Былтырғы қазаннан қаңтар айына дейін Солтүстік Аралға 1 млрд текше метр су жіберілді. Ал наурыз айының соңына дейін тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі.
– Солтүстік Арал теңізін толтыру және оны қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. Өткен жылдың қазанынан бастап осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Аралға 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемнен 100 млн текше метрге артық, – деді ол ОКҚ алаңында.
Ресми өкіл ел арасындағы «Солтүстік Арал су тасқынынан не жаңбыр есебінен толып жатыр» деген пікірдің қате екенін атап өтті. Себебі еліміздің оңтүстік өңірінде айтарлықтай су тасқыны болмаған. Аралға су жіберу – су ресурстарын үнемдеудің және су дипломатиясының нақты нәтижесі.
«Орталық Азиядағы әріптестермен жасалған келісімдердің арқасында келе жатқан наурыз айының соңына дейін тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі. Қазір Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метр-ден асады. Өсу динамикасын салыстырар болсақ, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр болған. Осы жылдың соңына дейін теңіздегі су мөлшері 23,4 млрд текше метрге жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылдың соңына дейін су мөлшерін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр», – деді Мөлдір Әбдуалиева.
Айта кетейік, Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесінде теңіздегі су 42%-ға ұлғайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!