақ тұрғындарының Мемлекет басшысына деген сенімі, стратегиялық реформаларын қолдауының нәтижесі, – деді ол.
Облыс әкімі сындарлы кезеңде азаматтық белсенділігі және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен азаматтарды Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы «Алғыс хатымен» марапаттады. Сондай-ақ, аймақ басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge: Taza Qazaqstan» акциясын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан сырбойылықтарға алғыс білдірді және алдағы уақытта да тазалық пен көркейту мен көгалдандыру шараларына белсене қатысуға шақырды. Бұл жобаның мақсаты – өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту, табиғатты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осыған байланысты дүниежүзілік тазалық күніне орай 2 айлық санитарлық тазарту, көркейту мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. 20 мыңға жуық тұрғын экоакцияға үн қосты. Қоғамдық орындар, секторларға бөлінген көшелер толығымен тазарып, 3 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Облысты жасыл желекке айналдыру бағытында 2021-2025 жылдарға арналған жоспар бекітілді. Бүгінде жоспар бойынша 150 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып, «Үздік ауылдар» анықталды. Туған жеріне ерекше ықыластық танытып, көркеюіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп келеді. Бұл іс-шарада күннің ыстығы мен суығында желдің өтінде тынбай еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек азаматтарына «Көкшетау», «Мерке», «Сарыағаш» және «Жаңақорған» емдік-сауықтыру шипажайларына 30 жолдама табысталды. Бұдан бөлек, акция нәтижесімен үздік атанған 7 ауылдық округке су сорғысы берілді.
Келесі жылдан бастап конкурс арқылы «Үздік аудан орталығы», «Үздік ауыл» және қала ішіндегі «Үздік шағын аудан» анықталып, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады.
«Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш «КамАЗ» және күл-қоқыс тасымалдаушы «МАЗ» автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілсе, ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор, ал ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек.
«Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады. І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал «ЗИЛ» автокөлігі, ІІ орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі.
«Үздік шағын аудан» номинациясы бойынша І орынға сквер, спорттық алаң мен жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңы салынса, ІІІ орынға абаттандыру жобалары сыйға берілмек.
Келесі жылы елді мекендерде тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен айналысатын арнайы мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындарды құрып, оларға облыстық бюджеттен материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті техникалар сатып алынатыны да айтылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!