Бүгін Шиелі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған экологиялық акция барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, халық қалаулылары, аудан ардагерлері, белсенді тұрғындар мен жастардан жалпы саны 200-ге жуық тұрғын қатысып даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев атындағы саябақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты. Саябақ аумағына ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл желекті көбейтуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 600 түп ағаш көшеті егілді.
Сондай-ақ, «Сазқұм» полигоны аумағында да сенбілік жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыстан тазарту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек, барлық ауылдық округте де тазалық іс-шаралары ұйымдастырылып, жалпы аудан бойынша сенбілікке 800-ге жуық тұрғын белсене қатысты.
Айта кетейік, өткен жылы Шиелі ауданы «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында «Үлгілі аудан» номинациясының жеңімпазы атанып, өңірдің тазалығы мен көркейту бағытындағы жұмыстары жоғары бағаланған болатын.
«Сыр бойының Швейцариясына» баланған Шиелі ауданында биыл 21 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда. Бұл бастама ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!