Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының маңында орман өртеніп, жалын 310 гектар жерді шарпыған. Өрт елді мекендерге жетіп, сол маңдағы 35 үй өртенген.
Өрттен 1948 жылы туған әйел қаза болғаны хабарланды. 1949 және1980 жылы туған екі ер адам ауруханаға жеткізілді.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндіруге 208 адам, 47 техника, екі тікұшақ жұмылдырылған. Жалын шарпыған жердің біразына 17 мың текше метр су шашылды.
– Өртті сөндіруге адам күші мен құрал-жабдық жетеді, – деп мәлімдеді департамент.
Өрт болған аумаққа үш автоцистерна мен 15 құтқарушы жіберілді.
Қала тұрғындары Telegram мессенджерінде «Риддер волонтерлері» чатын құрды. Қазір бұл чатқа 424 адам қосылған. Еріктілер жергілікті колледжде қажетті заттарды жинап жатыр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде билік «өрттен зардап шеккен Лесхоз ауылының тұрғындарына көмектесетінін, үйлерінен айырылғандарды баспанамен қамтамасыз ететінін» жазды. Оның сөзінше, Тоқаев жағдайды бақылауына алған.
Тергеу өрттің шығуына қасақана от қою немесе абайсызда өрттеп алу себептерін қарастырып жатыр.
Суретте: Риддердегі орман өрті шарпыған үй. 10 мамыр 2021 жыл.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!