Қоқыс – жаһандық проблема. Бұл мәселе еліміздің оңтүстік өңірлеріне де салмақ салып тұр. Мәселен, Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінен 4 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигоны 6 шақырымдай жерді алып жатыр. Қоқыс полигонында шектен тыс қалдықтар толып, қалған қоқыс өртеліп, ауаға тұман секілді таралып жатқанын жазып, дабыл қаққанбыз. Соның салдарынан Қызылорда қаласының 50 пайыздан астам тұрғыны қаншама жылдан бері улы түтіннен зардап шегіп келеді. Тұрғындар тарапынан хат жазылды. Арыз тасталды. Нәтижесіз. Қызылорда облыстық мәслихаты жанынан құрылған қоғамдық кеңестің кезекті отырысында да бұл өзекті мәселе талқыға түсті, сұрақтар қойылып, жауабы алынғандай болған еді. Бірақ айтылған сөз бен берілген уәденің арасы тым алшақтап кетті.
Жаңа полигон туралы да сөз қозғалған. Ол іске қосылса, бар мәселе шешілетіндей көргенбіз. Бірақ қайда? Оның артын сиырқұйымшақтатып жіберді. Біз де бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емеспіз. Ұрпақтың болашағы үшін алаңдадық.
Жаңа жылды артқа тастағанымызға үй айға қарады. Тағы тым-тырыс. Шыдамның шегі бар. Ендігі уақытта көз жұма қарайтын бұрынғы халық жоқ. Адамның төбесінен толқын секілді өтіп жатқан түтіннен арыла алмай, зығырданы қайнап отырғанда, сықиып киінген жауаптылардың сөзін белкөлдіктердің тыңдауға құлқы жоқ. Тек нәтиже мен сапалы жұмысты талап етеді.
«Жаңа полигон салынып болды ма екен? Неге үн-түнсіз қалды? Құрылысы бітсе жарияға жар салып жарнамалайтын еді! Соған қарағанда «баяғы жартас, сол жартас» болып тұр-ау?!» дейді жергілікті жұрт басшылықтан көңілі қалып. Расында, алғашында «жаңа қоқыс полигонының құрылысы бой көтерді, қаңқасы құрылып келеді» деп әлеуметтік желіні шулатқаны тағы бар.
Қытымыр қыстан аман шыққан тұрғындардың ендігі уайымы – көктемнен бастап қолқаны қабатын қоқыс түтіннің жайлап кетуі. Ескі полигон күн жылыған сәттен қайта әдетіне басқан секілді. Күн ұясына батқан сәттен түнгі қаланы қара түтін қаптап кететін әдетіне қайта басқандай. Құдды тұман басты дерсіз?! Тамақты қырып түсетін химиялық улы түтін кез келген тұрғын үшін зияны тиетіні сөзсіз. Ескі полигонның иісі мұрынды жаратын түтіні осылайша берекені кетіруде. «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесінің коқыс тиелген жүк көліктері мұнда тынымсыз жұмыс істейді. Күн сайын бірнеше рейс арқылы қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан қоқыс контейнерлерін босатып, шамамен 30-50 тонна қалдықты ескі полигонға әкеліп төгеді. Сұрыпталғаны кәдеге жараса, қалғаны Қызылорданы түнгі түтінмен көмуде.
Пластикалық бөтелке мен баклашкалар, пакеттер мен темір және мыс сынды қоқыстарды реттеп, іріктеп алған соң жарамсыз қалдықтар аспан астында қала бермек. Осылайша, қаншама шақырымды алып жатқан аймақтағы жарамсыз қалдықтар қаңғырған ит пен мысықтың, қарға мен құзғынның жемтігіне айналады.
Иә, наурыз айы келді. Әне-міне дегенше, наурыз айының да орта шегі келіп, келесі айға қадам баспақпыз. «Сәуір болмай, тәуір болмастың» кері келіп тұрған секілді. Қаншама айдан бері бос уәденің басын ұстап жүрген жауапты мекемелердің ендігі жауабы қандай болмақ? Осы тұрғыда Қызылорда облысының Табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысына жаңа полигонға байланысты сауал жолдадық.
Бұдан бұрын, 2019 жылдың тамызында Қызылорда облысының Табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хат жолдағанымызда, сауалымызға сәйкес, басқарманың бұрынғы басшысы А.Абдуалиевтен сұрыптау кешенінің өткен жылдың ІV тоқсанында толық іске қосылатынын білгенбіз. Бірақ іске қосылмады, айтылған сөз далаға кетті. Бұл жолғы сауалымызға аталған басқарма басшысының орынбасары Ж.Айтжанова: «Жекеше әріптес «Техоснастка Ремсервис» ЖШС Қызылорда қаласында қоқыс сұрыптау кешенінің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының салу және сыртқы инженерлік желілерді жүргізу бойынша жұмыстардың аяқталғандығын хабарлады. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 шақырым жерде орналасқан, аумағы 20 га жерді алып жатыр. Қазірде «Техоснастка Ремсервис» ЖШС тарапынан мемлекет меншігіне, яғни Қызылорда қаласы әкімдігіне өткізу жұмыстарын жүргізуде» деп, жауап қатыпты. Және қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау қуаттылығы 60 мың тонна және 40 адамды жұмыспен қамтылатынын айта кетті. Әзірге жоба бойынша!
