Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнайдың «ішкі резерві» неге ашылмай жатыр?

17.02.2026, 10:15 75

Қазақстанда мұнайдың жаңа көзін ашудан бұрын, бар кен орындарының өзінде жатқан «ішкі резервті» іске қосу тақырыбы Парламент мінберіне тағы көтерілді. Жыл басында «Ақ жол» фракциясының депутатттары Премьер министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, онда мұнай газ әлеуетін тиімді пайдалану, ұлттық мүддені қорғау және көмірсутек өндірудің технологиялық деңгейін арттыру мәселелері жүйелі түрде көтеріліп келе жатқанын айтты.

Депутаттар сауалда сондай ақ шетелдік инвесторлармен жасалған мұнай газ келісімшарттарының талаптарын қайта қарау, халықаралық даулар мен қаржылық шығындар кезінде мемлекеттің мүддесін қорғау қажеттігін де арнайы атап өткен.  Айтуларынша, үкімет қойылған мәселелер бойынша осы уақытқа дейін нақты жауап ұсынғанбаған.

Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Мәжілісмендер талқылаулар шеңберінен тыс қалып отырған тағы бір өте маңызды ішкі резерв бар екенін алға тартады Ол – мұнай алу коэффициентін (МАК) арттыру.  Неліктен МАК мәселесі «тек техникалық көрсеткіш» болып қала алмайды. Себебі коэффициент төмен болса, дәлелденген мұнай қорларының үлкен көлемі өндірілмей қалады, мұның соңы бюджеттік кірістердің төмендеуіне және саланың инвестициялық тартымдылығының азаюына алып келеді деген тұжырым бар.  Яғни әңгіме бір кен орнының немесе бір компанияның шаруасы емес, ұлттық экономиканың тынысына әсер ететін жүйелік көрсеткіш туралы болып отыр. 

Сауалда 2015 жылы Үкімет мұнай алу коэффициентін арттыруды саланың стратегиялық басымдығы ретінде айқындағаны жазылған. 

Сол кезеңде Премьер министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда мұнай алу коэффициенті шамамен 30 пайыз ғана екенін, ал әлемде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жететінін айтып, МАК кемінде 5–7 пайызға арттыру қажет екенін нақтылаған. Энергетика министрлігінің сол уақыттағы басшылығы да бұл мәселені үлкен экономикалық мүмкіндік ретінде бағалап, коэффициенттің небәрі 1 пайызға өсуі шамамен 150–160 млн тонна мұнайдың қосымша өндірілуін қамтамасыз ететінін, мұның ірі кен орнын ашумен тең екенін мәлімдегені көрсетілген.  Осыған байланысты министрлікке мұнай өндіруді арттыруға бағытталған озық технологияларды енгізу және ынталандыру бойынша жүйелі шаралар әзірлеу тапсырылғаны да сауалда бар. 

Алайда депутаттар арада он жыл уақыт өтсе де, аталған тапсырмаларды іске асыруға арналған кешенді мемлекеттік жоспардың жоқ екенін атап өтуге мәжбүр екенін ашық жазады. Олар мұны халықаралық тәжірибемен салыстырып көрсеткен. Ұсыныста әлемдік тәжірибеде мұнай алу коэффициентін 60–65 пайыз деңгейіне жеткізу міндеті қойылатынын, ал жекелеген кен орындарында бұл талап 70–75 пайызға дейін жететінін алға тартады. 

Депутаттар игерудің кейбір кен орындарындағы жағдай ерекше алаңдаушылық туғызатынын айтып, мысал ретінде Өзен кен орнын келтіреді. Сала мамандарының деректеріне сәйкес, парафин мөлшері жоғары 20–25 пайыз Өзен кен орнында қабат қысымын ұстап тұру үшін қабат суы мен Каспий теңізінің салқын теңіз суының тазартылмаған қоспасын айдау практикасы қолданылып жатқанын атап өтті.  Бұл тәсіл қабат флюидтерінің физика химиялық қасиеттеріне де, әлемдік мұнай газ тәжірибесіне де сәйкес келмейді деген баға сауалда нақты көрсетілген. 

Ал оған ықтимал салдары «бір нүктеден» басталып, тұтас тізбекке айналатыны да құжатта тарқатылады. Қабаттың кеуекті кеңістігі парафинмен бітелуі мүмкін, тұз шөгінділері түзіледі, биогендік ластану нәтижесінде күкіртсутек пайда болады, жабдықтар жедел коррозияға ұшырайды, нәтижесінде өнімді қабат деградацияланып, базалық өндіру көлемі тұрақты түрде төмендейді, бұрғылау тиімділігі азаяды, өндірудің өзіндік құны күрт қымбаттайды және металл жабдықтарының қызмет ету мерзімі 3–5 есеге қысқарады деген қауіптер толық беріледі. 

Мұның үстіне халықаралық тәжірибеде тазартылмаған теңіз суын пластқа айдау жол берілмейтін әдіс ретінде танылғаны да атап өтіледі. 

Депутаттар әлемдегі алдыңғы қатарлы мұнай газ компаниялары қабат қысымын формалды ұстап тұруға емес, мұнай алу коэффициентін барынша арттыруға бағытталған тұйық, заманауи циклді жүйелерді қолданатынын көрсетіп, мәселенің түпкі философиясын да айқындап береді.  Осы уәждерден кейін ұсыныс бөлімі де нақты талаптарға ұласады. «Ақ жол» фракциясы ұлттық бизнес пен отандық өндірушілердің партиясы ретінде мұнай алу коэффициентін арттыру жөнінде орта және ұзақ мерзімді, нақты мақсатты көрсеткіштері бар жүйелі мемлекеттік жоспарды әзірлеу және енгізу қажеттігін талап етеді.  Бірінші кезекте алдағы 5 жыл ішінде негізгі кен орындар бойынша МАК кемінде 5–10 пайызға арттыруды және ұзақ мерзімді перспективада халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізуді көздейтін нақты индикаторларды белгілеу ұсынылады. 

Одан кейін әлемдік тәжірибе мен отандық компаниялардың әлеуетін ескере отырып, стратегиялық маңызы бар кен орындарында мұнайды екінші және үшінші реттік өндіруді қоса алғанда, озық өндіру технологияларын енгізу қажет делінген.  Үшінші тармақ саясаттың құқықтық және экономикалық өлшеміне барып тіреледі, мұнай өндіру көлемін ұлғайту және ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында қолданыстағы мұнай газ келісімшарттарының талаптарын қайта қарау ұсынылады.  Төртінші тармақ бүгінгі техникалық қателіктің ертеңгі жоғалтатын ресурсына дейін есептелуі керектігін меңзейді, жер қабаттарының бітелуі салдарынан мұнай алу коэффициентінің нақты шығындарын бағалау ұсынылған. 

Жалпы Қазақстан үшін мұнайдың ішкі резерві деген ұғым жаңа кен ашумен ғана өлшенбейді, ол қолдағы кеннен көбірек мұнай алудың әділетті және тиімді жүйесін қалыптастырумен өлшенеді. Егер бұл бағытта индикатор, технология, келісімшарттық жауапкершілік және нақты шығынды есептеу қатар жүрмесе, дәлелденген қордың бір бөлігі өндірілмей қалып, бюджет пен саланың ұзақмерзімді тұрақтылығына салмақ түсіре береді деген уәжге ешкімнің таласы болмайтын шығар. Ақырын күтейік.

Фото: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: