Бүгін Арал ауданында «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын талқылау бойынша мәжіліс өтті. Оған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов және Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев, аталған министрліктің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы саласының басшылары, мамандары мен ардагерлер қатысты. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бахыт Жаханов аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып, жиынға төрағалық етті.
Өз сөзінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:
– Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр, – деді.
«Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының 3 негізгі компоненті бар. Соның 2-еуі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналған.
Екінші компоненттің бес бағыты – балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы. Оған 39 жоба енгізілген, 13-ін Халықаралық «Аралды құтқару қорының» атқарушы дирекциясы, 13-ін жергілікті әкімдіктер, 4 жобаны Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығының Арал филиалы, 3 жобаны Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 6 жобаны әртүрлі ұйым, жеке тұлғалар ұсынған.
Жобалар іске асқан жағдайда 1927 адам тұрақты жұмыспен қамтылуы жоспарланған.
Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды бастамалар төңірегінде сөз сабақтаған тиісті саланың мамандары қатарында Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков, министрліктің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы дирекциясының атқарушы директоры Серікәлі Мұхатаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаев, бұрынғы Қаз ССР-і балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысы және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов, Арал өңірінің тумасы, осы жобаға бастамшы болып жүрген жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетұлы бар.
Көптің тілегі бұл мәжілісте бір арнаға тоғысты. Ел күтетін нәтиже ең болмаса Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы жүзеге асса деген.
Кіші Аралға теңіз жағасында орналасқан әрбір аралдықтың тұрмыс-тіршілігі байланысқан, атакәсіптен ажырағысы жоқ ағайын әлі де теңіз тынысына дем берер жарқын бастамалардың жүзеге асуына мүдделі және соған үміт артып отыр.
Біртұтас шешім Кіші Арал толымды жүзеге асуы үшін қуаты арттырылатын «Көкарал» бөгетінің су деңгейін 46 метрден 50-51 метр биіктікке дейін көтерілсе деген байламды ойға топтасты.
Көші жылыстаған ІІ кезеңнің экономикалық тиімді тұстары талай жыл талқылаудан өтіп, салалық министрліктің бақылауында тұр. Десе де елдің тілегін ескеруді әркез дұрыс шешім деп қабылдайтын ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көптің қоштаған І деңгейлі бастамасы да жан-жақты талқылаудан өтіп, тиімділігі сала мамандарымен бірге сараланатынын жеткізді.
Жиын соңында өз ұсыныстарын ортаға салған теңіз жанашырлары Кіші Аралды сақтап қалу арқылы Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, шаруашылықтың тамырына қан жүгірту уақыт күттірмейтін мәселе екенін алға тартты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!