Енді, рас болса, қала аумағынан шыққан қалдықтарды осы сұрыптау кешеніне әкелініп өңделеді. Жаңа техника, жаңа аппараттар. Заманауи қондырғылар. Барлығы бүгінгі қоғам талабына сай. Ескі полигон секілді жылдың қай мезгілінде келсеңіз де, бел жазбай қоқыс жинап жүрген жандарды көресіз. Керек десеңіз, бұл полигонда мектеп жасындағы балаларымен бірге отбасы болып жұмыс істейтіндер де бар. Қолқаны қабатын сасық иістен, тек бетперде жауып қана амалдайтын жандар осылайша таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейінгі уақытта қоқыстарды реттеп, жан бағуда. Тіпті арасында 15 жылдан бері қалдықты жинаумен күні өтіп, ғұмыры тек сасық қоқыстың ортасында өтіп жатқандары да бар екен. Бір сәтте бетпердесін шешпей, бет-аузын тұмшалап алған қоқыс жинаушылар аты-жөндерін айтпай, жүзін көрсетуге қарсылық білдірді. Алайда, жаңа кешен артық қызметкерлерді немесе қоқыс терушілерді қажет етпейді. Кешен тек арнайы мамандар мен жұмысшыларды жұмыспен қамтамасыз етпек.
Бүгінде Қазақстан аумағында 43 млрд тоннадан аса қоқыс жиналған деген дерек бар. Оның 100 млн-нан астамы тұрмыстық қалдықтар болса, 22 млрд тоннасы – өндірістік қоқыстар. Ал, жыл сайын 5 млн тоннадан астам қоқыс шығарылатын көрінеді. Әсем қала саналатын Алматының өзінде қалдық көлемі 1 жылда 1 млн тоннаға жуықтап қалса, Нұр-Сұлтан қаласында жылына 300 мың тоннаны құрап отыр. Оның тек 5 пайызы ғана кәдеге асса, қалғаны көмуге жіберіледі, болмаса ашық күйінде қалады.
Бүгінде Қызылорда қаласынан жылына белгіленген мөлшерден 3 есе көп қоқыс шығарылады. Соның салдарынан түтін де, сасық иіс те, керек десеңіз, аурудың түр-түрін де көріп келеміз. Ал, жаңа сұрыптау кешені осыған дайын ба? Оны да сұрап көрдік.
– Қызылорда қаласында қоқыс сұрыптау кешенінің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу және сыртқы инженерлік желілердегі жүргізу жобасына 05.10.2018 жылы №14-0163/18 мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сараптаманың оң қорытындысы бойынша полигонға жинақталатын қалдықтардың жылына 60 мың тоннасы халықтың өсу санына және жалпы жылдық мөлшерлемесіне сәйкес есептелген. Жоба әзірленер алдында қоғамдық тыңдау өткізілген. Және Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес қалдықтар басқару жүйесін дамытудың 3 нысаналы көрсеткіштері бар. Біріншісі – тұрмыстық қатты қалдықтардың түзілуіне байланысты оларды кәдеге жарату үлесі 40 пайыз, бұл 2030 жылға дейін жетуі тиіс, – дейді Табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айтжанова.
Әлемде экологиялық мәселе жыл өткен сайын өзекті болып келеді. Мұны жаһанда қалыптасқан жойқын жағдайлар мен есептік көрсеткіштерден аңғару қиын емес. Дүниежүзілік ғылыми қауымдастық өкілдері табиғат ана мен адамзат арасындағы қақтығыс ғаламшардағы тіршілік иесіне қауіп төндірудің шегіне жеткенін айтып, дабыл қағуда. Мәселен, жыл өткен сайын мұхитқа 820 млн мұнай қалдығы төгілсе, әлемдегі ең үлкен 5 қоқыс полигонының жалпы аумағы 1,6 млн шақырымға жеткен. Сонымен қатар, соңғы 40 жылда орманды алқаптар 50 пайызға дейін кішірейген. Сондықтан болашақтың қандай болары тікелей адам баласына байланысты болып отыр. Экологиялық апаттың осы кезден алдын алуда кешенді жұмыс жасау керектігі мазалайды.
Еліміз қоқыстан көз ашпайтын халге жеткендей. Соның алдын алуда заң да шықты. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және макулатура, картон, қағаз қалдықтарын полигондарда көмуге тыйым салынды. Алайда ол қаншалықты қадағаланып жатыр, бір жылдың ішінде заң бұзушылықтар болды ма, ол жағы тағы белгісіз. Биліктің түсінігіне салсақ, осы ретте өңірдің экологиялық және санитарлық ахуалы жақсарып, көмілетін қалдықтардың көлемі азайып, қоқыстарды өңдеу үлесі артып, жаңа жұмыс орындары пайда болады екен. Қандай логика десеңізші?! Шынын айтсақ, заңға сәйкес сақтауға арналған орындарда қоқыс қалдықтары тек 3 жыл ғана сақталуы тиіс. Сол белгіленген уақыт ішінде ол қайта өңделіп немесе көмілуі керек. Алайда адам ағзасын улап жатқан ескі полигонның көрінісіне қарап, қолға алғалы отырған кешеннің пайдалануға берілуі ащы ішектей созылғанына бас шайқап, жауапты адамдардың екі сөйлегеніне таңғалып, заң талаптарының орындалып жатқанына сену қиын. Ал, жергілікті тұрғындар «біздің жайымызға ешкім назар аудармаса, құнымыз көк тиын болғаныма?!» деп реніштерін білдіріп отыр.
Айдос МЫРЗАЛЫ,
«Ұстаз мәртебесі» газеті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!