Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі ауданын абаттандыру ісі қарқынды

28.01.2026, 17:40 21

Шиелі ауданында жүргізіліп жатқан абаттандыру және көркейту жұмыстары туралы аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, соңғы кезеңде ауданның сәулеттік келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру және қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Аудан басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шиеліде бірқатар ауқымды жобалар іске асқанын атап өтті. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – елді мекендердің сыртқы келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Осы бағытта Халыққа қызмет көрсету орталығының алдындағы аумақ толықтай қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай абаттандырылған. Сондай-ақ Руханият орталығының маңынан жаңа субұрқақ орнатылып, ол аудан орталығындағы көрікті нысандардың біріне айналған.

Айтбай Жандарбековтің айтуынша, аудан көшелерінің эстетикалық келбетін жақсарту да басты назарда. Атап айтқанда, Дәулеткерей көшесінің бойы, Ы.Жақаев пен А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысы, «Шымкент – Самара» автомобиль жолы мен И.Әбдікәрімов көшесінің түйіскен тұстары қазіргі заманғы дизайн элементтерімен абаттандырылған. Бұл жұмыстар ауданға кіріп-шығатын негізгі бағыттардың көркін ашып, Шиелінің жаңарған келбетін айқындай түскен.

Сонымен қатар орталық аудандық аурухана аумағында тұрғындардың серуендеуіне және демалуына арналған «Денсаулық аллеясы» салынған. Аудан әкімі бұл аллея тек көріктендіру нысаны ғана емес, салауатты өмір салтын насихаттайтын қоғамдық кеңістік ретінде маңызды екенін атап өтті.

Брифинг барысында ауылдық елді мекендерді көркейту мәселесіне де тоқталды. Аудандық бюджеттен 55,7 млн теңге бөлініп, Бестам, Бидайкөл, Байсын, Жөлек және 1 Мамыр елді мекендеріне кіре берістерде сәндік «Арка» нысандары салынған. Бұл құрылыстар ауылдардың сыртқы бейнесін жақсартып қана қоймай, әр елді мекеннің өзіндік келбетін айқындауға мүмкіндік берген.

Бұдан бөлек, тарихи және рухани маңызы бар нысандарды сақтау мен жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйінің аумағында орналасқан, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың кесенесінің қоршаулары жаңартылып, ал Шиелі кентіндегі Ы.Жақаев паркі толықтай қайта жаңғыртудан өткен. Бұл жұмыстар ел тарихында ерекше орны бар тұлғаның мұрасын дәріптеуге және жастардың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған.

Аудан әкімі өз сөзінде абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын, басты мақсат – Шиеліні тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі тартымды мекенге айналдыру екенін атап өтті.

Сурет: Шиелі ауданы әкімдігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: