Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарағанды шахтасындағы өрт: Үшінші жұмысшының денесі табылды

18.08.2023, 16:34 267

HALYQLINE.KZ 

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында үшінші жұмысшының денесі табылды, қалған екі жұмысшы іздестіріліп жатыр. Бұл жөнінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

– Қазір мәйітті тану жүріп жатыр. Марқұмның әріптестері, компанияның тұтас ұжымы мезгілсіз қаза болған әріптестерінің туыстары мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтады. «АрселорМиттал Теміртау» қаза болған шахтерлардың отбасына жан-жақты көмек (жерлеу шығынын жабу, қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасыларына біржолғы төлем, кәмелетке толмаған балаларына ай сайынғы сақтандыру төлем және тағы басқа ) көрсетеді, – деп жазылған компания хабарламасында.

Бір күн бұрын таңертең аталған шахтада өрт болып, жер астындағы 227 шахтердің 222-і жер үстіне шығарылған, қалған бесеуі іздестіріліп жатқаны хабарланған. Кейін бес адамның үшеуінің қаза болғаны белгілі болды. Кей ақпаратқа қарағанда, өрт әлі толық өшірілмеген.

Шахтаның иесі «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) мәліметінше, қаза болған бір жұмысшының аты-жөні Виталий Слюньков. 1965 жылы туған бесінші разрядтағы электрослесарьдың 39 жыл тәжірибесі болған. Қаза болған екі жұмысшының аты-жөні әзірге жарияланбады.

Өрттен кейін 8 адам ауруханаға жатқызылған. Екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала тексеріс бойынша, олардың шахта газынан қатты уланғаны анықталған, улы-гипоксикалық энцефалопатия, улану бронхиті диагнозы қойылған.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Қазір «Тау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу» бабы бойынша тергеу басталғаны, оқиға орнында Қарағанды облысының полициясы жүргені хабарланды.

  • «Қазақстан» шахтасы – Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі 8 шахтаның бірі. Онда көмір өндіріледі. Бұл 1957 жылы қазылған, 1969 жылы пайдалануға берілген елдегі ең ескі шахталардың бірі.
  • 2022 жылы 3 қарашада Шахтинскідегі АМТ компаниясының Ленин атындағы шахтасында метанның салдарынан жарылыс болып, бес адам қаза тапқан, төрт адам уланған. Бұл оқиға бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Зардап шеккен шахтерлердің жақынданы қауіпсіздікке жауаптылар жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Олардың алаңдауына негіз бар, себебі 2021 жылы Абайдағы АМТ шахтасындағы жарылысқа байланысты қозғалған іс тоқталыған еді. Абайдағы жарылыста адам шығыны болса да, ешкім жауапқа тартылған жоқ.
  • 2021 жылы Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің мамандары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданған. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен ғана шектелеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: