Халықтың күнделікті шаруашылығына қолданатын су жүйесі көктем келгеннен бастап ең түйткілді мәселелердің біріне айналады. Себебі, облысымызда өмірлік негізі бар, көпшіліктің сарыуайымына айналған Сыр өзенінің суы бірнеше жылдан бері тапшы болып келеді. Әйтсе де, «бұл ахуал биыл да қайталана ма әлде арнамыз суға толып, тасу қаупінің алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр ма?» деген сауалға бүрсігүні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары жауап берді.
Өңіріміздің аумақтық орналасу жағдайына байланысты Сырдария өзенінің тасу қаупі жоғары көрсеткішті көрсетіп тұрғаны белгілі болды. Сонымен қатар, облыста 56 су басу қатері анықталған аймақтың алдын алу мақсатында 398 арнайы техника мен 1367 адам күші бар 197 мекеме бекітілген. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 361 техникалық құрылғы мен 75 бірлік мотопомпа бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарына дайындық жүргізілуде.
– Қазіргі таңда Сырдария өзенінің беті толықтай мұздан тазарған. Өзен жауын-шашын мен қысқы қардың еруінен толған. «Шардара» су қоймасы арқылы Сырдария өзеніне жіберіліп жатқан су көлемі секундына 1000 текше метрді құрайды, оның 450 текше метрі «Көксарай» су реттегішімен алынуда. Бүгінгі күні аймағымызға секундына 650 текше метр су келуде. Соған сәйкес, облысымызда орналасқан магистралды каналдар мен көлдер жүйесі арқылы су алу іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қоса, су тасудың қауіпсіздігі үшін 2021-2022 жылдарында қысқы және көктемгі кезеңдегі Сырдария өзенінде үлкен көлемде суды кідіртпей өткізу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Осы орайда, су тасқынына қарсы 161,2 тонна жанармай, 118 700 дана қап және тағы да басқа материалдық техникалар қоры қалыптастырылды. Су қатері төнген жағдайда халықты орналастыру үшін 83 эвакуациялық жинақтау және 102 эвакуациялық қабылдау пункттері дайындалды. Сонымен бірге, су тасқынына қарсы іс-шараларға облыс бюджетінен 279 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде өңіріміздегі 21 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Су шаруашылығына байланысты жағдай тұрақталған және бақылауымызда болады, – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.
Былтырғы су тапшылығы елді алаңдатқаны тағы бар. Сол жағдай биыл да қайталана ма және судың деңгейі қандай? Осы сынды сұрақтар мамандарға ашық қойылды.
– Бүгінгі таңда толтырылып жатқан су уақытша деуге болады. Яғни, қазіргі өзендегі мол су наурызда жауған жауынның әсерінен толып отыр. Осы кезде егістік шаруашылығына су жіберу маусымы қолға алынып жатыр. Мамыр айынан бастап қыркүйекке дейін «Шардара» су қоймасына 2,3 млрд текше метр су келмейтін болса, «Көксарайға» 1,5 млрд текше метр су жиналмаса, өткен жылғыдай нағыз су тапшылығына айналады. Келіп жатқан суларды пайдаланып, ірілі-кіші көлдердің сыйымдылығына байланысты мөлшерде толтырып алу мәселесімен жұмыс істеп жатырмыз. Осыған байланысты, Сырдария өзеніндегі мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында каналдармен су алу кестесі әзірленді, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Брифинг барысында шетелден келетін су жүйесі туралы сөз қозғалды. Сырдариядағы су қорына әсер ететін шетелдік су қоймаларының деңгейіне байланысты мемлекетаралық келісім жасалған. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің берген ресми ауа райы болжамына байланысты Сырдария өзенінің шамасы шешілетін көрінеді. Себебі, Сырдарияға келіп құятын судың көлемі көршілес елдердегі әр таудың биіктігіне, жауған қар мен жаңбырдың өлшеміне тікелей қатысты болып саналады. Өйткені, жауын-шашынның болуы өзеннің толуына бірден-бір пайдасын тигізеді. Мемлекет тарапынан да каналдарды тазартуға, су тасқынынан сақтайтын су сорғыларды алуға арнайы қаржы бөлінуде. Осы су мәселесі барысында түрлі жобалар дайындалып, іске асырылу көзделген.
– «Шардара» су қоймасы жобалық деңгейге дейін су жинауға байланысты транзиттік режимге ауыстырылды. Судың үлкен көлемінің түсуі барысында Қызылорда облысының әкімдігі «Қазсушар» РМК филиалымен бірлесіп, жазғы кезеңдегі құрғақшылықтың алдын алу үшін Сырдария өзені бойынша көл және жайылымдық жерлерге сол суды бөлу кестесін әзірледі. Облыс аумағы бойынша каналдарға тазарту жұмыстары мен су тораптарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республика бойынша 9 су қоймасын салу көзделіп отыр. Соның ішінде облысымыздағы «Қараөзек» арнасының мәселесі де қарастырылуда, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев.
Иә, бірнеше жылды артқа тастап Сырдария өзенінің қайта тола бастағаны дүйім жұртшылықтың еңсесін көтере түсті. Алайда мамандар мол судың келуін уақытша жағдай деп отыр. Сыңғырлап аққан судың сарқылмауын, тартылмауын тілейтін көпшіліктің қуанышы ұзағынан болуын қалайтынымыз анық. «Ағын су арнасын табады» демекші, жағаға толған су – тіршілік көзінің қайнары болғай!
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!